Мазмұнға өту
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

17-2-бап. Банктің жарияланған акцияларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің сатып алу ерекшеліктері

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444

1. Осы Заңның 17-бабы 4-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі банктің жарияланған акцияларын Үкімет не ұлттық басқарушы холдинг сатып алатын акцияларды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің не ұлттық басқарушы холдингтің орналастырылған акциялардың жалпы санының он пайызынан кем емес мөлшерде сатып алу мүмкіндігін қарайды. Уәкілетті органның Қазақстан Республикасы Үкіметінің не ұлттық басқарушы холдингтің банктің жарияланған акцияларын орналастырылған акциялардың жалпы санының он пайызынан кем емес мөлшерде сатып алу мүмкіндігі туралы ұсынысы қаралғаннан кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі банктің акцияларын сатып алу не сатып алудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Банк акцияларына мемлекеттік меншік құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік органға тіркеледі.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің банк акцияларын сатып алу туралы шешімі мыналарды: банктің жарияланған орналастырылмаған немесе сатып алынған акциялары болмаған жағдайда не олардың саны жеткіліксіз болғанда, банктің жарияланған акцияларының жалпы саны соншама ұлғайтылатын акциялар санын; мәжбүрлеп орналастырылатын (өткізілетін) акциялардың орналастыру (өткізу) бағасын және санын қамтуға тиіс.
3. Мәжбүрлеп орналастырылатын (өткізілетін) акциялардың орналастыру (өткізу) бағасы және саны ұлттық басқарушы холдингтің не Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік органның келісімі бойынша уәкілетті органның қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен, акцияларды орналастыру (өткізу) туралы шешім қабылданған күні қалыптасқан нарықтық баға бойынша айқындалады. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік органның не ұлттық басқарушы холдингтің бастамасы бойынша акцияларды орналастыру бағасын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалаушы айқындауы мүмкін. Акцияларды орналастыру бағасын бағалаушы айқындаған жағдайда бағалаумен байланысты шығындарды банк көтереді.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі банктің жарияланған акцияларын сатып алу және оларды ұлғайту туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістер енгізеді;
2) проспектіге өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады;
3) банкке акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті жібереді және орталық депозитарийді жарияланған акциялар санының ұлғайтылғаны жөнінде хабардар етеді. Банк акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті алған күннен кейін күнтізбелік бес күн ішінде акцияларды мемлекеттік тіркеу туралы бұрын берілген куәліктің түпнұсқасын қайтаруға міндетті.
5. Банк акцияларын сатып алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік орган не ұлттық басқарушы холдинг құрамның отыз пайызынан аспайтын санда банктің атқарушы органының және (немесе) басқару органының мүшелерін тағайындайды, олар мемлекеттің немесе ұлттық басқарушы холдингтің мүдделерін білдіретін өкілдер болып табылады. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік орган не ұлттық басқарушы холдинг банктің лауазымды адамдарын немесе қызметкерлерін ауыстыру, банк активтерін оңтайландыру, жарғылық капиталды ұлғайту туралы мәселелерді және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен өзге де мәселелерді қарау үшін банк акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысын шақырады.
5-1. Қазақстан Республикасының Үкiметi не ұлттық басқарушы холдинг банктің жарияланған акцияларын сатып алған кезден бастап осы банктің еншілес ұйымдарына қатысты шешімдерді банктің директорлар кеңесі қабылдайды.
6. Банктің пруденциалдық нормативтерді және (немесе) сақталуға міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді орындауына алып келген, оның қаржылық жай-күйі жақсарған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі банктің осы бапқа сәйкес сатып алынған акцияларын тікелей атаулы сату жолымен не қор биржасында сауда-саттық жолымен өткізу жөнінде шаралар қолданады. Банктің осы бапқа сәйкес сатып алынған акцияларын өткізу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
7. Банктің жарияланған акцияларының санын ұлғайту, банктің жарияланған акцияларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің не ұлттық басқарушы холдингтің сатып алуы, сондай-ақ осы баптың негізінде банктің атқарушы органының және (немесе) басқару органының мүшелерін тағайындау банк органдарының шешім қабылдауынсыз жүзеге асырылады. Акционерлердің банктің осы баптың 1-тармағына сәйкес орналастырылатын (өткізілетін) жарияланған акциялары бойынша басымдықпен сатып алу құқығы жоқ. Ескерту. 17-2-баппен толықтырылды - ҚР 2008.10.23 № 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 8-тармағы 1) тармақшасының бесінші абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) заңдарымен.