О дополнительных мерах по обеспечению безопасности при использовании сжиженного газа в быту Күшін жойған
Басқа 0
Тұрмыста сұйытылған газды пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар туралы
📌 Ескерту. Күші
жойылды - Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 21.12.2005 № 438 қаулысымен.
Алынған шараларға қарамастан, көп қабатты тұрғын үйлер пәтерлерiнде тұрмыстық газ баллондарын сақтау және пайдалану фактiлерiне жол берiлуде. Газ баллондарын өткiзу, тасымалдау, сақтау жөнiндегi нормативтiк талаптар бұзылуда.
Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148, "Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы" 1996 жылғы 5 шiлдедегi № 19 Заңдарын басшылыққа ала отырып, облыс әкiмдiгi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
Тармақ 1
1. Тұрмыста сұйытылған газды қауiпсiз пайдалану мәселелерiн үйлестiрiп отыру төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi облыстық комиссияға (Качало) жүктелсiн.
Тармақ 2
2. Аудандардың және Орал қаласының әкiмдерi:
өздерiнiң орынбасарларының төрағалық етуiмен пәтер меншiк иелерi кооперативтерi, iшкi iстер бөлiмдерi және мемлекеттiк өртке қарсы қызмет өкiлдерiнiң қатысуымен комиссия құрсын;
газ баллон қондырғыларының сақталуы мен пайдаланылуы жөнiнде тұрғын үйлерге тексерулер жүргiзсiн. Сұйытылған газ баллондарын сатуды тәртiпке келтiрсiн, оны заңсыз тасымалдауды, сақтауды және өткiзудi анықтап шаралар алсын.
Тармақ 3
3. Облыстық iшкi iстер басқармасы (Тыныбеков):
сұйытылған газ баллондарын тасымалдау жөнiндегi арнаулы көлiк құралдарын белгiленген тәртiпте қайта тiркеуден өткiзсiн;
облыс аумағына маршруттық картасы және газ құятын мамандандырылған ұйымдармен жасасқан шарты жоқ, арнайы жабдықталмаған машиналармен сұйытылған газ тасымалдау фактiлерiн анықтап, оның жолын кесетiн болсын.
Тармақ 4
4. Облыстық төтенше жағдайлар жөнiндегi басқарма (Маючий):
бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрмыста газ баллондарын қауiпсiз пайдалану, оны кездейсоқ адамдардың сатып алуына және биiк қабатты ғимараттарда пайдалануға жол берiлмейтiндiгi мәселелерi бойынша тұрғындар арасында ұдайы түсiнiк жұмыстарын жүргiзсiн;
1989 жылғы 8 қаңтардағы "Тұрғын үйлер" № 2 құрылыс нормалары мен ережелерiне" 10 қабаттан астам биiк үйлердi газдандыруға мүмкiндiк беретiндей өзгерiстер енгiзу туралы ұсыныстар әзiрлесiн;
сұйытылған және табиғи газды тұрмыста және коммуналдық шаруашылықтарда пайдалану кезiнде қауiпсiздiк жағдайларына бақылау-қадағалау қызметiн жүзеге асыратын "Облыстық газ-техникалық инспекция" мемлекеттiк мекемесiн құру туралы негiздемелер мен ұсыныстар әзiрлесiн;
автомобильдерге газ құю станцияларының техникалық қауiпсiздiгi жағдайларына тексерулер жүргiзсiн, оларда тұрмыста пайдаланылатын газ баллондарын толтыру фактiлерiнiң жолын кесу жөнiнде шаралар алсын.
Тармақ 5
5. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттiк өртке қарсы қызмет (Маштаков):
облыс аумағындағы тұрғын үй секторындағы үйiшiлiк газ жабдықтарының жай-күйiне кешендi тексеру жүргiзсiн, оның өрт қауiпсiздiгi нормаларына сәйкестiгiн қамтамасыз етсiн;
газ баллондарының тұрғын үйлерде және шаруашылық құрылыстарында сақталу жағдайларына айрықша көңiл бөлсiн.
Тармақ 6
6. Батыс Қазақстан облыстық кеден басқармасы (Қартов):
облыс аумағына Ресей Федерациясының шекаралас аудандарынан мұндай қызметке мемлекеттiк лицензиясы жоқ сұйытылған көмiрсутектi газдың тасып әкелiнуiне жол бермесiн.
Тармақ 7
7. Батыс Қазақстан облыстық көлiк бақылау басқармасы (Үмбеталиев):
облыс бойынша сұйытылған көмiрсутектi газды лицензиясыз тасымалдау фактiлерiнiң жолын кесетiн болсын.
Тармақ 8
8. Облыстық бюджеттiк комиссия (Нұрғалиев):
2003 жылға арналған облыстық бюджеттi қалыптастырған кезде облыстық төтенше жағдайлар жөнiндегi басқарманың есебiне сәйкес "Облыстық газ-техникалық инспекция" мемлекеттiк мекемесiн құруға және ұстауға қаражат қарасын.
Тармақ 9
9. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкiмiнiң орынбасары С.П. Качалоға жүктелсiн.