Об утверждении Правил рассмотрения жалоб Қолданыста

07.08.2026 жағдай бойынша қолданыста болған редакция: 22.06.2026. Бұл — корпустағы соңғы редакция.
Басқа 0
Шағымдарды қарау қағидаларын бекіту туралы «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 7-бабы 14) тармақшасының екінші абзацына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Тармақ 1
1. Қоса беріліп отырған Шағымдарды қарау қағидалары бекітілсін.
Тармақ 2
2. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
Тармақша 1
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
Тармақша 2
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
Тармақ 3
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысының міндетін атқарушы А.С. Умаровқа жүктелсін.
Тармақ 4
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. «КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы
Басқа 7. Шағымдарды қарау қағидалары
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2023 жылғы 20 қаңтардағы № 3 бұйрығымен бекітілді Шағымдарды қарау қағидалары
Тарау 1
1-тарау. Жалпы ережелер
Тармақ 1
1. Осы Шағымдарды қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің (бұдан әрі – Уәкіл) және оның астанадағы, әрбір облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы өкілдерінің (бұдан әрі – Өкілдер) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы шағымдарды қарау тәртібін айқындайды.
Тармақ 2
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
Тармақша 1
1) құқықтық қорғаудың тәсілдері мен құралдары – адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін ұлттық немесе халықаралық заңнамада көзделген тетіктер мен рәсімдер;
Тармақша 2
2) арыз беруші – Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматы, азаматтығы жоқ адамдар мен олардың өкілдері;
Тармақша 3
3) арыз берушінің өкілі – жеке немесе заңды тұлға, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз өкілеттігін жүзеге асыратын «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының (бұдан әрі –Конституциялық Заң) 13-бабының 1-тармағына сәйкес қоғамдық бірлестікті қоса алғанда;
Тармақша 4
4) ұлттық превентивтік тетікке қатысушы – азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарым-қатынастар мен жазалау түрлерінің алдын алу жүйесі шеңберінде әрекет ететін, Уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі іріктейтін Уәкіл, азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктердің және қоғамдық бақылау комиссияларының мүшелері, заңгерлер, әлеуметтік жұмыскерлер, дәрігерлер;
Тармақша 5
5) шағым – бұл арыз берушілердің пікірінше, мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, өзге де ұйымдардың немесе лауазымды адамдардың шешімімен немесе әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) бұзылған немесе бұзатын, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіде және Қазақстан Республикасы ратификациялаған, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы басқа да халықаралық шарттарда бекітілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру немесе қорғау туралы талапты қамтитын жазбаша немесе ауызша өтініш;
Тармақша 6
6) шағымды қарау пайдасына презумпция – шағымға қойылатын талаптардың сәйкес келмеуінен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының болжамды бұзылуы туралы шағым мәнінің басым болуы.
Тармақ 3
3. Орталық мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік, үкіметтік емес ұйымдардың және өзге ұйымдардың, лауазымды тұлғалардың шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) байланысты шағымдарды Уәкіл қарайды. Өкілдер шағымдарды өздерінің функционалдық міндеттері шеңберінде және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде, сондай-ақ Уәкілдің тапсырмасы бойынша қарайды. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық (бұдан әрі – жұмыс органы) Конституциялық заңның 20-бабының 4-тармағына сәйкес шағымдарды қарау жөніндегі Уәкілдің қызметін жүзеге асыру үшін жәрдем көрсетеді.
Тармақ 4
4. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген әкімшілік рәсімдер тәртібі Конституциялық заңмен және Қағидалармен реттелетін қатынастарға қолданылмайды.
Тармақ 5
5. Шағымды қарау кезінде алынған материалдар түпкілікті шешім шығарылғанға дейін жария етілуге жатпайды. Арыз берушінің және басқа адамдардың жеке өмірі туралы мәліметтер олардың жазбаша келісімінсіз жария етілмейді.
Тармақ 6
6. Шағымды қарау мерзімі шағым тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күнінен аспауға тиіс. Бұл мерзім Уәкілдің дәлелді шешімімен ақылға қонымды мерзімге, бірақ екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылады, бұл туралы арыз берушіге және шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын тиісті мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, лауазымды адамдарға үш жұмыс күні ішінде хабарланады.
Тарау 2
2-тарау. Шағымды қабылдау
Тармақ 7
7. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы шағымды арыз беруші жеке өзі немесе оның өкілі не өз өкілеттіктерін орындау кезінде алынған ұлттық превентивтік тетікке қатысушысы арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының болжамды бұзылуына әкеп соққан мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, өзге де ұйымдар мен лауазымды адамдардың шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қатысты мемлекеттік тілде немесе өзі білетін тілде қағаз немесе электрондық форматта береді.
Тармақ 8
8. Шағымда мыналар болуы керек:
Тармақша 1
1) арыз берушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және тұрғылықты жері немесе жұмыс орны туралы мәліметтер;
Тармақша 2
2) арыз берушінің пікірінше оның құқықтары мен бостандықтарын бұзған немесе бұзатын мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, өзге де ұйымдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерінің немесе әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) мәнін баяндау. Арыз берушінің өкілі берген шағымға мүддесінде шағым берілген адамның өкілеттігін, келісімін растайтын құжат қоса беріледі. Жақын туысы, жұбайы (зайыбы) беретін шағымға мүдделері үшін шағым берілетін адамның келісімі талап етілмейді.
Тармақ 9
9. Шағымды ресімдеу және тиімді қарау ыңғайлылығы үшін Қағидалардың қосымшасына сәйкес үлгі көзделген.
Тармақ 10
10. Шағымға мыналар қоса беріледі (бар болса):
Тармақша 1
1) арыз берушінің дәлелдерін растайтын құжаттар;
Тармақша 2
2) фото-, аудио- мен бейнематериалдарды қоса алғанда, шағымның мән-жайын растайтын дәлелдер;
Тармақша 3
3) алдыңғы шағымдар туралы мәліметтер.
Тармақ 11
11. Түскен кезде шағым белгіленген жұмыс уақытында келіп түскен күні тіркелуге тиіс. Егер шағым жұмыс істемейтін күні түссе, онда ол одан кейінгі келесі жұмыс күні тіркеледі. Тіркеу процесінде шағымның негізгі деректері тіркеледі және арыз берушіге алғаны туралы растау беріледі.
Тармақ 12
12. Келіп түскен шағымдар бойынша Уәкіл, Өкілдер мынадай әрекеттердің бірін жүзеге асырады:
Тармақша 1
1) шағымды қарауға қабылдайды;
Тармақша 2
2) арыз беруші өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін пайдалана алатын тәсілдер мен құралдарды түсіндіреді;
Тармақша 3
3) құзыретті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға анықтауға жататын мән-жайларға тексеру жүргізу туралы жолданымдар жібереді;
Тармақша 4
4) шағымды қарауға қабылдаудан бас тартады, ол дәлілді болуға тиіс.
Тарау 3
3-тарау. Жеке қабылдау
Тармақ 13
13. Арыз беруші жеке қабылдау туралы өтініш жасай алады, онда мыналар болуы керек:
Тармақша 1
1) арыз берушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және тұрғылықты жері немесе жұмыс орны туралы мәліметтер;
Тармақша 2
2) арыз берушінің пікірі бойынша, оның құқықтары мен бостандықтарын бұзған немесе бұзатын мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың шешімдерінің немесе әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) мәнін баяндау;
Тармақша 3
3) осы мәселе бойынша алдыңғы шағымдар туралы мәліметтер. Осы ақпарат болмаған жағдайда арыз берушіге Қағидалардың 35-тармағында көзделген тәртіппен кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі. Егер арыз беруші шағымды белгіленген мерзімде сәйкестікке келтірмесе, Уәкіл негіздерін көрсете отырып, жеке қабылдаудан бас тартуға құқылы. Арыз беруші шағыммен қайта жүгіне алады.
Тармақ 14
14. Жеке қабылдау жұмыс органының және өкілдіктерінің ресми интернет-ресурсына шығарылған жеке қабылдау кестесіне сәйкес алдын ала жазылу бойынша жүзеге асырылады.
Тармақ 15
15. Егер арыз беруші мемлекеттік немесе орыс тілін білмесе, жеке қабылдауда ол ана тілінде немесе аудармашының қызметтерін пайдалана отырып, өзі білетін тілде сөйлей алады.
Тармақ 16
16. Уәкіл, Өкілдер шағымды қарау кезінде арыз берушілерді жедел қабылдауды, оның ішінде мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ өзге де ұйымдардың өкілдерін шақыра отырып (бірлескен қабылдаулар) ұйымдастыруға құқылы.
Тармақ 17
17. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген немесе арыз берушілер мен жеке қабылдауды жүзеге асыратын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты өзге де мән-жайлар туындаған жағдайда, қабылдау техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Тармақ 18
18. Егер жеке қабылдау барысында арыз беруші көтерген мәселені Уәкіл, Өкіл шеше алмаса, онда арыз беруші шағымды жазбаша нысанда бере алады және онымен Қағидаларда көзделген тәртіппен жазбаша шағым ретінде жұмыс жүргізіледі.
Тарау 4
4-тарау. Шағымды қарау тәртібі
Тармақ 1
1-параграф. Шағымды қарауға қабылдау
Тармақ 19
19. Шағымды қарауға қабылдау туралы мәселені шешкен кезде шағымды қараудың пайдасына презумпция қағидаты басым болады.
Тармақ 2
2-параграф. Шағымды қарау
Тармақ 20
20. Шағымды қарау адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын немесе адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы ратификацияланған халықаралық шарттар шеңберінде мемлекеттің құқықтық міндеттемелерін сақтамау нәтижесінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуының болуын айқындау мақсатында жүргізіледі.
Тармақ 21
21. Уәкіл, Уәкілдің тапсырмасы бойынша жұмыс органы, Өкілдер шағымның мәні болып табылатын мән-жайларды анықтауға жәрдем көрсету үшін мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына және лауазымды адамдарға жүгінуге құқылы.
Тармақ 22
22. Уәкіл, Уәкілдің тапсырмасы бойынша жұмыс органы, Өкілдер шағымды қарау үшін қажетті материалдарды, құжаттар мен мәліметтерді мемлекеттік органдардан, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарынан, өзге де ұйымдар мен лауазымды адамдардан сұратуға және алуға, белгіленген тәртіппен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мәселелеріне қатысты мемлекеттік ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің құжаттарына қол жеткізуге құқылы.
Тармақ 23
23. Сұратылған материалдар, құжаттар мен мәліметтер, егер сұрауда басқа мерзім көрсетілмесе, сұрау салу алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде ұсынылуы тиіс. Мерзім екі жұмыс күнінен кем болмауы тиіс. Мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты ұсыну Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Тармақ 24
24. Шағымды қарау рәсімі мынадай міндетті әрекеттерді қамтиды:
Тармақша 1
1) арыз берушіден және мемлекеттік органдардан нақты деректерді талап ету, шағымға қатысты қажетті құжаттарды және өзге де материалдарды жинау арқылы мән-жайларды анықтау;
Тармақша 2
2) шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына немесе лауазымды адамға шағымды қарау процесінде анықталуға жататын кез келген мәселелер бойынша өз түсініктемелерін беруге мүмкіндік беру;
Тармақша 3
3) алынған ақпаратты объективтілік пен бейтараптық қағидаттарына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарына, адамның және азаматтың құқықтарының халықаралық стандарттарына сәйкестігіне талдау арқылы дәлелдемелерді бағалау.
Тармақ 25
25. Арыз берушінің және уәкілетті мемлекеттік органдардың тарапынан ұсынылған құжаттар мен ақпараттың, сондай-ақ құқықтық талдаудың негізінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуының бар немесе жоқ екендігі анықталады.
Тармақ 26
26. Адам құқықтарының бұзылуы байқалған шағымдар бойынша Уәкіл:
Тармақша 1
1) арыз берушінің құқықтары мен бостандықтары олардың әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) бұзылған мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, лауазымды адамдарға, мемлекеттік қызметшілерге адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру үшін қабылдануға тиіс шараларға қатысты ұсынымдар жібереді;
Тармақша 2
2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық құқық бұзушылық бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру туралы өтінішхатпен уәкілетті мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға жүгінеді;
Тармақша 3
3) мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің шешімдерімен немесе әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) адамдардың шектелмеген тобының бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін талап арызбен (талап қоюмен) сотқа жүгінеді.
Тармақ 27
27. Ұсынымдар мыналар бойынша шаралар қабылдауды қамтуы мүмкін:
Тармақша 1
1) объективті және бейтарап талқылау жүргізу, кінәлі адамдарды жауапқа тарту;
Тармақша 2
2) ратификацияланған халықаралық шарттарға сәйкес мемлекеттің келтірілген залал үшін өтемақы беру міндеттемелерін іске асыру;
Тармақша 3
3) оңалту, оның ішінде қажет болған жағдайда медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмекке қол жеткізу бойынша шаралар қабылдау;
Тармақша 4
4) болашақта осындай бұзушылықтардың алдын алу үшін саясатты өзгертуді, рәсімдерді қайта қарауды және тиісті органдардың қызметкерлерін оқытуды қамтитын қайталамау кепілдігін енгізу.
Тармақ 28
28. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы байқалмаған шағымдар бойынша арыз берушіге осындай шешімнің дәлелді себептерін көрсете отырып, жауап жіберіледі.
Тармақ 3
3-параграф. Құқықтар мен бостандықтарды қорғаудың тәсілдері мен құралдарын түсіндіру
Тармақ 29
29. Шағымдар бойынша құқықтар мен бостандықтарды қорғау тәсілдері мен құралдары түсіндіріледі:
Тармақша 1
1) құқықтық қорғау құралдары сарқылмаған (арыз берушінің құқықтары мен бостандықтарын бұзған мемлекеттік органның, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органының немесе лауазымды адамның шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалмаған);
Тармақша 2
2) қылмыстық және әкімшілік істер бойынша сот актілері мен уәкілетті органдардың шешімдеріне дау айту туралы, егер олар әділдік және дәлелдемелерге баға беру мәселелерімен байланысты болса;
Тармақша 3
3) негізсіз ұстау немесе сот талқылауын кейінге қалдыру туралы жағдайларды қоспағанда мемлекеттік органдарда немесе соттарда қарау сатысында тұрғандар;
Тармақша 4
4) мемлекеттік органның әрекеттері шығу тегі, әлеуметтік, лауазымдық немесе мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, нанымы, тұрғылықты жері немесе өзге де жағдайлар бойынша кемсітушілікке негізделген жағдайларды қоспағанда мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының мәселелерімен байланысты;
Тармақша 5
5) азаматтық даулармен байланысты жеке және заңды тұлғалардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты, оның ішінде меншік құқығы, шарттық міндеттемелерді орындау мәселелері және адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы ратификацияланған халықаралық шарттар шеңберіндегі мемлекеттің халықаралық міндеттемелерінен туындамайтын басқа да жеке құқықтық қатынастар. Арыз берушінің өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін пайдалана алатын тәсілдері мен құралдары туралы түсіндірме жіберу кезінде шағымның көшірмесі шағымда көрсетілген мәселені қарау құзыретіне кіретін мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның атына жіберілуі мүмкін.
Тармақ 30
30. Шағымның көшірмесін жіберу кезінде шағымда келтірілген мәселені қарау құзыретіне кіретін мемлекеттік органның өкілеттіктері көрсетіледі және мемлекеттің нақты адамның және азаматтың құқығын құрметтеу, қорғау және сақтау жөніндегі міндеттемелері, шағымда мәлімделетін бұзшылықтар туралы, сондай-ақ арыз берушіні ратификацияланған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес қолжетімді және тиімді құқықтық қорғау құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері түсіндіріледі.
Тармақ 4
4-параграф. Тексеру жүргізу үшін шағымды мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға жіберу
Тармақ 31
31. Егер шағымда нақты бұзушылық туралы мәліметтер болса, шағымдар тексеру үшін мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға жіберіледі.
Тармақ 32
32. Азаптаулар немесе қатыгез адамгершілікке жатпайтын, қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас пен жаза немесе өзге де қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хабарламалары бар, оның ішінде ұлттық превентивтік тетікке қатысушыларын өз өкілеттіктерін орындауы кезінде алынған, сондай-ақ оларда дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қатер туралы мәліметтері бар жасырын шағымдар мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға олардың құзыретіне сәйкес дереу жіберіледі.
Тармақ 33
33. Егер арыз берушіге шағымды қараудан бас тартылса, бірақ тексеру жүргізуді талап ететін арыз берушінің құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы байқалса, шағымдар мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға жіберіледі.
Тармақ 34
34. Тексеру жүргізу үшін мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға жіберу кезінде арыз берушінің пікірінше болжамды құқық бұзушылық туралы, сондай-ақ тексеру жүргізу және осындай құқық бұзушылықтар бойынша шешім қабылдау құзыретіне кіретін мемлекеттік органның (лауазымды адамдардың) өкілеттіктері туралы көрсетіледі. Уәкіл, Уәкілдің тапсырмасы бойынша жұмыс органы, Өкілдер тексеру нәтижелері туралы ақпаратты сұратуға құқылы.
Тармақ 5
5-параграф. Шағымды қарауға қабылдаудан бас тарту
Тармақ 35
35. Қағидалардың 32-тармағын қоспағанда, Қағидалардың 8-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе немесе егер шағым мәтіні оны түсінудің дәлдігіне күмән тудыра отырып, анық емес немесе оқылмайтын болса, арыз берушіге анықталған кемшіліктерді бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жою қажеттілігін көрсете отырып хабарлама жіберіледі. Егер арыз беруші белгіленген мерзімде шағымды сәйкестендірмесе, Уәкіл негіздемелерін көрсете отырып, шағымды қарауға қабылдаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Арыз беруші көрсетілген кемшіліктерді жойғаннан кейін шағыммен қайта жүгінуге құқылы.
Тармақ 36
36. Арыз беруші ол бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін шағымды кері қайтарып алуға құқылы. Бұл ретте шағым қараусыз қалдырылады. Шағымды қарау, егер ол өтініш берушінің құқықтары мен мүдделерін немесе қоғамдық мүдделерді қорғау үшін қажет болса, оны қайтарып алғанына қарамастан жалғасады.
Тармақ 37
37. Қағидалардың 32-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, жасырын шағымдар, сондай-ақ діни, этникалық, жыныстық немесе өзге де белгілері бойынша жеке тұлғаға немесе топқа қатысты әдепсіз сөздерді, қорлау немесе кемсітушілік тұжырымдарды қамтитын шағымдар және өтініш беру құқығын теріс пайдаланудың өзге де нысандары қарауға жатпайды.
Тармақ 38
38. Шағымды қарауға қабылдаудан бас тарту туралы шешім арыз берушінің назарына осындай шешімнің дәлелді себептерін көрсете отырып жеткізіледі.
Тармақ 39
39. Жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған жағдайлар келтірілмеген, ал алдыңғы шағымдардың материалдарында тексеру материалдары бар және арыз берушіге белгіленген тәртіппен жауаптар берілген қайталанған шағымдар қарауға жатпайды және арыз берушіге хабарлай отырып, бұрын келіп түскен шағымдарға тіркеледі.
Тармақ 40
40. Шағымды қабылдаудан бас тарту туралы шешім шағымдануға жатпайды.
Тарау 5
5-тарау. Жеке шағым болмаған кезде адам мен азаматтың құқықтарын бұзу жағдайларын қарау
Тармақ 41
41. Уәкіл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына қатысты мәселелерді, егер олардың белгісіз адамдар тобын қозғайтын жаппай бұзылуы туралы мәліметтер болса не мұндай бұзушылықтың қоғамдық маңызы бар болса немесе бұл өз құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық құралдарын өз бетінше пайдалана алмайтын адамдардың мүдделерін қорғау қажеттігіне байланысты болса, өз бастамасы бойынша қарауға құқылы. Қарау ашық дереккөздерден, мемлекеттік, мемлекеттік емес немесе халықаралық ұйымдардан алынған мәліметтер негізінде басталуы мүмкін. Өңірлік деңгейде тексеру жүргізу қажет болған жағдайда Уәкіл тиісті Өкілге тапсырма жібереді. Қарау және шаралар қабылдау тәртібі Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Тарау 6
6-тарау. Шағымдарды қарау қорытындыларын жинақтау нәтижелері бойынша қабылданатын шаралар
Тармақ 42
42. Шағымдарды қарау қорытындыларын жинақтауды жұмыс органы және Өкілдер жұмыс органының регламентінде көзделген мерзімде жүргізеді.
Тармақ 43
43. Шағымдарды қарау қорытындысын жинақтау нәтижелері бойынша Уәкіл:
Тармақша 1
1) мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, сондай-ақ лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әкімшілік рәсімдерді жетілдіруге қатысты жалпы сипаттағы ескертулері мен ұсыныстарын жібереді;
Тармақша 2
2) егер Уәкіл мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының немесе лауазымды адамдардың адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын шешімдері немесе әрекеттері (әрекетсіздігі) олардың жетілдірілмеуіне немесе оларда орын алған олқылықтарға не Қазақстан Республикасы заңнамасының Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына немесе өзге де міндеттемелеріне қайшы келуіне байланысты жасалады деп пайымдаса, құқықтық актілерді қабылдаған (шығарған) субъектілерге оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстармен өтініш жасайды.
Тармақ 44
44. Ерекше қоғамдық маңызы бар не Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының жаппай бұзылуына байланысты жағдайларда Уәкіл мынадай шаралар қабылдайды:
Тармақша 1
1) тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Құрылтайына немесе Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданым жібереді;
Тармақша 2
2) сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірме беру ұсынысымен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жүгінеді;
Тармақша 3
3) Конституциялық заңға сәйкес өзге де шаралар қабылдайды.
Тарау 7
7-тарау. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша ұсынымдардың орындалуына мониторинг
Тармақ 45
45. Жұмыс органы және Өкілдер жұмыс органының регламентіне сәйкес ұсынымдардың есебін және орындалуына мониторинг жүргізеді.
Тармақ 46
46. Ұсынымдар есебінің және орындалу мониторингінің нәтижелері Уәкілдің жыл сайынғы баяндамасында көрсетіледі.
Басқа 104. Шағым
Шағымдарды қарау қағидаларына қосымша Үлгі Шағым 1. Арыз берушінің деректері (аты, тегі, әкесінің аты (бар болса), туған күні, азаматтығы, жеке сәйкестендіру нөмірі): ____________________________________________________ ____________________________________________________________________________. 2. Байланыс деректері (тұрғылықты жерінің немесе жұмыс орнының мекенжайы, байланыс телефоны, электрондық поштасы): _____________________________________ ____________________________________________________________________________. 3. Адам құқықтарының бұзылу құрбаны (аты, тегі, әкесінің аты (бар болса), туған күні, азаматтығы, жеке сәйкестендіру нөмірі)*: ________________________________________ ____________________________________________________________________________. 4. Шешіміне немесе әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын мемлекеттік орган немесе өзге де ұйым, лауазымды адам: _________________________________________ ____________________________________________________________________________. 5. Бұзылған құқықтар, бостандықтар **: _________________________________________. 6. Бұзушылық фактілері (сіздің құқығыңыздың бұзылуына әкеп соққан, мемлекеттік органның немесе өзге де ұйымның не лауазымды адамның шешімі, әрекеті (әрекетсіздігі), оның ішінде олар туралы мәліметтер, оқиғалар, сондай-ақ бұзылған құқықты қорғау үшін жасаған әрекеттеріңіз)***:_____________________________________________________ ____________________________________________________________________________. 7. Шығым берілген күні, орны: _________________________________________________. 8. Арыз берушінің қолы:_______________________________________________________. 📌 Ескерту. * Егер арыз беруші басқа тұлға болса, реттік нөмірі 3-жол толтырылады. ** Реттік нөмірі 5-жолда Сіздің ойыңызша, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіде және Қазақстан Республикасы ратификациялаған адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы басқа да халықаралық шарттарда бекітілген бұзылған құқықтар мен бостандықтар көрсетіледі. *** Реттік нөмірі 6-жолда хронологиялық тәртіпте шешімі, әрекеттер (әрекетсіздіктер), оқиғалар, мәліметтер, көрсетіледі. Қабылданған әрекеттер деп өтініштің мазмұнын және оған жауапты көрсете отырып, мемлекеттік органға немесе сотқа жүгіну (атауын көрсеткен жөн) түсініледі.