О производстве и обороте органической продукции Қолданыста

06.08.2026 жағдай бойынша қолданыста болған редакция: 12.07.2026. Бұл — корпустағы соңғы редакция.
Басқа 0
Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы Осы Заң табиғи ресурстарды сақтауға және ұтымды пайдалануға, дұрыс тамақтануды қалыптастыруға жәрдемдесуге және органикалық өнім нарығын дамытуға бағытталған органикалық өнім өндірісі мен айналымының құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
Тарау 1. 1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Бап 1
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
Тармақша 1
1) органикалық өнім – ауыл шаруашылығы өнімі, жабайы өсетін өсімдіктерден алынатын өнім, ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдары, ашытқы мен саңырауқұлақтар, оларды қайта өңдеу өнімдері, оның ішінде осы Заңның және ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетін тамақ өнімі. Аңшылық және балық аулау шаруашылығы өнімдері органикалық өнім болып табылмайды;
Тармақша 2
2) органикалық өнім айналымы – органикалық өнімді әкелуді (импорттауды) және әкетуді (экспорттауды) қоса алғанда, органикалық өнімді өткізу (сатып алу-сату немесе жеткізу) процестері (сатылары), сондай-ақ олармен байланысты өлшеп-орау, буып-түю, таңбалау, сақтау, тасымалдау процестері және өзге де процестер;
Тармақша 3
3) органикалық өнімді есепке алу және қадағалау жүйесі – органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы уәкілетті органның органикалық өнім және оның құрамдастары туралы, органикалық өнім өндіру процесі мен айналымы туралы деректерді қамтитын цифрлық жүйесінің бір бөлігі;
Тармақша 4
4) органикалық өнімді таңбалау – тұтыну орамасына және (немесе) көлік орамасына жапсырылған немесе оларға салынған не соларға қоса берілетін, тұтыну орамасына, көлік орамасына немесе ақпарат жеткізгіштің өзге де түріне жазбалар, суреттер, белгілер, символдар, өзге де белгілемелер және (немесе) олардың комбинациялары түрінде органикалық өнім туралы ақпаратты түсіру;
Тармақша 5
5) органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісі – органикалық өнім өндірудің органикалық өнім өндіру сәйкестігін растау рәсімінен өткені туралы тұтынушыларды хабардар ететін сәйкестік белгісі;
Тармақша 6
6) органикалық өнім өндіру – нәтижесі Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасы мен ұлттық стандарттарға сәйкес органикалық өнім жасау (дайындау) болып табылатын қызмет. Органикалық өнім өндіру процесі солармен байланысты өлшеп-орау, буып-түю, таңбалау, сақтау, тасымалдау процестерін және басқа процестерді қамтиды;
Тармақша 7
7) органикалық өнім өндіру үшін пайдаланылатын ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдары мен ауыл шаруашылығы жануарларының тізілімі – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынатын деректердің негізінде алынған, органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылатын, органикалық өнім өндіру үшін пайдаланылуы мүмкін ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының және ауыл шаруашылығы жануарларының болуы туралы ақпарат;
Тармақша 8
8) органикалық өнім өндіруші – органикалық өнім өндіруді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға, органикалық өнім өндірушілер бірлестігі (жай серіктестік);
Тармақша 9
9) органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы уәкілетті орган – органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
Бап 2
2-бап. Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасы
Тармақ 1
1. Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Тармақ 2
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың осы Заң алдында басымдығы болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
Бап 3
3-бап. Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасының мақсаты мен міндеттері
Тармақ 1
1. Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасының мақсаттары:
Тармақша 1
1) органикалық өнім өндірісінің және айналымының барлық кезеңінде оның тұтастығын қамтамасыз ету;
Тармақша 2
2) органикалық өнімнің ішкі нарығын дамыту және халықтың оған деген қажеттіліктерін қанағаттандыру;
Тармақша 3
3) органикалық өнімнің ұлттық брендін дамыту;
Тармақша 4
4) органикалық өнім өндірісі мен айналымы саласындағы ғылыми қамтамасыз ету болып табылады.
Тармақ 2
2. Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасының міндеттері:
Тармақша 1
1) тамақ өнімдерінің сапасын арттыру;
Тармақша 2
2) жергілікті жағдайларға және органикалық өнім өндіру мақсаттарына бейімделген ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын және ауыл шаруашылығы жануарларын пайдалануға жәрдемдесу;
Тармақша 3
3) органикалық өнім өндірушілерді жосықсыз бәсекелестіктен қорғау;
Тармақша 4
4) бәсекеге қабілеттілікті арттыру және органикалық өнім экспортын ұлғайтуға жәрдемдесу;
Тармақша 5
5) органикалық өнім өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну болып табылады.
Бап 4
4-бап. Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасының қағидаттары Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасының қағидаттары:
Тармақша 1
1) қоршаған ортаға, адам денсаулығына, өсімдіктердің саулығына, сондай-ақ жануарлардың саулығы мен амандығына залал келтірмейтін органикалық өнім өндіруді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау;
Тармақша 2
2) топырақты, суды, ауаны қоса алғанда, табиғи ресурстарды басқарудың орнықты жүйелерін пайдалану, биоәртүрлілікті сақтау болып табылады.
Тарау 2. 2-тарау. ОРГАНИКАЛЫҚ ӨНІМ ӨНДІРІСІ ЖӘНЕ АЙНАЛЫМЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
2-тарау. ОРГАНИКАЛЫҚ ӨНІМ ӨНДІРІСІ ЖӘНЕ АЙНАЛЫМЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
Бап 5
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы құзыреті Қазақстан Республикасының Үкіметі:
Тармақша 1
1) органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
Тармақша 2
2) өзіне Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды атқарады.
Бап 6
6-бап. Органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы уәкілетті органның құзыреті Органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы уәкілетті орган:
Тармақша 1
1) органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;
Тармақша 2
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
Тармақша 3
3) органикалық өнім өндіру үшін пайдаланылатын ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдары мен ауыл шаруашылығы жануарларының тізілімін жүргізеді;
Тармақша 4
4) органикалық өнім өндіру кезінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу бойынша қолданылатын рұқсат етілген құралдар тізімін әзірлейді және бекітеді;
Тармақша 5
5) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу бойынша органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
Тармақша 6
6) органикалық өнімді есепке алу және қадағалау жүйесін жүргізеді;
Тармақша 7
7) органикалық өнім өндірушілерге ақпараттық, ұйымдастырушылық-әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетуді ұйымдастырады;
Тармақша 8
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Бап 7
7-бап. Өзге мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы құзыреті
Тармақ 1
1. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган:
Тармақша 1
1) органикалық өнімді өткізу сатысында Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасында белгіленген талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
Тармақша 2
2) мыналарды: органикалық өнім өндіру кезінде қолданылатын рұқсат етілген құралдар тізімін; органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидаларын келісуді жүзеге асырады;
Тармақша 3
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Тармақ 2
2. Органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы өзге мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
Тармақ 3
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:
Тармақша 1
1) халықты органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы ақпараттандыруды қамтамасыз етеді;
Тармақша 2
2) органикалық өнім өндірушілерге олардың өнімдерін өндіру, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте өткізу, сондай-ақ осы өнімді экспортқа ілгерілету мәселелерінде жәрдем көрсетеді;
Тармақша 3
3) органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы уәкілетті органға органикалық өнім өндіру үшін пайдаланылатын ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдары мен ауыл шаруашылығы жануарлары тізіліміне енгізу үшін органикалық өнім өндіру үшін пайдаланылатын ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының және ауыл шаруашылығы жануарларының бар-жоғы туралы ақпаратты ұсынады;
Тармақша 4
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Бап 8
8-бап. Органикалық өнім өндірушілерді мемлекеттік қолдау Органикалық өнім өндірушілерді мемлекеттік қолдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Органикалық өнім өндіру сәйкестігін растау кезінде келтірілген шығыстардың бір бөлігін субсидиялау Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Бап 9
9-бап. Органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы ғылыми қамтамасыз ету Органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы ғылыми қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Тарау 3. 3-тарау. ОРГАНИКАЛЫҚ ӨНІМ ӨНДІРІСІНІҢ ЖӘНЕ ОНЫҢ АЙНАЛЫМЫНЫҢ НЕГІЗГІ ШАРТТАРЫ МЕН РӘСІМДЕРІ
3-тарау. ОРГАНИКАЛЫҚ ӨНІМ ӨНДІРІСІНІҢ ЖӘНЕ ОНЫҢ АЙНАЛЫМЫНЫҢ НЕГІЗГІ ШАРТТАРЫ МЕН РӘСІМДЕРІ
Бап 10
10-бап. Органикалық өнім өндіруге өту шарттары
Тармақ 1
1. Органикалық өнім өндіруге өту органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидалары мен ұлттық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Тармақ 2
2. Органикалық өнім өндіруге өту кезінде мынадай шарттар сақталуға тиіс:
Тармақша 1
1) сәйкестікті растау жөніндегі органмен органикалық өнім өндіру сәйкестігін растау рәсімін жүргізуге арналған шартты жасасу;
Тармақша 2
2) бүкіл өтпелі кезең ішінде осы Заңның 11-бабында көзделген талаптарды сақтау;
Тармақша 3
3) органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидалары мен ұлттық стандарттарға сай келетін өзге де шарттар.
Тармақ 3
3. Органикалық өнім өндіруге өтпелі кезеңнің ұзақтығы органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидалары мен ұлттық стандарттарда белгіленеді.
Тармақ 4
4. Тек бір ғана құрауыш ингредиенті бар ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарын, тамақ өнімдерін және өсімдік тектес азықтарды қоспағанда, өтпелі кезең өнімін «өтпелі органикалық өнім» ретінде өткізуге және таңбалауға тыйым салынады.
Бап 11
11-бап. Органикалық өнім өндіру шарттары
Тармақ 1
1. Органикалық өнім өндіру кезінде қызмет түріне қарай мынадай шарттар сақталуға тиіс:
Тармақша 1
1) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сау тұқымдарын, ауыл шаруашылығы жануарларын, жануарлардан алынған және өсімдік тектес қауіпсіз өнім мен шикізатты пайдалану;
Тармақша 2
2) егер Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасы мен ұлттық стандарттарда өзгеше белгіленбесе, синтетикалық жолмен алынған заттар, химиялық пестицидтер, гормондар, антибиотиктер және тағамдық қоспалар қолдануды болғызбау;
Тармақша 3
3) топырақ құнарлылығын сақтау және молықтыру;
Тармақша 4
4) ауыл шаруашылығы өсімдіктерін зиянкестерге, арамшөптерге және өсімдік ауруларына төзімді тиісті ауыспалы егістерді, ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің түрлері мен сұрыптарын таңдауды қамтитын алдын алу шараларының көмегімен қорғау;
Тармақша 5
5) ауыл шаруашылығы өсімдіктерін зиянкестерден, арамшөптерден және өсімдік ауруларынан қорғаудың механикалық, биологиялық және физикалық әдістерін қолдану;
Тармақша 6
6) өндіру үшін органикалық өнімнің нақты түрін таңдау кезінде экологиялық жүйелерді сақтау;
Тармақша 7
7) жергілікті жағдайларға бейімделген төзімді ауыл шаруашылығы өсімдіктері түрлерін, сұрыптарын және ауыл шаруашылығы жануарлары түрлерін таңдау;
Тармақша 8
8) ауыл шаруашылығы жануарларын күтіп-бағуға және жаюға тиісті жағдайларды қамтамасыз ету, олардың табиғи мінез-құлқын ескеру, табиғи иммунитетін ынталандыру арқылы олардың саулығына қамқорлық жасау;
Тармақша 9
9) иондаушы сәулеленуді қолдануды болғызбау;
Тармақша 10
10) ветеринариялық препараттардан басқа, генетикалық түрлендірілген объектілерді қолдануды болғызбау;
Тармақша 11
11) жаңартылмайтын табиғи ресурстарды пайдалануды барынша азайту;
Тармақша 12
12) топырақты пайдаланбай өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру әдістерін қолдануды болғызбау;
Тармақша 13
13) органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидалары мен ұлттық стандарттарға сай келетін өзге де шарттар.
Тармақ 2
2. Араласуды болғызбау үшін органикалық өнім өндіру органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидалары мен ұлттық стандарттарға сәйкес органикалық өнім өндірісінің және айналымының барлық кезеңінде органикалық өнімге жатпайтын өнім өндіруден бөлек болуға тиіс.
Бап 12
12-бап. Органикалық өнім өндіру сәйкестігін растау, сәйкестік сертификатының қолданысын тоқтата тұру және күшін жою (тоқтату)
Тармақ 1
1. Органикалық өнім өндіру сәйкестігін растау ерікті сипатта болады және оны Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасы мен Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес, Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сай аккредиттелген сәйкестікті растау жөніндегі органдар жүзеге асырады. Сәйкестік сертификаты органикалық өнім өндірудің сәйкестігін растау нәтижесі болып табылады.
Тармақ 2
2. Органикалық өнім өндіру сәйкестігін растау рәсімінен өткеннен және сәйкестік сертификатын алғаннан кейін органикалық өнім өндірушінің органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісін түсіруге құқығы бар. Органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісінің бейнеленуі, оған қойылатын техникалық талаптар мен оны түсіруге қойылатын талаптар ұлттық стандартта белгіленеді.
Тармақ 3
3. Сәйкестікті растау жөніндегі орган органикалық өнім өндіруші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды орындамаған жағдайда, бұрын органикалық өнім өндіруге берілген сәйкестік сертификатының қолданысын тоқтата тұруға немесе күшін жоюға (тоқтатуға) құқылы.
Тармақ 4
4. Сәйкестікті растау жөніндегі орган сәйкестік сертификатын берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, сондай-ақ сәйкестік сертификатының қолданысын тоқтата тұрған немесе күшін жойған (тоқтатқан) жағдайларда органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы уәкілетті органға органикалық өнім өндіру сәйкестігін растау нәтижелері туралы немесе сәйкестік сертификатының қолданысын тоқтата тұру туралы немесе күшін жою (тоқтату) туралы ақпарат жібереді.
Тармақ 5
5. Экспортқа өткізуге арналған органикалық өнімді өндіру импорттаушы елдің заңнамасында белгіленген органикалық өнім өндіру шарттарына қойылатын талаптарға сай сәйкестікті растау рәсімінен өтеді.
Бап 13
13-бап. Органикалық өнім өндірушілер бірлестігі (жай серіктестік)
Тармақ 1
1. Жеке тұлғалар, жеке және заңды тұлғалар органикалық өнім өндіру сәйкестігін растау рәсімінен өту үшін бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жай серіктестік (бұдан әрі – жай серіктестік) құруға құқылы. Органикалық өнім өндіру сәйкестігін растау рәсімі, сәйкестік сертификатының қолданысын тоқтата тұру және күшін жою (тоқтату) осы Заңның 12-бабының 1 – 3-тармақтарына, сондай-ақ ұлттық стандарттарда белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. Жай серіктестікке қатысушылар сәйкестік сертификатын бір-бірінен тәуелсіз пайдалана алмайды.
Тармақ 2
2. Жай серіктестікке қатысушылар өзара келісім бойынша жай серіктестікке қатысушылардың біріне басшылық ету мен ортақ іс жүргізуді тапсыра алады. Жай серіктестіктің қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасында айқындалады.
Бап 14
14-бап. Бірлескен кепілдіктер жүйесін (PGS) қалыптастыру және оның жұмыс істеуі
Тармақ 1
1. Жеке тұлғалар, жеке және заңды тұлғалар бірлескен кепілдіктер жүйесіне (PGS) қатысу үшін бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жай серіктестікке бірігуге құқылы (бұдан әрі – бірлескен кепілдіктер жүйесіне (PGS) қатысушылар). Бірлескен кепілдіктер жүйесін (PGS) қалыптастыру және оның жұмыс істеу тәртібін бірлескен кепілдіктер жүйесіне (PGS) қатысушылар органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидалары мен ұлттық стандарттарға сәйкес әзірлейді және бекітеді.
Тармақ 2
2. Бірлескен кепілдіктер жүйесіне (PGS) қатысушылар органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидалары мен ұлттық стандарттарда белгіленген өнім өндіру жөніндегі шарттарды сақтайды. Бірлескен кепілдіктер жүйесінде (PGS) өндірілген өнім өндірісі және айналымы кезінде «PGS қатысушысы» белгілемесін пайдалануға жол беріледі. 📌 Ескертпе. Бірлескен кепілдіктер жүйесі (PGS) деп дәстүрлі ауыл шаруашылығынан органикалық ауыл шаруашылығына өту мақсатында бірлесіп қатысу, ұжымдық жауапкершілік, ашықтық, сенім және білім алмасу қағидаттарына негізделген қызмет танылады.
Бап 15
15-бап. Органикалық өнім айналымының шарттары
Тармақ 1
1. Органикалық өнім айналымы органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидалары мен ұлттық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Тармақ 2
2. Шет мемлекеттердің сәйкестік сертификаттары, өнімді сынау хаттамалары, сәйкестік белгілері және сәйкестікті бағалау туралы өзге де құжаттары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылады.
Бап 16
16-бап. Органикалық өнім өндірушілердің және оның айналымын жүзеге асыратын тұлғалардың міндеттері
Тармақ 1
1. Органикалық өнім өндірушілер және оның айналымын жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
Тармақ 2
2. Органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы талаптарды бұзу анықталған жағдайда, органикалық өнім өндірушілер және оның айналымын жүзеге асыратын тұлғалар органикалық өнімді кері қайтарып алуды және (немесе) органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісін алып тастауды қамтамасыз етеді.
Бап 17
17-бап. Органикалық өнім өндірушілер тізілімін жүргізу Органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы уәкілетті орган сәйкестікті растау жөніндегі органдар беретін деректер негізінде органикалық өнім өндірушілер тізілімін жүргізеді және оны органикалық өнім өндірушілер тізілімін жүргізу қағидаларында белгіленген мерзімдерде өзінің интернет-ресурсына орналастырады.
Бап 18
18-бап. Органикалық өнімді таңбалауға қойылатын міндетті талаптар
Тармақ 1
1. Органикалық өнімді таңбалау сәйкестік сертификаты болған кезде органикалық өнім өндірісі және айналымы қағидалары мен ұлттық стандартқа сәйкес жүзеге асырылады.
Тармақ 2
2. Органикалық өнімді таңбалау және оны жарнамалау кезінде «органикалық» деген сөзді, одан туынды немесе қысқартылған сөзді бөлек немесе өнім атауымен тіркесте пайдалануға жол беріледі. Бұл өнім органикалық өнімге сәйкес келеді деп түсіну тұрғысынан тұтынушыны жаңылыстыруы мүмкін болатын таңбалауға жол берілмейді.
Тарау 4. 4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
Бап 19
19-бап. Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндірісі және айналымы саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Бап 20
20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Тармақ 1
1. Осы Заң, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3) тармақшасын және 6-баптың 6) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Тармақ 2
2. «Органикалық өнім өндіру туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.