59-3-бап. Банкті қайта құрылымдаудың жалпы шарттары
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444
1. Осы Заңның 59-2-бабында көрсетілген қайта құрылымдау үшін негіздеме туындаған кезден бастап банк директорлар кеңесінің отырысын өткізуге құқылы, онда банкті қайта құрылымдау туралы шешім қабылданады.
2. Банк директорлар кеңесінің осы баптың 1-тармағында көрсетілген шешімі қабылданған күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде директорлар кеңесінің банкті қайта құрылымдау туралы шешімін уәкілетті органға жібереді.
3. Уәкілетті орган директорлар кеңесінің банкті қайта құрылымдау туралы шешімін алғаннан кейін күнтізбелік жеті күн ішінде банкті қайта құрылымдау мәселелері жөнінде банкпен жазбаша келісім жасасады.
4. Банк қайта құрылымдау жоспарының жобасын уәкілетті органға табыс етеді. Ескертпелер мен ұсыныстар болған жағдайда уәкілетті орган банктен қайта құрылымдау жоспарының жобасын пысықтауды талап етуге құқылы. Банк уәкілетті органның ескертпелері мен ұсыныстарын ескеруге және қайта құрылымдау жоспарының пысықталған жобасын уәкілетті органға қайтадан табыс етуге міндетті.
5. Банк Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен қайта құрылымдау туралы сотқа жүгінеді. Соттың банкті қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешімі заңды күшіне енген кезден бастап және оны жүргізу кезеңінде Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген шектеулер қолданылады.
6. Банк соттың қайта құрылымдау туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын кемінде екі мерзімді баспа басылымында қазақ және орыс тілдерінде тиісті хабарландыру жариялау арқылы депозиторларға, кредиторларға және өзге де клиенттерге қайта құрылымдау туралы хабарлайды.
Банк соттың қайта құрылымдау туралы заңды күшіне енген шешімінің көшірмесін алған күннен кейінгі күннен кешіктірілмейтін мерзімде оны корреспондент-банктерге жібереді.
7. Банк соттың банкті қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешімі заңды күшіне енген кезден бастап:
1) сату-сатып алу, айырбастау, сыйға тарту шарттарының немесе банктің мүлкін иеліктен шығару туралы өзге де мәмілелердің орындалуын, қарыз беру туралы шарттар мен кредиттік тәуекелі бар басқа да қаржыландыру түрлерін жасасуды тоқтата тұруға;
2) банк міндеттемелерінің орындалуын толығымен немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы.
8. Банк соттың қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешімінде көзделген мерзімде банк кредиторларымен келіссөздер жүргізу және олардың қайта құрылымдау жоспарын мақұлдауына қол жеткізу мақсатында олардың алдындағы міндеттемелерді қайта құрылымдау көзделетін банк кредиторларының жиналысын шақырады.
Қайта құрылымдау жоспарының мақұлдауына қол жеткізу үшін міндеттемелер қайта құрылымдау көзделетін кредиторлар алдындағы банк міндеттемелері көлемінің кемінде үштен екісі үлесіне тиетін кредиторлардың келісімі талап етіледі.
Банкті қайта құрылымдау банк кредиторлары қайта құрылымдау жоспарын осы тармақта көзделген тәртіппен мақұлдаған жағдайда қайта құрылымдау жоспарына сәйкес қайта құрылымдау көзделетін кредиторлар алдындағы банктің барлық міндеттемелеріне қатысты жүргізіледі.
9. Банк қайта құрылымдау жоспарын кредиторлар мақұлдаған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлар мақұлдаған қайта құрылымдау жоспарын уәкілетті органға жібереді не осы баптың 8-тармағында көзделген тәртіппен банк кредиторларының мақұлдауын алмаған жағдайда банкті қайта құрылымдауды жүргізудің мүмкін еместігі туралы уәкілетті органға хабарлайды.
Уәкілетті орган егер қайта құрылымдау жоспарының шарттары уәкілетті органға бұрын жіберілген қайта құрылымдау жоспары жобасының шарттарынан өзгеше болған жағдайда қайта құрылымдау жоспарын пысықтауды талап етуге құқылы. Банк уәкілетті органның ескертпелері мен ұсыныстарын ескеруге және осы баптың 8-тармағында көзделген тәртіппен банк кредиторлары мақұлдаған, пысықталған қайта құрылымдау жоспарын уәкілетті органға қайтадан табыс етуге міндетті.
10. Осы баптың 9-тармағында көзделген талаптарды орындағаннан кейін банк қайта құрылымдау жоспарын сотқа бекітуге ұсынады.
11. Қайта құрылымдау жоспары мынадай ақпаратты:
қайта құрылымдауды жүргізудің тәртібі мен мерзімін;
қайта құрылымдалатын активтер мен міндеттемелердің тізбесін;
қайта құрылымдау шеңберінде өткізілетін іс-шараларды;
активтер мен міндеттемелерді қайта құрылымдаудан алынатын болжамды қаржылық нәтижелерді;
қызметте қолданылатын шектеулерді қамтуға тиіс.
Банк конгломератының қатысушысы болып табылатын банктің қайта құрылымдау жоспарында, көрсетілген ақпараттан басқа, банкті қайта құрылымдаудың банк конгломератының басқа қатысушыларына ықпалының болжамды нәтижелер қамтылуға тиіс.
12. Қайта құрылымдау Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда тоқтатылады.
13. Қайта құрылымдау жоспарында көзделген шаралар кешенін жүзеге асыруға байланысты банкті қайта құрылымдау тоқтатылған жағдайда, қайта құрылымдау жоспарына енгізілген банк міндеттемелері орындалды деп есептеледі, соттардың, төреліктің осындай міндеттемелер жөніндегі шешімдері бойынша атқарушылық іс жүргізу тоқтатылады.
13-1. Банктер соттың қайта құрылымдауды тоқтату туралы заңды күшіне енген шешімінің көшірмесін алған күннен кейінгі күннен кешіктірілмейтін мерзімде оны корреспондент-банктерге жібереді.
14. Банк қайта құрылымдау жоспарында белгіленген тәртіппен және жазбаша келісімімен банктің жүргізілген қайта құрылымдалуы туралы, оның ішінде қайта құрылымдау жоспарында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы ақпаратты уәкілетті органға береді.
15. Уәкілетті орган банктің қайта құрылымдау жоспарын орындауы жөніндегі іс-шаралардың жүзеге асырылуын қадағалауды жүзеге асырады.
Банкті қайта құрылымдауды жүргізу кезеңінде уәкілетті орган банкке және (немесе) оның ірі қатысушыларына, банк холдингіне, банктің ірі қатысушысының немесе банк холдингінің белгілері бар тұлғаларға осы Заңда көзделген қадағалап ден қою шараларын қолдануға құқылы.
16. Банктің сот бекіткен қайта құрылымдау жоспарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қайта құрылымдауды жүргізу кезеңінде банк ұйымдардағы қатысу сомасын (абсолюттік мәнде) өсіре алмайды.
Ескерту. 59-3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 125-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.04.2016 № 489-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) заңдарымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-104325/st-59-3/