52-17-бап. Банкті Корпорацияда мемлекеттік қайта тіркеу және ислам банкінің банктік және өзге операцияларын жүргізуге лицензия беру
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444
Ескерту. 52-17-баптың тақырыбына өзгеріс енгізлді - ҚР 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Банк уәкілетті органның рұқсатында көрсетілген айналдыру мерзімі аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей уәкілетті органға растау құжаттарын қоса бере отырып, банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы есепті ұсынады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген есепке ескертулер болған кезде, уәкілетті орган банктен қосымша іс-шаралар орындауды және (немесе) қосымша ақпарат пен құжаттарды беруді талап етуге құқылы. Банк уәкілетті органның ескертулерін ескеруге (талап етілетін қосымша іс-шараларды орындауға және (немесе) қосымша ақпарат пен құжаттарды беруге) және уәкілетті органға банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы есепті уәкілетті орган белгілеген мерзімде растау құжаттарын қоса бере отырып қайтадан ұсынуға міндетті.
3. Уәкілетті орган банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы есепті уәкілетті органға ұсынылған күннен бастап екі ай ішінде мақұлдайды немесе мақұлдаудан бас тартады.
4. Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көрсетілген есепті мақұлдағаннан кейін банк банкті мемлекеттік қайта тіркеу үшін күнтізбелік отыз күн ішінде Корпорацияға өтініш жасауға міндетті.
Ислам банкінің жарғысында осы Заңның 52-4-бабында көзделген ақпарат қамтылуға тиіс.
5. Банк Корпорацияда мемлекеттік қайта тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, бірақ уәкілетті органның рұқсатында көрсетілген айналдыру мерзімі аяқталғанға дейін отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, уәкілетті органға:
1) мына құжаттарды:
ислам банкі жарғысының нотариат куәландырған көшірмесін;
жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына лицензиялық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжатты;
банктің исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңесі туралы ережені;
ислам банкінің операцияларын жүргізудің жалпы шарттары туралы қағидаларды;
ислам банкінің ішкі кредиттік саясаты туралы қағидаларды қоса бере отырып, ислам банкінің банк және өзге де операцияларды жүргізуге лицензия беру туралы;
2) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға берілген лицензияны (бар болса) қайта ресімдеу туралы өтінішпен жүгінуге міндетті.
6. Уәкiлеттi орган ислам банкінің банк операциялары мен өзге де операцияларын жүргiзуге лицензия беру және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға берілген лицензияны қайта ресімдеу туралы өтiнiшті Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін құжаттар берілген күннен бастап отыз жұмыс күні iшiнде қарайды.
Ислам банкінің банктік және өзге операцияларын лицензиялау тәртібі осы Заңның 26-бабында айқындалады.
7. Банкке ислам банкінің банктік және өзге де операцияларын жүргізуге лицензия берілген кезден бастап:
1) банктік және өзге де операцияларды жүргізуге бұдан бұрын берілген лицензияның қолданылуы тоқтатылады;
2) банкті ислам банкіне айналдыру аяқталды деп есептеледі.
Банк ислам банкінің банктік және өзге де операцияларын жүргізуге, бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға лицензия алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға бұдан бұрын берілген лицензияның тұпнұсқасын қайтаруға міндетті.
Ескерту. 52-17-бапқа өзгерістер енгізлді - ҚР 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі);
30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-104325/st-52-17/