Мазмұнға өту
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

52-12-бап. Тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату шарттарымен коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды ислам банкінің қатысуымен исламдық қаржыландыру

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444

1. Тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату шарттарымен коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды исламдық қаржыландыруға осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңның 52-8-бабының ережелері қолданылады. Осы баптың мақсаттары үшін ислам банкінен тауарды сатып алатын және оны кейіннен үшінші тұлғаға сататын жеке немесе заңды тұлға банктің клиенті деп аталады.
2. Тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату шарттарымен коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды исламдық қаржыландыру деп мынадай талаптар сақтала отырып, коммерциялық кредит туралы шарт бойынша жүзеге асырылатын мәміле танылады:
1) ислам банкі және банктің клиенті коммерциялық кредит туралы шарттың тараптары болып табылады. Коммерциялық кредит туралы шартта банктің клиенті тауарды кейіннен сатуды жүзеге асыратын үшінші тұлға (осы баптың мақсаттары үшін – үшінші тарап) көрсетіледі;
2) коммерциялық кредит туралы шарт бойынша банк клиентінің тауарды сатып алуы, сондай-ақ банк клиентінің тауарды үшінші тарапқа кейіннен сатуы ислам банкінің қатысуымен жүргізіледі;
3) коммерциялық кредит банктің клиенті ислам банкінен сатып алған тауарды банк клиентінің үшінші тарапқа өткізуі шарттарымен беріледі. Бұл ретте, коммерциялық кредит туралы шарт бойынша өткізілген тауарға меншік құқығы коммерциялық кредит туралы шарт жасалғаннан кейін дереу үшінші тарапқа өтеді, үшінші тараптың тауардың ақысын төлеуі тауар мен осы тауардың құжаттары оған берілгеннен кейін кідіртілместен, мұндай тауарды ислам банкінің тауар берушіден сатып алу бағасы бойынша жүргізіледі;
4) коммерциялық кредит туралы шартта тауар ретінде халықаралық тауар биржаларында өткізілетін және ислам банкі халықаралық тауар биржаларында не Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі биржадан тыс нарықта сатып алатын тауар айқындалады. Ислам банкі және банктің клиенті сол бір тауарды коммерциялық кредит туралы бірнеше шарт бойынша бір мезгілде сатуды жүзеге асыруға құқылы емес;
5) банктің клиенті коммерциялық кредит туралы шартта көрсетілген тауарды ислам банкінің үстемеақысын есептеместен, осындай шартта көрсетілген көлемде және баға бойынша үшінші тарапқа кейіннен сатуды жүзеге асырады;
6) тауарды ислам банкіне сатуды жүзеге асыратын тауарды сатушы тауарды кейіннен сату жүргізілетін үшінші тарап бола алмайды;
7) ислам банкі, банктің клиенті және үшінші тарап "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес өзара байланысты тараптар болып табылмайды.
3. Осы баптың мақсаттары үшін мынадай талаптарға сәйкес келетін тауар биржасы халықаралық тауар биржасы деп танылады: тауар биржасы тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес егемен рейтингі бар мемлекеттің аумағында қызметін жүзеге асырады; тауар биржасында жасалған биржалық мәмілелердің көлемі мен саны жөніндегі ақпарат Дүниежүзілік биржалар федерациясының интернет-ресурсында орналастырылған статистикалық есептерде жарияланады. Тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату шарттарымен коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды қаржыландыру шеңберінде тауарды сатып алу және сату жүргізілетін халықаралық тауар биржаларының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
4. Осы бапта белгіленген талаптар бұзылған жағдайда, мұндай банк операциясы коммерциялық кредит беру туралы шарт ресімделе отырып, сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды ислам банкінің қатысуымен және үшінші тараптың қатысуымен исламдық қаржыландыру деп танылмайды. Ескерту. 4-1-тарау 52-12-баппен толықтырылды - ҚР 27.04.2015 № 311-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).