Вопросы Министерства здравоохранения Республики Казахстан Күшін жойған

09.08.2026 жағдай бойынша қолданыста болған редакция: 27.10.2004. Бұл — корпустағы соңғы редакция.
Басқа 0
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мәселелерi 📌 Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2004.10.28. N 1117 қаулысымен. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Азаматтардың денсаулығын сақтау саласында мемлекеттiк басқаруды жетiлдiру туралы" 2001 жылғы 17 қазандағы N 705 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
Тармақ 1
1. Қоса берiлiп отырған:
Тармақша 1
1) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi туралы ереже;
Тармақша 2
2) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң қарауындағы ұйымдардың тiзбесi бекiтiлсiн.
Тармақ 2
2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрiне оның төрт, соның ішінде бір бірінші вице-министрi болуына рұқсат берiлсiн. <*> 📌 Ескерту. 1-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.02.03. N 123 қаулысымен. Ескерту. 2-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.06.19. N 577 қаулысымен .
Тармақ 3
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң штат санының лимитi 109 бiрлiк мөлшерiнде белгiленсiн.
Тармақ 4
4. 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мына ведомстволары: Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетi мен Фармация, фармацевтика және медицина өнеркәсiбi комитетi құрылсын.
Тармақ 5
5. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi заңнамада белгiленген тәртiппен:
Тармақша 1
1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң ведомстволары туралы ережелердiң жобаларын әзiрлесiн және Қазақстан Республикасының Yкiметiне енгiзсiн;
Тармақша 2
2) ережелер бекiтiлгеннен кейiн әдiлет органдарында ведомстволардың мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн;
Тармақша 3
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
Тармақ 6
6. "Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау агенттігінің мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1999 жылғы 3 желтоқсандағы N 1852 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1999 ж., N 53, 527-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Тармақ 7
7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Басқа 13. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi туралы ереже
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2001 жылғы 16 қарашадағы N 1465 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi туралы ереже
Тарау 1. 1. Жалпы ережелер
1. Жалпы ережелер
Тармақ 1
1. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi (бұдан әрi - Министрлiк) басшылық жасауды, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте арнайы атқарушылық, бақылау, қадағалау функцияларын және азаматтардың денсаулығын сақтау медицина ғылымы, медициналық және фармацевтикалық бiлiм бepу саласында салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады. Министрлiктiң мынадай ведомстволары болады: Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетi, Фармация, фармацевтика және медицина өнеркәсiбi комитетi. 📌 Ескерту. 1-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.11.07. N 1111 қаулысымен .
Тармақ 2
2. Министрлiк өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiнiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
Тармақ 3
3. Министрлiк мемлекеттiк мекеменiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы жазылған мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес банктерде шоттары болады. Министрлiк азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi. Министрлiктiң мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға, егер ол заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттi болса, құқығы бар.
Тармақ 4
4. Министрлiк Қазақстан Республикасының аумағында мiндеттi күшi бар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Министрдiң бұйрықтарымен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
Тармақ 5
5. Министрлiктiң штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
Тармақ 6
6. Министрлiктiң заңды мекен-жайы: 473000, Астана қаласы, Мәскеу көшесi, 66.
Тармақ 7
7. Министрлiктiң толық атауы - "Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi" мемлекеттік мекемесi.
Тармақ 8
8. Министрлiктiң құрылтай құжаты осы Ереже мен Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Азаматтардың денсаулығын сақтау саласында мемлекеттiк басқаруды жетiлдiру туралы" 2001 жылғы 17 қазандағы N 705 Жарлығы болып табылады.
Тармақ 9
9. Министрлiктiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. Министрлiкке өзiнiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау мәнiнде арналған кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады. Егер Министрлiкке заңнамалық кесiмдермен кiрiс әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлген болса, онда мұндай қызметтен алынған кiрiс республикалық бюджет кiрiсiне жiберiледi.
Тарау 2. 2. Министрлiктiң негiзгi мiндеттерi, функциялары мен құқықтары
2. Министрлiктiң негiзгi мiндеттерi, функциялары мен құқықтары
Тармақ 10
10. Министрлiктiң негiзгi мiндеттерi:
Тармақша 1
1) халықтың денсаулығын сақтау медицина ғылымы, медициналық және фармацевтикалық бiлiм бepу саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты жүргiзу;
Тармақша 2
2) азаматтардың заңнамаға сәйкес мемлекет кепiлдiк берген көлем шегiнде тегiн медициналық көмек алуын қамтамасыз етудi ұйымдастыру;
Тармақша 3
3) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастыру және олардың орындалуын бақылау;
Тармақша 4
4) халықты және емдеу-алдын алу ұйымдарын қауiпсiз, тиiмдi және сапалы дәрi-дәрмек құралдарымен қамтамасыз етудi ұйымдастыру;
Тармақша 5
5) денсаулық сақтауды, фармацевтика және медицина өнеркәсiбiн дамыту жөнiндегi іс-шараларды белгiлеу;
Тармақша 6
6) ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк ұйымдардың материалдық-техникалық базасын дамыту және оларды жарақтандыруды қамтамасыз ету;
Тармақша 7
7) Министрлiктiң құзыретi шегiнде халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру және дамыту болып табылады. 📌 Ескерту. 10-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.11.07. N 1111 қаулысымен .
Тармақ 11
11. Министрлiктiң заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асыратын функциялары мыналар болып табылады:
Тармақша 1
1) денсаулық сақтау саласындағы тұжырымдамаларды, денсаулық сақтауды медициналық және фармацевтикалық бiлiм берудi дамыту стратегияларын, мемлекеттiк және мақсатты бағдарламаларды, даму жоспарларын, әлеуметтiк-экономикалық және ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзiрлеу, өз құзыретi шегiнде оларды іске асыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыру және олардың орындалуын бақылау;
Тармақша 2
2) денсаулық сақтау медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру саласындағы жобаларды дайындауға қатысу және заңнамада белгiленген тәртiппен халықаралық шарттар мен келiсiмдердi жасасу;
Тармақша 3
3) республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi функцияларын атқару;
Тармақша 4
4) өз құзыретi шегiнде мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық, дәрi-дәрмектiк қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлеу және бекiту;
Тармақша 5
5) бюджеттiк болжамды әзiрлеуге және республиканың денсаулық сақтау саласын индикативтiк жоспарлауға қатысу;
Тармақша 6
6) тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiнiң тiзбесiн әзiрлеу;
Тармақша 6-1
6-1) медициналық және фармацевтикалық бiлiм берудi қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды, денсаулық сақтау ұйымдарының номенклатураларын, олардың қызметi туралы ереженi, дәрiгерлiк лауазымдар мен мамандықтардың номенклатураларын, құрылымдар мен үлгі штаттарды және штаттық нормативтердi, халыққа медициналық қызмет көрсетудің көлемi мен деңгейiнiң нормативтерiн, бастапқы медициналық-санитарлық, бiлiкті стационарлық, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмектің, қалыпқа келтiрiп емдеу мен медициналық оңалтудың түрлерi мен көлемiн, азаматтарға ақылы қызмет көрсету кезiнде медициналық есепке алу-есеп беру құжаттамаларын жүргiзудің нысандарын, сондай-ақ кеңейтудiң салалық жүйесiн әзiрлеу және бекiту;
Тармақша 6-2
6-2) санаторийлiк-курорттық емдеу, амбулаториялық-емханалық ұйымдардың санаттары, сондай-ақ медициналық көмек көрсету тәртібi мен азаматтарды дәрi-дәрмек құралдарымен қамтамасыз ету көрсетiлген аурулар мен денсаулықтың бұзылуларының тізбecін айқындау;
Тармақша 7
7) заңнамамен белгiленген жағдайларда ведомстволық бағыныстағы ұйымдар көрсететiн ақылы қызметтерге бағаларды бекiту;
Тармақша 8
8) медициналық ғылымның басым бағыттарын дамытуды қамтамасыз ету жолымен денсаулық сақтауды реформалау жөнiндегi шараларды жүзеге асыру және ғылыми зерттеулер мен талдамалардың нәтижелерiн емдеу-алдын алу ұйымдарының практикасына енгiзудi ұйымдастыру;
Тармақша 9
9) ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк ұйымдардың, сондай-ақ медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру ұйымдарының қызметiн үйлестiрудi және оларға басшылық жасауды жүзеге асыру;
Тармақша 10
10) денсаулық сақтау саласында жекешелендiру саясатын жүргізуге қатысу;
Тармақша 11
11) денсаулық сақтау объектiлерiн жекешелендiру мәселелерiн шешуге қатысу;
Тармақша 12
12) меншiк нысанына қарамастан жергiлiктi атқарушы органдар арқылы аумақтық денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының қызметiн үйлестiрудi және бақылауды жүзеге асыру;
Тармақша 13
13) өз құзыретiнiң мәселелерiндегi салааралық үйлестiрудi жүзеге асыру, сондай-ақ халықтың денсаулығын сақтау жөнiндегi мемлекеттiк, мақсатты және кешендi бағдарламаларды iске асыру жөнiнде қоғамдық ұйымдармен өзара іс-әрекет жасау;
Тармақша 14
14) төтенше жағдайлар кезiнде азаматтарға тегiн медициналық көмек көрсетудi ұйымдастыру және оларды дәрі-дәрмек құралдарымен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету;
Тармақша 15
15) өз құзыретi шегiнде медициналық сараптамалардың түрлерi жөнiндегi қызметтi ұйымдастыру және оған басшылық жасауды жүзеге асыру;
Тармақша 16
16) фармацевтика және медицина өнеркәсiбiн дамыту жөнiндегi шараларды жүзеге асыру;
Тармақша 17
17) азаматтардың денсаулығын сақтау саласында заңнаманы қолдану практикасын талдау және қорыту, оны жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу, азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерi жөнiндегi заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын дайындауға қатысу;
Тармақша 18
18) денсаулық сақтау саласына шетел несиелерi мен инвестицияларын тарту және пайдалану жөнiндегi ұсыныстарды енгiзу;
Тармақша 19
19) денсаулық сақтау кадрларын даярлауды және бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыру және жүргiзу;
Тармақша 19-1
19-1) бiлiктiлiк емтихандарын өткiзу тәртібін айқындау;
Тармақша 20
20) мынадай қызметтердi лицензиялауды жүзеге асыру: Алматы қаласының аумағында жүзеге асырылатын қызметтi қоспағанда, медициналық және дәрiгерлiк қызметтi; емдiк препараттарды дайындауға және сатуға байланысты қызметтi (жануарлардың, өсiмдiктер мен шөптердiң құрамында есiрткi құралдары мен психотроптық заттар жоқ емдiк өнiмдердi өсiруден, жинау мен сатудан басқа); Алматы қаласының аумағында жүзеге асырылатын қызметтi қоспағанда, дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау құралдары мен препараттарын дайындауға, өндiруге, қайта өңдеуге және көтерме саудада сатуға байланысты қызметті, сондай-ақ оларды пайдалануға байланысты жұмыстар мен қызмет көрсетулердiң түрлерiн; денсаулық сақтау жүйесiндегi есiрткi құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызметтiң түрлерiн: тасымалдауды, сатып алуды, сақтауды, бөлудi, сатуды, пайдалануды, жоюды;
Тармақша 21
21) дәрі-дәрмек құралдарын әкелуге және әкетуге келiсудi жүзеге асыру;
Тармақша 22
22) өтiнiш иесiнiң бiлiктiлiк деңгейiнiң лицензия алуға сәйкестiгiне сараптамалық бағалау жүргiзуге заңды және жеке тұлғаларды тiркеудiң тәртiбiн белгiлеу және жүзеге асыру;
Тармақша 23
23) медицина ғылымының дамуын қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметтi үйлестiру;
Тармақша 24
24) медицина және фармацевтика кадрларын даярлау сапасын бақылауды жүзеге асыруға қатысу;
Тармақша 24-1
24-1) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды сақтауды және денсаулық сақтау ұйымдарында стационарлық емдеуде болған науқастарды дәрiлiк қамтамасыз етудi бақылауды жүзеге асыру;
Тармақша 24-2
24-2) мемлекеттiк денсаулық сақтау басқармасының жергiлiктi органдары басшылары мен мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының кәсiптiк құзыреттілiгіне аттестаттау жүргiзу;
Тармақша 25
25) медицина және фармацевтика қызметкерлерiне бiлiктiлiк санаттарын беру;
Тармақша 26
26) Қазақстан Республикасының аумағында санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң жұмысына басшылық жасауды жүзеге асыру;
Тармақша 27
27) жұқпалы ауруларға қарсы халықты алдын алу егулерiн ұйымдастыру;
Тармақша 28
28) Қазақстан Республикасының аумағын аса қауiптi және карантиндi жұқпалы аурулардың әкелiнуiнен және таралуынан сақтауды ұйымдастыру;
Тармақша 29
29) Қазақстан Республикасының ведомстволық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау объектiлерiнде мемлекеттiк органдармен санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету жөнiнде өзара iс-қимыл жасау, өз өкiлеттiктерi шегiнде санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтердi бекiту;
Тармақша 30
30) Мемлекеттiк фармокопея мен Дәрiлiк құралдардың мемлекеттiк тiзiлiмiн, медициналық мақсаттағы дәрi-дәрмек құралдары, бұйымдар мен техника жөнiндегi нормативтiк-техникалық құжаттаманы бекiту;
Тармақша 31
31) медициналық практикада дәрi-дәрмек құралдарын қолдануға рұқсаттарды берудi және тiркеудi жүзеге асыру, дәрi-дәрмек құралдарының жарнамасына рұқсаттарды беру;
Тармақша 32
32) медициналық жабдықтардың, медициналық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдарды өндiру мен олардың сапасын, сондай-ақ дәрi-дәрмек құралдары айналымы саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
Тармақша 33
33) амбулаториялық емдеу кезiнде оларға дәрі-дәрмек құралдары, мамандандырылған емдеу тағамдары рецепт бойынша тегiн немесе жеңiлдiктi шартпен берiлетiн негiзгi (өмiрлiк маңызды) дәрі-дәрмек құралдарының тiзiмiн, аурулардың түрлерi мен халықтың жекелеген санаттарының тiзбесiн бекiту;
Тармақша 34
34) халық денсаулығының жай-күйiне талдау жасау, медициналық-статистикалық ақпаратты әзiрлеу және ұйымдастыру, медициналық құжаттаманы есепке алу-есеп берудi жетiлдiру жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында мемлекеттiк статистикалық есепке алу мен есеп берудi жүргiзудi қамтамасыз ету;
Тармақша 34-1
34-1) денсаулық сақтау саласында, оның iшiнде дәрі-дәрмек құралдарын басқару жөнiндегi республикалық ақпараттық және коммуникациялық жүйелердi құруды және олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;
Тармақша 35
35) өз құзыретi шегiнде басқа мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың медициналық ұйымдарының қызметiн үйлестiрудi жүзеге асыру;
Тармақша 36
36) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарды орындау жөнiнде өз қызметi аясында халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау және ынтымақтастықта болу;
Тармақша 37
37) заңнамамен өзiне жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асыру. 📌 Ескерту. 11-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.11.07. N 1111 қаулысымен .
Тармақ 12
12. Өзiнiң негiзгi мiндеттерiн іске асыру және функцияларын жүзеге асыру мақсатында Министрлiктiң өз құзыретi шегiнде заңнамада белгiленген тәртiппен мынадай құқықтары бар:
Тармақша 1
1) медициналық қызметтер көрсетудiң, дәрi-дәрмек құралдарының қауiпсiздiгiне, тиiмдiлiгi мен сапасына, фармацевтикалық қызметке мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру әрi медициналық қызметтер көрсету, дәрi-дәрмек құралдарының айналымы бойынша заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi бұзғаны үшiн заңды және жеке тұлғаларды жауапкершiлiкке тарту жөнiнде тиiстi органдарға ұсыныстар енгiзу;
Тармақша 2
2) мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғандығы үшiн әкiмшiлiк ықпал ету шараларын қолдану;
Тармақша 3
3) ведомстволық бағыныстағы ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату жөнiнде ұсыныстар енгiзу, олардың жарғыларын бекiту;
Тармақша 4
4) халыққа медициналық көмек көрсетуге мемлекеттік тапсырысты орналастыруды, сондай-ақ денсаулық сақтау кадрларын даярлауды, бiлiктiлiктерiн арттыруды, жоғары оқу орнын бiтiргеннен кейiн кәсiби бiлiм берудi жүзеге асыру;
Тармақша 4-1
4-1) медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру саласында қызметпен айналысуға арналған лицензиялауға қорытынды ұсыну және қатысу, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарын аккредитациялауды жүргiзу;
Тармақша 5
5) денсаулық сақтау кадрларын даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiктерiн арттыру жөнiндегi республикалық оқу-әдiстемелiк бiрлестiктi құру;
Тармақша 6
6) ведомстволық бағыныстағы денсаулық сақтау ұйымдарының бюджет қаражатын пайдалануын тексерудi жүзеге асыру;
Тармақша 7
7) өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдардан, өзге де ұйымдар мен лауазымды адамдардан ақпарат сұрату және алу;
Тармақша 8
8) мемлекеттiк және өзге де бағдарламаларды iске асыру мәселелерiнде қоғамдық ұйымдармен өзара iс-қимылды, салааралық және аймақаралық үйлестiрудi жүзеге асыру;
Тармақша 9
9) азаматтардың денсаулығын қорғау iсiне және денсаулық сақтауды дамытуға айрықша үлес қосқан медицина қызметкерлерiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен марапаттауға ұсыну;
Тармақша 10
10) Министрлiктiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар мен халықаралық симпозиумдар өткiзу;
Тармақша 11
11) Министрлiктiң құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша нормативтiк құқықтық кесiмдер қабылдау;
Тармақша 12
12) денсаулық сақтау саласында ғылыми зерттеулердi үйлестiру мақсатында медицина ғылымы саласындағы жетекшi ғалымдар мен мамандардан тұратын консультациялық-кеңесшi орган - Денсаулық сақтау проблемалары жөнiндегi ғылыми кеңес құруға;
Тармақша 13
13) азаматтардың денсаулығын сақтау iсiне сiңiрген айрықша еңбегi үшiн медицина қызметкерлерiн Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Құрмет грамотасымен марапаттау;
Тармақша 14
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру. 📌 Ескерту. 12-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.11.07. N 1111 қаулысымен .
Тарау 3. 3. Министрлiктiң мүлкi
3. Министрлiктiң мүлкi
Тармақ 13
13. Министрлiктiң оралымды басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
Тармақ 14
14. Министрлiкке бекiтiлiп берiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
Тармақ 15
15. Министрлiктiң өзiне бекiтiлген мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе өзге де тәсiлмен билiк жасауға құқығы жоқ. Министрлiкке заңнамада белгiленген жағдайлар мен шектерде мүлiкке билiк ету құқығы берiлуi мүмкiн.
Тарау 4. 4. Министрлiк қызметiн ұйымдастыру
4. Министрлiк қызметiн ұйымдастыру
Тармақ 16
16. Министрлiктi Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Министр басқарады. Министрдiң Қазақстан Республикасының Yкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары - вице-министрлерi болады, бұлардың арасында мiндеттердi бөлуге сәйкес олардың бiрi қызметi бойынша Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерi болады.
Тармақ 17
17. Министр Министрлiктiң жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, министрлiкке жүктелген мiндеттердiң орындалуы әрi өз функцияларының жүзеге асырылуы үшiн дербес жауапты болады.
Тармақ 18
18. Осы мақсаттарда Министр:
Тармақша 1
1) Министрлiктiң құрылымын бекiтедi, сондай-ақ вице-министрлердiң, Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерiн және өкiлеттiктерi шеңберiн белгiлейдi;
Тармақша 2
2) Министрлiктiң қызметкерлерi мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдар басшыларын қызметке тағайындайды және қызметiнен босатады;
Тармақша 3
3) заңнамада белгiленген тәртiппен Министрлiктiң қызметкерлерiн ынталандыру, материалдық көмек көрсету және тәртiптiк шаралар қолдану мәселелерiн шешедi;
Тармақша 4
4) қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен барлық өзара қатынаста Министрлiктi бiлдiредi;
Тармақша 5
5) бұйрықтарға қол қояды;
Тармақша 6
6) Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
Тармақша 7
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
Тармақ 19
19. Министрлiкте консультациялық-кеңесшi орган - алқа құрылады, оның сан және дербес құрамын Министр бекiтедi. Алқа шешiмдерi қаулымен ресiмделедi және Министрдiң бұйрықтарымен iске асырылуы мүмкiн.
Тарау 5. 5. Министрлiктi қайта ұйымдастыру және тарату
5. Министрлiктi қайта ұйымдастыру және тарату
Тармақ 20
20. Министрлiктi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқа 111. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң қарауындағы ұйымдар ТIЗБЕСI
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2001 жылғы 16 қарашадағы N 1465 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң қарауындағы ұйымдар ТIЗБЕСI 1. Мемлекеттiк мекемелер
Тармақ 1
1.
Тармақ 2
2. Арал теңiзi обаға қарсы күрес станциясы
Тармақ 3
3. Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясы
Тармақ 4
4. Атырау обаға қарсы күрес станциясы
Тармақ 5
5.
Тармақ 6
6. Қазақ республикалық лепрозорийi
Тармақ 7
7. Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы
Тармақ 8
8. Маңғыстау обаға қарсы күрес станциясы
Тармақ 9
9. Қазақстан Республикасының туберкулез проблемалары ұлттық орталығы
Тармақ 10
10. Отан соғысының мүгедектерiне арналған республикалық клиникалық госпиталь
Тармақ 11
11. "Балбұлақ" республикалық балаларды оңалту орталығы
Тармақ 12
12. Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы
Тармақ 13
13. Республикалық жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық аурухана
Тармақ 14
14. ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi республикалық орталық
Тармақ 15
15. Қазақ республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясы
Тармақ 16
16. "Бурабай" республикалық балалар-жасөспiрiмдер туберкулез санаторийi
Тармақ 17
17. Республикалық ғылыми-медициналық кiтапхана 18 "Бурабай" республикалық туберкулез санаторийi
Тармақ 19
19. Республикалық арнаулы медициналық қамтамасыз ету орталығы
Тармақ 20
20.
Тармақ 21
21. Талдықорған обаға қарсы күрес станциясы
Тармақ 22
22. Орал обаға қарсы күрес станциясы
Тармақ 23
23. Апаттар медицинасы орталығы
Тармақ 24
24. Сот медицинасы орталығы
Тармақ 25
25.
Тармақ 26
26. Шымкент обаға қарсы күрес станциясы
Тармақ 26-1
26-1. Шалқар обаға қарсы күрес станциясы
Тармақ 26-2. 2. Мемлекеттiк кәсiпорындар
26-2. Жамбыл обаға қарсы күрес станциясы 2. Мемлекеттiк кәсiпорындар
Тармақ 27
27. Алматы мемлекеттiк дәрiгерлер бiлiмiн жетiлдiру институты
Тармақ 28
28. Қазақ мемлекеттiк медицина академиясы
Тармақ 29
29. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттiк медицина академиясы
Тармақ 30
30. (Алып тасталды - ҚРҮ-нің 2002.01.10. N 20 қаулысымен. )
Тармақ 31
31. Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты
Тармақ 32
32. "Құрмет белгiсi" ордендi Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты
Тармақ 33
33. Кардиология және ішкi аурулар ғылыми-зерттеу институты
Тармақ 34
34. Масғұт Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндiк және зооноздық жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы
Тармақ 35
35. С.Ж. Аспендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетi
Тармақ 36
36. Қарағанды мемлекеттiк медицина академиясы
Тармақ 37
37. Республикалық клиникалық психиатриялық аурухана жанындағы емдеу-өндiрiстiк шеберханасы
Тармақ 38
38. Республикалық қатаң бақылаудағы психиатриялық аурухана жанындағы емдеу-еңбек шеберханасы
Тармақ 39
39. С.Х. Сұбханбердин атындағы Қазақстан медицинасы мен денсаулық сақтау тарихы мұражайы
Тармақ 40
40. А.Н. Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми орталығы
Тармақ 41
41. Академик Б.О. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы
Тармақ 42
42. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы
Тармақ 43
43. Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы
Тармақ 44
44. Денсаулық сақтаудың медициналық және экономикалық проблемалары ғылыми орталығы
Тармақ 45
45. Салауатты өмiр салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы
Тармақ 46
46. Терi-венерология ғылыми-зерттеу институты
Тармақ 47
47. Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты
Тармақ 48
48. Ана мен бала денсаулығын сақтау республикалық ғылыми-зерттеу орталығы
Тармақ 49
49. Республикалық қан орталығы
Тармақ 50
50. "Стоматология" республикалық ғылыми-клиникалық орталығы
Тармақ 51
51. Республикалық орта медицина және фармацевтика қызметкерлерiн даярлау және қайта даярлау жөнiндегi колледж
Тармақ 52
52. "Ақсай" республикалық балалар клиникалық ауруханасы
Тармақ 53
53. "Алатау" балалар клиникалық санаторийi
Тармақ 54
54. Республикалық консультативтiк орталығы
Тармақ 55
55. Республикалық оқу-әдiстеме орталығы
Тармақ 56
56. Семей мемлекеттiк медицина академиясы
Тармақ 57
57. Дәрiлiк құралдарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы.
Тармақ 58
58. Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебi
Тармақ 59
59. Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк медицина академиясы
Тармақ 60
60. Медициналық қызметтiң сапасын талдау және бағалау ұлттық орталығы.
Тармақ 61
61. Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтiк проблемалары республикалық ғылыми-практикалық орталығы
Тармақ 62
62. Республикалық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты
Тармақ 63
63. Республикалық дәрi-дәрмек құралдарын сараптау және стандарттау жөнiндегi базалық зертхана
Тармақ 64
64. Ұлттық ғылыми медициналық орталық
Тармақ 65
65. Еңбек гигиенасы мен кәсiби аурулар ұлттық орталығы
Тармақ 66
66. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің шаруашылық басқармасы 📌 Ескерту. 1, 5, 20, 25-жолдар алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2002.01.10. N 21 қаулысымен. Ескерту. 26-1, 26-2-жолдармен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2002.03.28. N 366 қаулысымен. Ескерту. 66-жолмен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2002.05.07. N 500 қаулысымен. Ескерту. 12-жол жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2002.05.22. N 553 қаулысымен. Ескерту. 13-жол жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2002.07.17. N 795 қаулысымен. Ескерту. 57-жол жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2002.10.02. N 1081 қаулысымен . Ескерту. 28-жол жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003.03.14. N 249 қаулысымен. Ескерту. 60-жол жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003.05.20. N 463 қаулысымен. ЕСКЕРТУ. 64-жол жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003.09.29. N 989 қаулысымен . Бұл өзгеріс 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.