34-бап. Банктік қарыз операциясы
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444
1. Банкпен, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен жасалған банк қарызы, лизинг, факторинг, форфейтинг операцияларын жүзеге асыру, вексельдердi есепке алу, кепiлдiктер, кепiлдемелер, аккредитивтер шығару шарттары туралы ақпарат Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасында айқындалған шарттарда мемлекет қатысатын кредиттік бюроға міндетті түрде беруге жатады.
2. Банктік қарыз шартын жасасу тәртібі, оның ішінде банктік қарыз шартының мазмұнына, ресімделуіне, міндетті талаптарына қойылатын талаптар, қарызды өтеу графигінің нысандары және қарыз алушыға-жеке тұлғаға арналған жадынамалар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген талаптар ескеріле отырып, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
2-1.
Алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа
енгізіледі) Заңымен.
3. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз шартының талаптарын, қарыз алушы үшін оларды жақсарту талаптарын қоспағанда, біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы емес.
Осы тармақтың мақсаттарында қарыз алушы үшін банктік қарыз шартының талаптарын жақсарту деп:
банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты көрсетілетін қызметтер үшін комиссияларды және өзге де төлемдерді азайту жағына қарай өзгерту немесе толық күшін жою;
тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) азайту жағына қарай өзгерту немесе толық күшін жою;
банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;
банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, оның ішінде мерзімді әскери қызмет өткеру мерзімін және ол аяқталғаннан кейінгі 60 күнді қамтитын кезеңге кейінге қалдыру және (немесе) ұзарту;
қарыздың шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына ауыстырған кезде шетел валютасымен берілген ипотекалық қарыз бойынша ақшалай міндеттемені азайту жағына қарай өзгерту түсініледі.
Банктік қарыз шартында қарыз алушы үшін жақсарту талаптарының қосымша тізбесі көзделуі мүмкін.
Осы тармақтың екінші бөлігінің алтыншы абзацында көзделген жағдайды қоспағанда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жақсарту талаптарын қолданған жағдайда, қарыз алушы банктік қарыз шартында көзделген тәртіппен, сондай-ақ «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген сәйкестендіру құралдарын қолдану арқылы банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қарыз алушы-жеке тұлғаны сәйкестендіруді жүзеге асыру мүмкіндігін беретін ақпараттандыру объектілері (бұдан әрі – ақпараттандыру объектілері) арқылы банктік қарыз шарты талаптарының өзгергені жөнінде хабардар етіледі.
Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қарыз бойынша ай сайынғы төлемдерді ұлғайтпай, банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды және (немесе) бөліп төлеуді ұсынуы қарыз алушының келісімі болған кезде жүзеге асырылады.
Қарыз алушы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде банктік қарыз шартында көзделген тәртіппен, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қолданған жақсарту талаптарынан бас тартуға құқылы.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру мақсатында осы тармақтың екінші бөлігінің алтыншы абзацында көзделген жақсарту талабын қолданған жағдайда, мұндай талап туралы хабарландыру жарияланады. Хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады. Хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушыдан және (немесе) кепіл берушіден жазбаша қарсылықтың болмауы қарыз алушының және (немесе) кепіл берушінің осы тармақтың екінші бөлігінің алтыншы абзацында көзделген жақсарту талабын қолдануға келісуі ретінде қаралады.
3-1. Алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3-2. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз шарты бойынша уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қарыз бойынша сыйақыны есепке жазбай, мерзiмдi әскери қызметтегі әскери қызметшiлерге мерзімді әскери қызмет өткеру мерзімін және ол аяқталғаннан кейінгі 60 күнді қамтитын кезеңге негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыруды ұсынуға міндетті.
Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың болуы не болмауы, ол бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтерді алмасу Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен келісу бойынша уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік органдардың және
кредиттік бюролардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларда дербес деректерді жинау, өңдеу және пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3-3. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз беру туралы шешім қабылдағанға дейін алған, мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшінің кредиттік есебінде оны мерзімді әскери қызметке шақыру туралы ақпарат болған кезде банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның осындай әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында мерзімді әскери қызмет өткеруі кезеңінде банктік қарыздар беруіне тыйым салынады.
Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару туралы мәліметтер алмасу Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен келісу бойынша уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларда дербес деректерді жинау, өңдеу және пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз беру туралы шешім қабылдағанға дейін алған, мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшінің кредиттік есебінде оны мерзімді әскери қызметке шақыру туралы ақпарат болған кезде банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осындай әскери қызметшіге банктік қарыз берген жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым мұндай банктік қарыз бойынша міндеттемелердің орындалуын талап етуге құқылы емес және мұндай банктік қарыз беру фактісі анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, осы баптың 5-2-тармағының тоғызыншы бөлігінде көзделген шараларды қабылдайды.
4. Кез келген валютаның баламасына таңылып, теңгемен берілген банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені және төлемдерді индекстеуге жол берілмейді. Бұл шектеулер банктердің арасында жасалатын шарттарға қолданылмайды.
5. Тізбесін уәкілетті орган белгілейтін оффшорлық аймақтарда тіркелген тұлғаларға банктік қарыздар беруге тыйым салынады.
5-1. Жеке тұлға банктік қарыздар алудан ерікті түрде бас тартуын кредиттік бюрода, «электрондық үкімет» веб-порталы не банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның «электрондық үкімет» шлюзінде орналастырылған сервистермен интеграцияланған ақпараттандыру объектілері арқылы тегін белгілеуге не оны алып тастауға құқылы.
5-2. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз беру туралы шешім қабылданғанға дейін алған жеке тұлғаның кредиттік есебінде оның банктік қарыз алудан ерікті түрде бас тартуын белгілегені туралы ақпарат болған кезде банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның оған банктік қарыздар беруіне тыйым салынады.
Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның алу тәртібі және келісу қажет болатын тұтынушылық банктік қарыздың ең төмен мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын, тіркелуге жататын мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыздарды жеке тұлғаға жұбайының (зайыбының) келісімінсіз беруіне тыйым салынады.
Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның бұрын алынған банктік қарыздар және (немесе) микрокредиттер туралы ақпарат кредиттік есебінде жоқ жеке тұлғамен мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шартын банкте, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда өзінің қатысуынсыз жасасуына тыйым салынады. Жасасу үшін жеке тұлғаның өзінің қатысуы қажет болатын тұтынушылық банктік қарыз шарты бойынша банктік қарыздың ең төмен мөлшері уәкілетті органның осы баптың 2-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым уәкілетті органның осы баптың 2-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда және тәртіппен жеке тұлғамен мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шартын осындай шарт жасасуға оның келісімін алғаннан кейін ғана жасасады. Көрсетілген шарт Интернет арқылы жасалған жағдайда, оны жасауға келісім кредиттік бюрода, «электрондық үкімет» веб-порталында не банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның «электрондық үкімет» шлюзінде орналастырылған сервистермен интеграцияланған ақпараттандыру объектілері арқылы ресімделеді.
Осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген талап банктік қарыз шартын жасасу, сондай-ақ тұтынушылық банктік қарыз сомасын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатушының (өнім берушінің) банктік шотына қарыз алушы (сатып алушы) алғанын растайтын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мақсаттарына беру жағдайларына қолданылмайды.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым Интернет арқылы жасалған, мөлшері уәкілетті органның осы баптың 2-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалған ең төмен мөлшерден асатын банктік қарыз шарты негізінде мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз бойынша қарыз алушыға ақша беруді мынадай талаптарды сақтай отырып:
1) шартқа қол қойылған не банктік қарыз сомасы ұлғайтылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кейін;
2) қарыз алушы осы бөліктің 1) тармақшасында көрсетілген мерзім өткеннен кейін уәкілетті органның осы баптың 2-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде көзделген талаптарға сәйкес ресімделген тұтынушылық банктік қарызды алуға келісім бергеннен кейін жүзеге асырады.
Қарыз алушыға мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген, сомасы қосу нәтижесінде уәкілетті органның осы баптың 2-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалған ең төмен мөлшерден асатын бірнеше тұтынушылық қарыз Интернет арқылы берілген жағдайда банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау рәсімдеріне сәйкес осы тармақтың алтыншы бөлігінің 1) тармақшасында көзделген талапты сақтайды.
Осы тармақтың бірінші, төртінші және алтыншы бөліктерінде көзделген талаптар тұтынушылық банктік қарыз сомасын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатушының (өнім берушінің) банктік шотына қарыз алушы (сатып алушы) алғанын растайтын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мақсаттарына және (немесе) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның сол банкте, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда алынған банктік қарыз бойынша қарыз алушының берешегін өтеу мақсаттарына және (немесе) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз елу еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде төлем картасы бойынша белгіленген кредиттік лимит шеңберінде беру жағдайларына қолданылмайды.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген талаптарды сақтамай банктік қарыз берген жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жеке тұлғадан мұндай банктік қарыз бойынша міндеттемелердің орындалуын талап етуге құқылы емес. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген талаптар сақталмай банктік қарыз беру фактісі анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей мынадай шараларды қабылдайды:
клиенттің осындай банктік қарыз бойынша берешегін есептен шығару туралы шешім қабылдайды;
клиенттің осындай банктік қарыз бойынша берешегін өндіріп алуды және талап-арыз жұмысын тоқтатады;
осындай банктік қарыз бойынша ақпарат туралы жазбаларды жою арқылы клиенттің кредиттік бюролардағы кредиттік тарихына түзетулер енгізеді;
осындай банктік қарыз бойынша сыйақының және (немесе) тұрақсыздық айыбының бұрын ұсталған (төленген) сомаларын клиентке қайтаруды жүзеге асырады.
Осы тармақтың тоғызыншы бөлігінде көзделген шаралар банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осы баптың 15-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген құқық қорғау органдарының процестік құжаттарын алған жағдайда, осы тармақтың бірінші, үшінші, төртінші, алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген талаптардың кез келгенін сақтамай банктік қарыз беру жағдайларына қолданылады.
5-3. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша күнтізбелік тоқсан күннен астам мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз беруіне тыйым салынады.
Бұл тыйым жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарызын және (немесе) микрокредитін өтеу мақсатында сыйақы мөлшерлемесін және (немесе) мерзімді төлемдер мөлшерін азайту жағына қарай өзгертуді және (немесе) тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) азайту жағына қарай өзгертуді немесе толық жоюды көздейтін жақсарту талаптарында банктік қарыз беру жағдайларына қолданылмайды.
5-4. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым сомасы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сай келмейтін тұтынушылық банктік қарыз беруге құқылы емес.
5-5. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның жеке тұлғаны биометриялық сәйкестендіруді жүргізбей онымен Интернет арқылы банктік қарыз шартын жасасуына тыйым салынады, оны жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талаптарды сақтамай, Интернет арқылы жеке тұлғамен банктік қарыз шартын жасасқан жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым мұндай банктік қарыз бойынша міндеттемелердің орындалуын талап етуге құқылы емес және мұндай банктік қарыз беру фактісі анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей осы баптың 5-2-тармағының оныншы бөлігінің талаптарын ескере отырып, тоғызыншы бөлігінде көзделген шараларды қабылдайды.
5-6. Банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдегі немесе жеке тұрғын үйлер кешеніндегі пәтерді және (немесе) тұрғын емес үй-жайды немесе жеке тұрғын үйді, немесе тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы олардың үлесін үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатсыз немесе «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кепілдігін беру туралы шартсыз жеке, заңды тұлғаның және (немесе) қызметін бірлескен қызмет туралы шартқа сәйкес жүзеге асыратын тұлғаның (жай серіктестік, консорциум) ақшасын тарту есебінен сатып алуға ипотекалық қарыздар беруге тыйым салынады.
6. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның мынадай:
1) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның жаңа қарыздар беруді жүзеге асырмау құқығы туындайтын, банктік қарыз шартында көзделген;
2) қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның алдындағы өз міндеттемелерін бұзған;
3) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жүргізетін мониторинг нәтижелері бойынша анықталған қарыз алушының қаржылық жағдайы нашарлаған;
4) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банктік қарыз шартын тиісінше орындауына әсер ететін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары өзгерген жағдайларды қоспағанда, жасалған банктік қарыз шартының (шарттарының) шеңберінде жаңа қарыздар беруді біржақты тәртіппен тоқтата тұруға құқығы жоқ.
6-1. Қарыз алушы – жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарты бойынша банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу міндеттемесін орындау мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік тоқсан күні өткен соң есепке жазылған сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлды), сондай-ақ қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді төлеуді талап етуге тыйым салынады.
Осы тармақтың талабы банктік қарыз шартына, егер оны жасасу күні негізгі борыш сомасы тіркеуге жататын мүлік кепілімен және (немесе) ақша кепілімен толық қамтамасыз етілген болса, қолданылмайды.
6-2. Жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шартын орындау талаптарын өзгерту немесе жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарызын өтеу мақсатында жаңа қарыз беру кезінде негізгі борыш сомасына капиталдандырылған (жинақтап қосылған) мерзімі өткен сыйақыға, тұрақсыздық айыбына (айыппұлдарға, өсімпұлдарға), қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерге сыйақыны есепке жазуға жол берілмейді.
7. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес, тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қарыз алған қарыз алушы - жеке тұлға, қарыз берілген күннен бастап банк есептеген сыйақыларды төлей отырып, банктік қарыз шартын жасасқан күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қарызды қайтаруға құқылы.
Осы тармақта көзделген жағдайда, қарызды қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбы немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлері алынбайды.
7-1. Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы жүргізген төлем сомасы, егер ол қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін орындауы үшін жеткіліксіз болса, қарыз алушының берешегін мынадай кезектілікпен өтейді:
1) негізгі борыш бойынша берешек;
2) сыйақы бойынша берешек;
3) осы Заңның 35-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалған мөлшердегі тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы;
5) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;
5-1) қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер;
6) кредитордың орындауды алу бойынша шығасылары.
Мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік тоқсан күні өткеннен кейін жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы жүргізген төлем сомасы, егер ол қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін орындауы үшін жеткіліксіз болса, қарыз алушының берешегін мынадай кезектілікпен өтейді:
1) негізгі борыш бойынша берешек;
2) сыйақы бойынша берешек;
3) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы;
4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;
5) осы Заңның 35-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалған мөлшердегі тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
5-1) қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге төлемдер бойынша берешек;
6) кредитордың орындауды алу бойынша шығасылары.
8. Банктiк қарыз операциялары банктiң, ипотекалық ұйымның
немесе агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит
беруді жүзеге асыратын, дауыс беретін акцияларының жүз пайызы тікелей немесе
жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұйымның
басқару органы бекiтетiн Ішкi кредит саясаты туралы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
9. Банктiң кредит комитетi ішкi кредиттік саясатты жүзеге асыратын орган болып табылады.
10. Iшкi кредиттік саясат туралы қағидалар банктiк қарыз операцияларын жүзеге асыру кезiнде тәуекелдi төмендету мақсатында жасалады және мыналарды:
1) жеке және заңды тұлғаларға кредиттер беру шарттарын;
2) лауазымды адамдар мен банк қызметкерлерiне кредит беру шарттарын;
3) кредиттік комитеттiң ұйымдық құрылымын, функциясын және өкiлеттiгiн;
4) кредиттік комитет мүшелерiнiң жауапкершiлiгiн;
5) кредит берудiң лимиттерін;
6) кредиттік шарттарды бекiту рәсiмiн;
6-1) жеке тұлғаға банктік қарыз беру үшін кредиттік скорингтің болу қажеттілігін;
7) кредит беру туралы өтініштерді қараудың, кредит беру (беруден бас тарту) туралы шешім қабылдаудың, кредит беру шарттарын өзгертудің шекті мерзімдерін айқындайды.
10-1. Банктік қарыз беру туралы мәселені қарау кезінде банк өз әдістемесі негізінде есептелген жеке тұлғаның кредиттік скорингін немесе кредиттік бюро берген кредиттік скорингті ескереді.
11. Егер қарыз беру туралы шарттарда сақтандыру және (немесе) қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің нарықтық құнын айқындау мақсатында бағалау жүргізу шарттарын жасасу туралы талаптар көзделген болса, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушыға, кепіл берушіге сақтандыру ұйымын және (немесе) бағалаушыны таңдауда шек қоюға құқығы жоқ.
Қарыз алушыға банктік қарыз шартымен өз өмірін немесе денсаулығын сақтандыру міндеті жүктелмейді.
12. Осы баптың 4, 5, 8 – 11-тармақтарында белгіленген нормалар банктердің кепілдіктер мен кепілдемелер беру жөніндегі операцияларына, сондай-ақ ислам банктерінің осы Заңның 52-5-бабы 1-тармағының 3), 4), 4-1) және 5) тармақшаларында көрсетілген операцияларына қолданылады.
13. Ислам банкiнiң банктiк қарыз және өзге де операцияларды жүргiзу ерекшелiктерi мен шектеулерi осы Заңның 4-1-тарауында белгiленедi.
14. Банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) үшінші тұлғаға берілген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасымен кредитордың қарыз алушымен банктік қарыз шарты шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің күші қарыз алушының өзіне банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылады, ал банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасымен кредитордың қарыз алушымен банктік қарыз шарты шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің күші қарыз алушының сервистік компаниямен құқықтық қатынастарына қолданылады.
Өзіне банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) берілген үшінші тұлғаның, сондай-ақ сервистік компанияның Қазақстан Республикасының заңнамасымен кредитордың қарыз алушымен банктік қарыз шарты шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулерді бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
15. Банк құпиясын құрайтын ақпаратқа құқыққа сыйымсыз қол жеткізілгені, оның құқыққа сыйымсыз өзгертілгені, үшінші тұлғалар тарапынан құқыққа сыйымсыз әрекеттердің не жеке тұлғалардың банктік қарыздарымен өзге де заңсыз (алаяқтық) әрекеттердің жүзеге асырылғаны анықталған кезден бастап банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым бір жұмыс күні ішінде бұл туралы клиентке және уәкілетті органға хабарлайды, екі жұмыс күні ішінде құқыққа сыйымсыз әрекеттерді жою үшін шаралар қабылдайды және он жұмыс күні ішінде мұндай әрекеттердің салдарын жою үшін шаралар қабылдайды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес құқық қорғау органдары енгізген (шығарған) қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі шараларды қабылдау туралы ұсынымның не қарыз алушы-жеке тұлғаны
банктік қарызды алаяқтық тәсілмен ресімдеуге байланысты қылмыстық құқық бұзушылық бойынша жәбірленуші деп тану туралы қаулының негізінде банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым күнтізбелік үш күннен кешіктірмей:
клиенттің осындай банктік қарызы бойынша берешекті өндіріп алуды және талап-арыз жұмысын тоқтата тұрады;
клиенттің осындай банктік қарызы бойынша сыйақы және (немесе) тұрақсыздық айыбын есепке жазуды тоқтата тұрады.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым
клиенттің сәйкестендіру құралдарын үшінші тұлғаның заңсыз алуы және пайдалануы салдарынан, оның ішінде банктің қызметтерін қашықтан көрсетудің бағдарламалық қамтылымын алыстан басқаруды пайдалану немесе банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның биометриялық сәйкестендіруді жүргізу тәртібін не уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген ішкі және сыртқы алаяқтық фактілерін анықтау, тіркеп-белгілеу және талдау жөніндегі талаптарды бұзуы арқылы банктік қарызды ресімдеу кезінде қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылған клиентке алаяқтық тәсілмен банктік қарызды ресімдеу фактісі анықталған, заңды күшіне енген сот актісін алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, клиенттің банктік қарыз бойынша берешегін есептен шығару туралы шешімді, сондай-ақ осындай банктік қарыз бойынша бұрын ұсталған (төленген) сомаларды клиентке қайтару жөніндегі шараларды қабылдайды.
Ескерту. 34-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.02.10 № 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.07.2015 № 333-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 06.05.2017 № 63-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 9-тармағы 21) тармақшасының бесінші – тоғызыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 291-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2020 № 359-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2021 № 43-VII (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.12.2021 № 87-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 31.12.2021 № 100-VII (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 7-тармағы 1) тармақшасының екінші абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2022 № 133-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.12.2023 № 44-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.06.2024 № 97-VIII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 30.06.2025 № 204-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 205-VIII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-104325/st-34/