45-2-бап. Қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шаралары
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444
1. Уәкілетті орган банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, банк конгломератының және (немесе) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардың, банк холдингінің, банктің ірі қатысушысының қызметінде, оның ішінде уәжді пайымдауды пайдалана отырып анықталған кемшіліктер, тәуекелдер немесе бұзушылықтар банктің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығына елеулі әсер етпейтін, олардың қаржылық жағдайына және (немесе) банк депозиторларының мүдделеріне қатер төндірмейтін жағдайларда, қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шараларын қолданады.
2. Қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шаралары мыналарды қамтиды:
1) анықталған кемшіліктер, тәуекелдер немесе бұзушылықтар туралы банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, банк конгломераты құрамына кіретін ұйымның, банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің жекелеген органдарының назарына осы ақпаратты (қажет болған кезде уәкілетті орган айқындайтын) жеткізе отырып, хабардар ету;
2) уәкілетті органның анықталған кемшіліктерді, тәуекелдерді немесе бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдарын беру;
3) уәкілетті орган кемшіліктерді, тәуекелдерді немесе бұзушылықтарды қайта анықтаған, сондай-ақ қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шаралары орындалмаған жағдайда, қадағалап ден қоюдың өзге шараларын қолдану мүмкіндігі туралы ескерту.
3. Қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шарасы уәкілетті органның хатымен ресімделеді.
Ескерту. Заң 45-2-баппен толықтырылды - ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-104325/st-45-2/