Мазмұнға өту
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

40-1-бап. Банк омбудсманы, оның мәртебесі, оны сайлау тәртібі және өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату. Банк омбудсманының өкілдер кеңесі, оның құзыреті

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444

1. Жеке тұлғаның және банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қанағаттандыру туралы келісімге қол жеткізу мақсатында, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда жеке тұлға банкпен, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен жасасқан банктік қарыз шартынан туындайтын келіспеушіліктерді оның жолданымы бойынша реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға банк омбудсманы болып табылады. Банк омбудсманы өз қызметінде мынадай қағидаттарды басшылыққа алады:
1) тараптардың тең құқықтылығы;
2) бейтараптық;
3) банктік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны сақтау;
4) тараптардың құқықтарын сақтау және заңмен қорғалатын мүдделерін құрметтеу;
5) шешім қабылдау рәсімінің айқындылығы мен шешімнің негізділігі.
2. Банк омбудсманы жеке тұлға болып табылатын қарыз алушы және осындай қарыз алушымен жасалған банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген тұлға арасында туындайтын келіспеушіліктерді қарыз алушының жүгінуі негізінде реттеуді жүзеге асырады. Банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген тұлға банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін сатып алған қарыз алушы жүгінген кезде банк омбудсманымен өзара іс-қимыл жасасуға және банк омбудсманы қарызға байланысты сұратқан кез келген ақпарат пен мәліметтерді беруге міндетті.
3. Өкілдер кеңесі осы Заңның 40-2-бабының 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан уәкілетті органмен келісілген кандидаттар қатарынан банк омбудсманын сайлауды жүзеге асырады. Өкілдер кеңесі:
1) жеке тұлғаларға банктік қарыздар беретін әрбір банктен, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан;
2) әділет органдарында тіркелген және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын іске асыруға және қорғауға бағытталған қызметті жүзеге асыратын тұтынушылардың қоғамдық бірлестігінің қауымдастығы (одағы) және (немесе) тұтынушылардың республикалық қоғамдық бірлестігі болған жағдайда, олардан;
3) әділет органдарында тіркелген және банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, коллекторлық агенттіктердің ортақ мүдделерін білдіруге және қорғауға бағытталған қызметті жүзеге асыратын қаржы ұйымдарының қауымдастығынан (одағынан);
4) уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен бір-бір өкілден қалыптастырылады. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз операциясын жүзеге асыру құқығына лицензия алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банк омбудсманының өкілдер кеңесінің құрамына кіруге міндетті. Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген қауымдастықтар (одақтар) әділет органдарында тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банк омбудсманының өкілдер кеңесінің құрамына кіруге міндетті.
4. Банк омбудсманы үш жыл мерзімге сайланады. Банк омбудсманын сайлау, оның қызметін мерзімінен бұрын тоқтату және жүзеге асыру тәртібі осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. Бір адам банк омбудсманы болып қатарынан екі реттен көп сайлана алмайды.
5. Өкілдер кеңесінің құзыреті:
1) банк омбудсманы лауазымына сайлау үшін кандидатуралар ұсыну, дауыс беру тәртібін айқындау;
2) құрылымы мен штатын (банк омбудсманының офисін) бекіту;
3) банк омбудсманының қызметін қаржыландыру тәртібін айқындау;
4) уәкілетті органмен келісу бойынша банк омбудсманының ішкі қағидаларын бекіту;
5) уәкілетті орган жүргізген, банк омбудсманының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қарыз алушы-жеке тұлғалардың шағымдарына талдау жасаудың және банк омбудсманының есептерін қараудың қорытындылары бойынша банк омбудсманына оның қызметін жетілдіру жөнінде ұсынымдар беру;
6) өкілдер кеңесі мүшесінің (мүшелерінің) осы баптың 7-тармағында көзделген негіздер бойынша банк омбудсманының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтінішхатын қарау;
7) банк омбудсманының шешімдерін есепке алу, қарау, қабылдау және орындау тәртібін уәкілетті органмен келісу бойынша бекіту;
8) осы Заңға сәйкес банк омбудсманының қызметін жүзеге асыруға байланысты өзге де мәселелер.
6. Егер өкілдер кеңесінің отырысына қатысқан өкілдер кеңесінің мүшелері жиынтығында жалпы дауыс санының елу және одан да көп пайызын иеленсе, осы отырыс – заңды, ал кворум талаптары сақталды деп танылады. Банк омбудсманы кеңестің отырысына қатысқан өкілдер кеңесі мүшелерінің көпшілік дауысымен сайланады. Өкілдер кеңесінің әрбір мүшесінің дауыс беру кезінде бір дауысы болады. Дауыстар тең болған кезде уәкілетті орган өкілінің дауысы шешуші болып табылады. Банк омбудсманын сайлау мәселесі бойынша дауыс беру жасырын тәсілмен жүзеге асырылады. Дауыс беруге арналған бюллетеньде мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:
1) банк омбудсманы лауазымына сайлау үшін ұсынылған кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) кандидаттың осы Заңның 40-2-бабының 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын ақпарат;
3) кандидаттың банктерде, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда және (немесе) коллекторлық агенттіктерде, уәкілетті органда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде қызмет атқаруы туралы, банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға және (немесе) коллекторлық агенттіктерге үлестес болу белгілерінің бар-жоғы туралы, уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басшысы немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымдық бөлімшесінің басшысы лауазымында жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары туралы мәліметтер;
4) мәселе бойынша «жақтаймын» немесе «қарсымын» деген сөздермен білдірілген дауыс беру нұсқалары.
7. Банк омбудсманының өкілдер кеңесі банк омбудсманының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды мынадай негіздер бойынша жүзеге асырады:
1) банк омбудсманының осы Заңның 40-2-бабының 1-тармағында белгіленген талаптарға сай келмеуінің анықталуы;
2) банкте, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда және (немесе) коллекторлық агенттікте, уәкілетті органда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде кез келген қызметті атқару, банк омбудсманының банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға және (немесе) коллекторлық агенттіктерге үлестес болу белгілерінің болуы, банк омбудсманының жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) және (немесе) жекжаттарының уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басшысы немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымдық бөлімшесінің басшысы лауазымын атқаруы;
3) осы Заңның талаптарын бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзу. Банк омбудсманының өкілеттігін өз бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтату өкілдер кеңесін жазбаша хабардар ету негізінде жүзеге асырылады. Өкілдер кеңесіне жазбаша хабарлама банк омбудсманының ішкі қағидаларында белгіленген тәртіппен өкілеттігі тоқтатылғанға дейін кемінде бір ай бұрын ұсынылады. Ескерту. 3-тарау 40-1-баппен толықтырылды - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 06.05.2017 № 63-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР 19.06.2024 № 97-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.