Об Уполномоченном по правам человека в Республике Казахстан Күшін жойған

11.08.2026 жағдай бойынша қолданыста болған редакция: 05.11.2022. Бұл — корпустағы соңғы редакция.
Басқа 0
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы Осы Заң Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесін, өкілеттігін және қызметін ұйымдастыруды айқындайды.
Тарау 1. 1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Бап 1
1-бап. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мақсаттары мен міндеттері
Тармақ 1
1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (бұдан әрі – Уәкіл) адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету, оларды мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, өзге де ұйымдардың және лауазымды адамдардың сақтауы мен құрметтеуі мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес белгіленген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам болып табылады. Уәкіл қызметінің міндеттері адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіруге, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу мен ілгерілетуге жәрдемдесу болып табылады.
Тармақ 2
2. Уәкіл өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен өзге де міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырады.
Бап 2
2-бап. Уәкіл қызметінің қағидаттары Уәкіл өз қызметін жүзеге асыру кезінде заңдылық, әділдік, бейтараптық, объективтілік, жариялылық, ашықтық, айқындық қағидаттарын және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген басқа да қағидаттарды басшылыққа алады.
Бап 3
3-бап. Уәкіл қызметінің кепілдіктері
Тармақ 1
1. Уәкіл өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.
Тармақ 2
2. Уәкілге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша немесе сотқа дейінгі тергеп-тексерудің іс жүргізу шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының тиісті заңдарында айқындалады.
Тармақ 3
3. Қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, Уәкілді өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
Тармақ 4
4. Уәкілдің құқықтары, Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайлардан басқа кезде, шектеулерге жатпайды. Уәкілдің заңды қызметіне араласу не кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді. 📌 Ескерту. 3-баптың 4-тармағының екінші бөлігі алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі - осы Заңның 23-бабымен.
Тармақ 5
5. Уәкіл өзінің лауазымдық міндеттерін орындауына байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы куә ретінде жауап алынуға жатпайды.
Тармақ 6
6. Уәкілге өз қызметін жүзеге асыруы кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқығына кепілдік беріледі.
Тармақ 7
7. Уәкіл қызметтік куәлігін көрсеткен кезде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағындағы мекемелер мен басқа да объектілерге кедергісіз баруға құқығы бар. Аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілерге барған уақытында Уәкіл өткізу және объектішілік режимдердің белгіленген талаптарын сақтайды.
Тармақ 8
8. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдай режимі енгізілген жағдайда, Уәкіл өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
Бап 4
4-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың міндеттері
Тармақ 1
1. Мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Уәкілге қажетті материалдарды, құжаттарды, мәліметтер мен түсіндірулерді ұсынуға міндетті.
Тармақ 2
2. Уәкіл сұратқан материалдар, құжаттар, мәліметтер, егер оның сұрау салуында басқа мерзім көрсетілмесе, сұрау салу алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оған жіберілуге тиіс.
Тармақ 3
3. Уәкіл және оның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілдері өз өкілеттіктері шеңберінде мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және лауазымды адамдардың жедел қабылдауына кіру құқығын пайдаланады. Уәкілдің талап етуі бойынша аталған органдар мен лауазымды адамдар Уәкілге немесе оның өкілдеріне дереу жәрдем көрсетуге міндетті.
Тармақ 4
4. Уәкілетті мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, мекемелер және ұйымдар, олардың лауазымды адамдары Уәкілге немесе оның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкіліне арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін немесе жазаны атқаруға арналған тиісті ұйымдар мен мекемелердегі адамдарға кедергісіз бару және олармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Уәкіл немесе оның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі аталған адамдармен куәларсыз жеке немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ тиісті ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесу өткізеді.
Тарау 2. 2-тарау. УӘКІЛДІ ЛАУАЗЫМҒА САЙЛАУ ЖӘНЕ ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТУ ТӘРТІБІ
2-тарау. УӘКІЛДІ ЛАУАЗЫМҒА САЙЛАУ ЖӘНЕ ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТУ ТӘРТІБІ
Бап 5
5-бап. Уәкілді сайлау тәртібі
Тармақ 1
1. Уәкілді Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты бес жыл мерзімге лауазымға сайлайды.
Тармақ 2
2. Уәкіл лауазымына сайланатын адам мынадай талаптарға сай болуға:
Тармақша 1
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы болуға және соңғы он жылда оның аумағында тұрақты тұруға;
Тармақша 2
2) жоғары білімі болуға;
Тармақша 3
3) адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі болуға;
Тармақша 4
4) отыз жастан кіші болмауға;
Тармақша 5
5) мемлекеттік тілді білуге;
Тармақша 6
6) әрекетке қабілетті болуға тиіс.
Тармақ 3
3. Уәкіл лауазымына кіріскен кезде мынадай мазмұнда ант береді: «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына кірісе отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасын басшылыққа ала отырып, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын адал әрі абыроймен қорғауға және өз міндеттерімді әділдікпен және ар-ожданмен атқаруға салтанатты түрде ант етемін. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтары мүддесі үшін тәуелсіз, бейтарап, объективті әрекет етуге міндеттенемін.».
Бап 6
6-бап. Уәкілді лауазымынан босату
Тармақ 1
1. Уәкілді Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты лауазымынан босатады.
Тармақ 2
2. Уәкілді Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты атқарып отырған лауазымынан мерзімінен бұрын босатуы мүмкін.
Тармақ 3
3. Уәкілді атқарып отырған лауазымынан мерзімінен бұрын босатуға мыналар негіздер болып табылады:
Тармақша 1
1) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптар мен шектеулерді сақтамау;
Тармақша 2
2) оған қатысты соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі;
Тармақша 3
3) соттың Уәкілді әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы шешімінің заңды күшіне енуі;
Тармақша 4
4) Қазақстан Республикасы азаматтығының тоқтатылуы;
Тармақша 5
5) басқа лауазымға тағайындалу, сайлану немесе басқа жұмысқа ауысу;
Тармақша 6
6) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұрғылықты тұруға кету;
Тармақша 7
7) атқарып отырған лауазымымен сыйыспайтын қылмыстық теріс қылықтар жасау;
Тармақша 8
8) өз өкілеттігін доғару туралы өтініш.
Бап 7
7-бап. Уәкілдің қызметіне байланысты шектеулер
Тармақ 1
1. Уәкіл саяси қызметпен айналысуға құқылы емес. Уәкіл өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде өзінің саяси партиядағы мүшелігін тоқтата тұрады.
Тармақ 2
2. Уәкіл, оқытушылық, ғылыми не өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, мемлекеттік қызметте бола алмайды, кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды, коммерциялық ұйымның ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, оны басқаруға қатыса алмайды, сондай-ақ өзге де ақы төленетін қызметпен айналыса алмайды.
Тармақ 3
3. Уәкілге, егер мүдделер қақтығысы болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынады. Ол мүдделер қақтығысын болғызбау және шешу жөнінде шаралар қолдануға тиіс.
Тармақ 4
4. Уәкіл өкілді органның депутаты бола алмайды.
Тармақ 5
5. Уәкіл:
Тармақша 1
1) өзінің қызметтік жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлікті және қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға;
Тармақша 2
2) ереуілдерді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың жұмыс істеуіне және лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтіретін әрекеттерге қатысуға;
Тармақша 3
3) лауазымдық өкілеттігін атқаруына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың көрсететін қызметтерін жеке мақсаттарына пайдалануға құқылы емес.
Тарау 3. 3-тарау. УӘКІЛДІҢ ҚҰЗЫРЕТІ
3-тарау. УӘКІЛДІҢ ҚҰЗЫРЕТІ
Бап 8
8-бап. Уәкілдің құзыреті Уәкіл өз қызметінде:
Тармақша 1
1) Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Парламентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және қорғау мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар береді;
Тармақша 2
2) өз қызметі туралы жыл сайынғы баяндаманы, сондай-ақ арнаулы баяндамаларды дайындайды және таратады;
Тармақша 3
3) «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 8-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен және бөлек отырыстарына, Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары жұмыс топтарының отырыстарына және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары қатысатын өзге де іс-шараларға шақыру бойынша қатысады;
Тармақша 4
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес облыстар, республикалық маңызы бар қалалар немесе астана мәслихаттары сессиясының жалпы отырыстарына шақыру бойынша қатысады;
Тармақша 5
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, мемлекеттік органдарда құрылатын алқалы және өзге де органдардың отырыстарына шақыру бойынша қатысады;
Тармақша 6
6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне және өзге де мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, өзге де ұйымдарға және лауазымды адамдарға адам және азамат құқықтары мен бостандықтары бұзушылықтардың профилактикасына және оларды қалпына келтіруге бағытталған шараларға қатысты ұсынымдар мен ұсыныстар береді;
Тармақша 7
7) Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына осы Заңда көрсетілген міндеттерге сәйкес ұсыныстар енгізеді;
Тармақша 8
8) 1984 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға сәйкес ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қызметін үйлестіреді;
Тармақша 9
9) адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы шағымдарды осы Заңда белгіленген тәртіппен қарайды;
Тармақша 10
10) адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы халықаралық шарттарды ратификациялау немесе Қазақстан Республикасы өзіне халықаралық шарттардың міндеттілігіне келісімін білдірудің өзге де тәсілі туралы ұсыныстар енгізеді;
Тармақша 11
11) Қазақстан Республикасының шарттық міндеттемелерін орындау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының органдары мен комитеттеріне, сондай-ақ өңірлік мекемелерге ұсынылатын ұлттық баяндамаларды дайындауға және талқылауға уәкілетті органдардың шақыруы бойынша қатысады және көрсетілген органдар мен комитеттер туралы рәсімдерге сәйкес осы мәселелер бойынша тәуелсіз пікірін білдіреді;
Тармақша 12
12) адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын көтермелеуге және қорғауға жәрдемдесу мақсатында халықаралық, өңірлік және өзге де ұйымдармен, сондай-ақ басқа мемлекеттердің ұлттық құқық қорғау мекемелерімен, оның ішінде келісімдер (меморандумдар) жасасу арқылы ынтымақтастық жасайды;
Тармақша 13
13) адам және азамат құқықтары жөнінде оқу және зерттеу бағдарламаларын әзірлеуге жәрдемдеседі, оларды білім беру ұйымдары мен өзге де ұйымдарда іске асыруға қатысады;
Тармақша 14
14) мыналарды: шағымдарды қарау тәртібін; Уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені; Уәкіл жанындағы сараптама кеңесі туралы ережені; ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларын іріктеу тәртібін; алдын ала бару үшін ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан топтар құру тәртібін; алдын ала бару жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды; Уәкілдің рәмізі мен жалауының ережесі мен сипаттамасын бекітеді;
Тармақша 15
15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Бап 9
9-бап. Шағымды қарау
Тармақ 1
1. Уәкіл өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының азаматтары және Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар жеке өздері және (немесе) өкілдері (бұдан әрі – арыз берушілер) арқылы берген шағымдарын шағым келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды. Азаматтың құқықтарын қорғау мақсатында және оның жазбаша келісімімен Уәкілге қоғамдық бірлестіктер жүгіне алады.
Тармақ 2
2. Уәкіл Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарды қарамайды.
Тармақ 3
3. Шағымда арыз берушінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және тұрғылықты жері немесе жұмыс орны туралы мәліметтер, арыз берушінің пікірі бойынша оның құқықтары мен бостандықтарын бұзған немесе бұзатын шешімдердің немесе әрекеттердің (әрекетсіздіктің) мәнін баяндау қамтылуға тиіс. Шағымға арыз берушінің дәлелдерін растайтын құжаттар және өзге де материалдар қоса беріледі.
Тармақ 4
4. Шағымды алып, Уәкіл мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
Тармақша 1
1) шағымды Уәкіл бекітетін тәртіппен қарауға қабылдайды;
Тармақша 2
2) арыз беруші өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін пайдалана алатын тәсілдер мен құралдарды түсіндіреді;
Тармақша 3
3) құзыретті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға анықтауға жататын мән-жайларға тексеру жүргізу туралы өтініштер жібереді;
Тармақша 4
4) шағымды қарауға қабылдаудан бас тартады, оған уәжін білдіруге тиіс. Шағымды қарауға қабылдаудан бас тарту шағым жасалуға жатпайды.
Тармақ 5
5. Шағымды қарау мерзімі Уәкілдің уәжді шешімімен ақылға қонымды, бірақ екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы арыз берушіге мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады. Уәкіл қабылданған шешім туралы арыз берушіні және шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған тиісті мемлекеттік органдарды, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарын, лауазымды адамдарды хабардар етеді.
Бап 10
10-бап. Уәкілдің шағымды қарау кезіндегі құқықтары
Тармақ 1
1. Уәкіл шағымды қарау кезінде:
Тармақша 1
1) мемлекеттік органдардан, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарынан, өзге де ұйымдардан және лауазымды адамдардан, соттың іс жүргізуіндегі істер мен материалдарды қоспағанда, шағымды қарау үшін қажетті құжаттарды, мтериалдарды және мәліметтерді сұратуға және алуға құқылы;
Тармақша 2
2) мемлекеттік ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің адам және азамат құқықтары мен бостандықтары мәселелеріне қатысты құжаттарына белгіленген тәртіппен қол жеткізуге;
Тармақша 3
3) шағым берушілерді, оның ішінде мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ өзге де ұйымдардың өкілдерін шақыра отырып, жедел қабылдауды (бірлескен қабылдауларды) ұйымдастыруға;
Тармақша 4
4) егер жаппай бұзушылық туралы мәліметтер болса не мұндай бұзушылықтың қоғамдық маңызы болса немесе өз құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық құралдарын өзі дербес пайдалана алмайтын адамдардың мүдделерін қорғау қажеттігіне байланысты болса, өз бастамасымен адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына қатысты мәселелерді қарауға;
Тармақша 5
5) мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына және ұйымдарға, лауазымды адамдарға адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша ұсынымдар мен өтінішхаттар жіберуге құқылы.
Тармақ 2
2. Уәкілге мемлекеттік не заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Бап 11
11-бап. Шағымды қарау ерекшеліктері
Тармақ 1
1. Шағымды қарау кезінде Уәкіл шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына немесе лауазымды адамға қарау процесінде анықталуға жататын кез келген мәселелер бойынша өз түсіндірмелерін беру мүмкіндігін беруге міндетті. Уәкіл шағым нысанасы болған мән-жайларды анықтауға жәрдем көрсету үшін мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына немесе лауазымды адамға өтініш жасауға құқылы.
Тармақ 2
2. Уәкілдің ұсынымдары мен өтінішхаттары алынған күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарауға жатады, қарау нәтижелері туралы Уәкілге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабарланады. Қосымша зерделеу жүргізу қажет болған жағдайларда, Уәкілдің ұсынымдары мен өтінішхаттарын қарау мерзімін олар жіберілген субъект күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартады, бұл туралы Уәкілге қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.
Тармақ 3
3. Шағымды қарау кезінде алынған материалдар Уәкіл түпкілікті шешім шығарғанға дейін жария етуге жатпайды.
Тармақ 4
4. Уәкіл шағымды қарау процесінде арыз берушінің және басқа да адамдардың жеке өмірі туралы өзіне белгілі болған мәліметтерді олардың жазбаша келісімінсіз жария етуге құқылы емес.
Бап 12
12-бап. Шағымды қарау нәтижелері Шағымды қарау нәтижелері бойынша Уәкіл өзі қабылдаған шешімге қарай:
Тармақша 1
1) әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) арыз берушінің құқықтары мен бостандықтары бұзылған мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, лауазымды адамдарға, мемлекеттік қызметшілерге адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру үшін қабылдануға тиіс шараларға қатысты ұсынымдар жібереді;
Тармақша 2
2) уәкілетті мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын бұзған адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық құқық бұзушылық бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру туралы өтінішхатпен жүгінеді;
Тармақша 3
3) сотқа мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің шешімдерімен немесе әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) шектелмеген адамдар тобының бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін талап арызбен (талап қоюмен) жүгінеді. Уәкіл жіберетін талап арызға (талап қоюға) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік баж салынбайды. 📌 Ескерту. 12-баптың 3) тармақшасы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі - осы Заңның 23-бабымен.
Бап 13
13-бап. Шағымдарды қарау қорытындысын жинақтап қорыту
Тармақ 1
1. Шағымдарды қарау қорытындысын жинақтап қорыту нәтижелері бойынша Уәкіл:
Тармақша 1
1) мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, сондай-ақ лауазымды адамдарға адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әкімшілік рәсімдерді жетілдіруге қатысты жалпы сипаттағы өз ескертулері мен ұсыныстарын жібереді;
Тармақша 2
2) егер Уәкіл мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының немесе лауазымды адамдардың адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын бұзатын шешімдері немесе әрекеттері (әрекетсіздігі) құқықтық актілердің жетілдірілмеуіне немесе орын алған олқылықтарға не Қазақстан Республикасы заңнамасының Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына немесе өзге де міндеттемелеріне қайшы келуіне байланысты жасалады деп пайымдаса, құқықтық актілерді қабылдаған (шығарған) субъектілерге оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстармен өтініш жасайды.
Тармақ 2
2. Ерекше қоғамдық маңызы бар не Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының жаппай бұзылуына байланысты жағдайларда Уәкіл мынадай шаралар қолданады:
Тармақша 1
1) тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталарына немесе Қазақстан Республикасының Үкіметіне өтініш жолдайды;
Тармақша 2
2) Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес осындай құқығы бар адамдардың Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне өтініш жолдауы туралы өтінішхат береді;
Тармақша 3
3) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірме беру ұсынысымен өтініш жасайды.
Бап 14
14-бап. Уәкілдің баяндамалары
Тармақ 1
1. Уәкіл Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына нормативтік құқықтық актілерді талдау, осы Заңға сәйкес шағымдарды қарау және басқа да өкілеттіктерді іске асыру нәтижелерін қамтитын өз қызметі туралы жыл сайын баяндамалар ұсынады.
Тармақ 2
2. Қазақстан Республикасында адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың жекелеген мәселелері бойынша Уәкіл арнаулы баяндамалар дайындай алады және тарата алады.
Тармақ 3
3. Уәкілдің баяндамалары уәкілетті мемлекеттік органдарға олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қарау үшін жіберіледі. Уәкілетті мемлекеттік органдар Уәкілдің баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде оған баяндаманы қарау нәтижелері туралы белгіленген тәртіппен хабарлайды.
Тармақ 4
4. Уәкіл осы бапта көрсетілген баяндамаларды дайындау және тарату тәртібін бекітеді.
Тармақ 5
5. Баяндамалар Уәкілдің интернет-ресурсында жариялануға және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуға жатады.
Бап 15
15-бап. Ұлттық алдын алу тетігі Уәкіл ұлттық алдын алу тетігінің тиімді қызметін қамтамасыз ету мақсатында азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қызметін үйлестіреді, ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қажетті әлеуеті мен кәсіптік білімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Бап 16
16-бап. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтары саласындағы құқықтық ағарту, қоғамдық бірлестіктермен, сарапшылармен және мамандармен өзара іс-қимыл
Тармақ 1
1. Уәкіл адам және азамат құқықтары мен бостандықтары саласындағы құқықтық ағартуға жәрдемдеседі, адам және азамат құқықтары мен бостандықтары туралы білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және халықтың Қазақстан Республикасының заңнамасы мен аса маңызды халықаралық актілерді білу деңгейін арттыруға қатысады.
Тармақ 2
2. Уәкіл адам және азамат құқықтары мен бостандықтары туралы білімді ілгерілету, ғылыми-қолданбалы зерттеулерді ұйымдастыру, сондай-ақ адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы білім мен дағдыларды тұрақты түрде арттыру мақсатында ғылыми-білім беру орталығын және өзге де ұйымдарды құруға бастамашылық жасай алады.
Тармақ 3
3. Уәкіл адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын ілгерілету және көтермелеу жөніндегі ақпараттық науқандар мен жобалар шеңберінде мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Тармақ 4
4. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Уәкіл баяндамаларды дайындауға ұйымдар мен мамандарды шарт негізінде тартуға құқылы.
Бап 17
17-бап. Заңнаманы жетілдіру және халықаралық шарттар жасасу жөніндегі ұсыныстар Уәкіл өз қызметі шеңберінде адам және азамат құқықтары мен бостандықтары мәселелері бойынша және Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» және «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңдарында белгіленген тәртіппен:
Тармақша 1
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру немесе халықаралық шарттарын жасасу жөнінде ұсыныстар әзірлейді және мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді;
Тармақша 2
2) мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстарын қарайды.
Тарау 4. 4-тарау. УӘКІЛ МЕН ОНЫҢ ОБЛЫСТАҒЫ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ҚАЛАДАҒЫ, АСТАНАДАҒЫ ӨКІЛІНІҢ, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
4-тарау. УӘКІЛ МЕН ОНЫҢ ОБЛЫСТАҒЫ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ҚАЛАДАҒЫ, АСТАНАДАҒЫ ӨКІЛІНІҢ, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
Бап 18
18-бап. Уәкілдің облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі
Тармақ 1
1. Уәкілдің облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі (бұдан әрі – өкіл) болады, оны Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
Тармақ 2
2. Өкіл мемлекеттік қызметші болып табылады және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдіктерінің қызметіне басшылық жасайды. Өкілдердің функционалдық міндеттерін Уәкіл бекітеді.
Тармақ 3
3. Өкіл тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Уәкілдің атынан өзінің функционалдық міндеттері шеңберінде және оның тапсырмасы бойынша өкілеттігін жүзеге асырады. 📌 Ескерту. 18-бап алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі - осы Заңның 23-бабымен.
Бап 19
19-бап. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық
Тармақ 1
1. Уәкілдің қызметін қамтамасыз ету үшін жұмыс органы – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық (бұдан әрі – Ұлттық орталық) құрылады, ол мемлекеттік мекеме болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік және орыс тілдерінде өз атауы көрсетілген мөрі мен бланкілері, сондай-ақ банктік мекемелерде тиісті шоттары болады.
Тармақ 2
2. Ұлттық орталық туралы ережені Уәкілдің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Ұлттық орталық пен оның өкілдіктерінің құрылымын Уәкіл бекітеді.
Тармақ 3
3. Ұлттық орталықтың басшысын Уәкіл лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
Тармақ 4
4. Ұлттық орталық Уәкілдің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
Тармақ 5
5. Ұлттық орталықтың қызметкерлері өз қызметін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы негізінде жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер болып табылады.
Тармақ 6
6. Ұлттық орталық пен оның өкілдіктері қызметкерлерінің ақшалай қамтылымы, оларды медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес айқындалады.
Бап 20
20-бап. Қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
Тармақ 1
1. Уәкілдің, оның өкілдерінің, сондай-ақ жұмыс органының қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
Тармақ 2
2. Уәкілдің ақшалай қамтылымы, оған медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету, сондай-ақ оның қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету мемлекеттік лауазымдарды атқаратын, бірақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесінен төмен емес лауазымды адамдар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген кепілдіктер деңгейінде айқындалады.
Тармақ 3
3. Республикалық бюджетте жыл сайын жекелеген бюджеттік бағдарламамен Уәкілдің, оның өкілдерінің, сондай-ақ жұмыс органының қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті қаражат көзделеді.
Тармақ 4
4. Ұлттық орталық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржылық есептілік ұсынады.
Тармақ 5
5. Уәкілдің қызметтік куәлігін беру тәртібі мен сипаттамасы Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіппен айқындалады.
Бап 21
21-бап. Уәкіл жанындағы консультативтік-кеңесші органдар, сондай-ақ оның мемлекеттік органдар және ұйымдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдарға қатысуы
Тармақ 1
1. Уәкіл жанынан консультативтік-талдамалық функциялары бар, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс тәжірибесі бар адамдардан тұратын сараптама кеңесі құрылады.
Тармақ 2
2. Ұлттық алдын алу тетігінің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Уәкіл жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.
Тармақ 3
3. Уәкіл мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдар өкілдерінің, азаматтардың қатысуымен жұмыс топтарын және комиссиялар құра алады.
Тармақ 4
4. Уәкіл дербес немесе өз өкілдері арқылы мемлекеттік органдар және ұйымдар жанындағы консультативтік-кеңесші және байқаушы органдарға өз бастамасымен немесе шақыру бойынша қатыса алады.
Бап 22
22-бап. Уәкілдің және Ұлттық орталық басшысының актілері
Тармақ 1
1. Осы Заңды іске асыру мақсатында Уәкіл өкімдер шығарады, Ұлттық орталықтың басшысы бұйрықтар шығарады.
Тармақ 2
2. Уәкілдің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, мемлекеттік және орыс тілдерінде лауазымының атауы көрсетілген белгіленген үлгідегі өз бланкісі болады.
Тарау 5. 5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕ
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕ
Бап 23
23-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 3-баптың 4-тармағының екінші бөлігін, 12-баптың 3) тармақшасын, 18-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.