61-10-бап. Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444
1. Уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау туралы шешім қабылдайды.
Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау, оған:
1) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін толығымен не ішінара есептен шығару;
2) төлемге қабілетсіз банктің бағалы қағаздары мен өзге де ақшалай міндеттемелерін оның жай акцияларына конвертациялау, оның ішінде банкті осы Заңның 61-7-бабының 2-тармағында көрсетілген төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу негіздерін жою және меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенттерін сақтау үшін төлемге қабілетсіз банктің жарияланған жай акцияларының санын уәкілетті орган айқындаған мөлшерде көбейту;
3) міндеттемеге қызмет көрсету бойынша төлемдердің орындалуын уақытша тоқтата тұруды қоса алғанда, төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелері бойынша мерзімдерді және (немесе) пайыздық мөлшерлемелерді өзгерту жөніндегі бір немесе бірнеше шараны қолдану арқылы төлемге қабілетсіз банктің қаржылық жағдайын сауықтыру бойынша шаралар кешенін білдіреді.
2. Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау осы Заңның 74-2-бабында белгіленген кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың кері кезектілігі тәртібімен жүзеге асырылады.
3. Мыналар:
1) төлемге қабілетсіз банктің өз талаптары осы Заңның 74-1-бабына сәйкес таратудың конкурстық массасының құрамына енгізілмейтін тұлғалар алдындағы міндеттемелері;
2) төлемге қабілетсіз банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда, оның осы Заңның 74-2-бабына сәйкес бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші және жетінші кезектерде қанағаттандырылуға жататын міндеттемелері, сондай-ақ төлемге қабілетсіз банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда, оның депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның төлеуіне жататын кепілдік өтемі мөлшерінде депозиттер бойынша жеке тұлғалар алдындағы міндеттемелері мәжбүрлеп қайта құрылымдауға жатпайды.
4. Төлемге қабілетсіз банктің бағалы қағаздары мен өзге де ақшалай міндеттемелерін оның жай акцияларына конвертациялау кезінде:
1) төлемге қабілетсіз банк акционерлері жалпы жиналысының төлемге қабілетсіз банктің акцияларын қосымша шығару туралы шешімі талап етілмейді;
2) төлемге қабілетсіз банктің акционерлеріне төлемге қабілетсіз банктің акцияларын артықшылықты сатып алу құқығы берілмейді;
3) осы Заңның 16-бабы 2-тармағының, 17-бабы 2 және
5-тармақтарының және 17-1-бабының талаптары қолданылмайды.
5. Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-104325/st-61-10/