Об утверждении Правил осуществления обязательных профессиональных пенсионных взносов Қолданыста

10.08.2026 жағдай бойынша қолданыста болған редакция: 01.01.2026. Бұл — корпустағы соңғы редакция.
Басқа 0
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 11-бабының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Тармақ 1
1. Қоса беріліп отырған Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
Тармақ 2
2. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Басқа 0. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидалары
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы « » № қаулысымен бекітілген Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидалары
Тарау 1. 1-тарау. Жалпы ережелер
1-тарау. Жалпы ережелер
Тармақ 1
1. Осы Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 11-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленді және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
Тармақ 2
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
Тармақша 1
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
Тармақша 2
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметті, сондай-ақ Әлеуметтік кодексте айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын заңды тұлға;
Тармақша 3
3) еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскер (бұдан әрі – жұмыскер) – жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және жұмысты еңбек шарты бойынша тікелей орындайтын, кәсіптері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 23 мамырдағы № 170 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32568 болып тіркелген) бекітілген өндірістердің, жұмыстардың, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын қызметкерлер кәсіптерінің тізбесінде (бұдан әрі – тізбе) көзделген жұмыстарда зиянды жұмыстармен айналысатын жеке тұлға;
Тармақша 4
4) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
Тармақша 5
5) зиянды еңбек жағдайлары – зиянды өндірістік факторлардың болуымен сипатталатын еңбек жағдайлары;
Тармақша 6
6) зиянды өндірістік фактор – жұмыскерге әсер етуі ауыруына немесе еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне және (немесе) ұрпағының денсаулығына кері ықпал етуге әкеп соғуы мүмкін өндірістік фактор;
Тармақша 7
7) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт – міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлға (зейнетақы төлемдерін алушы) талаптарын ұсынылған шартқа тұтастай қосылу арқылы ғана қабылдай алатын қосылу шарты;
Тармақша 8
8) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, кәсіптері тізбеде көзделген жұмыскерлердің пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына агенттер меншікті қаражатының есебінен аударған ақша;
Тармақша 9
9) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агент (бұдан әрі – агент) – Қазақстан Республикасындағы қызметін шетелдік заңды тұлғалардың тұрақты мекемесі, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаны қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептейтін, ұстап қалатын (есепке жазатын) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударатын жеке немесе заңды тұлға;
Тармақша 10
10) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау – өндірістік объектілерді (өндірістік қызметті жүзеге асыратын цехтарды, учаскелерді, жұмыс орындарын, сондай-ақ жұмыс берушілердің бөлек тұрған өзге де бөлімшелерін) оларда орындалатын жұмыстар қауіпсіздігінің жай-күйін, зияндығын, ауырлығын, қауырттығын, еңбек гигиенасын айқындау және өндірістік орта жағдайларының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтерге сәйкестігін айқындау мақсатында бағалау жөніндегі қызмет.
Тарау 2. 2-тарау. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру тәртібі
2-тарау. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру тәртібі
Тармақ 3
3. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын агенттер жұмыскерлердің пайдасына меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырады.
Тармақ 4
4. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі Әлеуметтік кодекстің 250-бабының 1-тармағына сәйкес белгіленеді.
Тармақ 5
5. Агенттер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді ай сайын жүзеге асырады.
Тармақ 6
6. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру кезінде жұмыскердің Қазақстан Республикасының Салық кодексінде (бұдан әрі – Салық кодексі) көзделген барлық ай сайынғы табыстары ескеріледі.
Тармақ 7
7. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асырған кезде:
Тармақша 1
1) Салық кодексінің 365-бабында көрсетілген;
Тармақша 2
2) Салық кодексінің 400, 429, 430, 431, 432, 433, 434, 435 және 436-баптарына сәйкес жеке тұлғаның төлем көзінен салық салуға жататын кірістері азайтылатын төлемдердің түрлері ескерілмейді. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуге арналған шығыстар агенттің еңбекақы төлеу қорына жатқызылады.
Тармақ 8
8. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, оның ішінде берешекті аудару «Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 203 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14365 тіркелген) сәйкес айқындалатын төлемдерді тағайындау кодтары көрсетіліп, Мемлекеттік корпорацияның банк шотына жүргізіледі.
Тармақ 9
9. Мемлекеттік корпорацияның шотына түскен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомалары үш жұмыс күні ішінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 208 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларында (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 107861 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен жиынтық төлем тапсырмаларымен электрондық түрде төлем жүйелері операторы немесе операциялық орталығы бекіткен хабарлар форматтарында аударылады. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген төлем тапсырмаларына сәйкес пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылатын жеке тұлғалар жөніндегі ақпаратты Мемлекеттік корпорация бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен Мемлекеттік корпорация арасында жасалған келісімде белгіленген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жібереді.
Тармақ 10
10. Агент:
Тармақша 1
1) Әлеуметтік кодекстің 207-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған адамдар үшін;
Тармақша 2
2) әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар үшін;
Тармақша 3
3) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асырмайды.
Тармақ 11
11. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді агент «Төлемдер мен төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын ескере отырып, екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы қолма-қол ақшамен немесе қолма-қол ақшасыз тәсілмен Мемлекеттік корпорацияның банк шотына жүзеге асырады.
Тармақ 12
12. Агенттер төлейтін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомалары Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес шегерілуге тиіс.
Тармақ 13
13. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары тізбеде көзделген еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда уақытша жұмыс істейтін ұйымдардың өндірістік, көмекші және қосалқы цехтары қызметкерлерінің пайдасына да төленеді.
Тармақ 14
14. Кәсіптері тізбенің «Жалпы кәсіптер» бөлімінде көзделген жұмыскерлердің пайдасына, егер бұл кәсіптер тізбенің тиісті бөлімдерінде немесе кіші бөлімдерінде арнайы көзделмесе, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары олардың қандай өндірістерде немесе цехтарда жұмыс істейтініне қарамастан жүзеге асырылады.
Тармақ 15
15. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау және міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қарау нәтижелері бойынша айына жұмыс уақытының кемінде 80 %-ы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің кәсіптері анықталған жағдайда жұмыс берушілер, жұмыскерлердің өкілдері, мүдделі мемлекеттік органдар еңбек жөніндегі уәкілетті органға оларды тізбеге енгізу бойынша негізделген ұсыныстар енгізеді.
Тармақ 16
16. Өндірістік объектілерді аттестаттау нәтижелерімен расталған зиянды еңбек жағдайлары жойылған жағдайда агенттер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді зиянды еңбек жағдайлары жойылған кезден бастап тоқтатады. ___________________________