110-бап. Банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
жоспары
1. Банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын банктің директорлар кеңесі бекітеді.
2. Банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында төмендегі іс-шараларды іске асыру мерзімдерін қоса алғанда, олардың егжей-тегжейлі сипаттамасы қамтылуға тиіс:
1) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңесті құру;
2) осы Заңның 22-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көзделген исламдық банк операцияларын жүзеге асыру туралы шарттардың үлгілік талаптарын әзірлеу;
3) мынадай:
осы Заңның 22-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көзделген исламдық банк операцияларына айналдыруға жататын;
осы Заңның 22-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес ислам банкіне жүзеге асыру рұқсат етілген исламдық банк операцияларына айналдыруды талап етпейтін;
банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген айналдыру мерзімі аяқталғанға дейін шарттардың қолданылу мерзімінің өтуі негізі бойынша исламдық банк операцияларына айналдыруды талап етпейтін;
осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкес келмеу негізі бойынша исламдық банк операцияларына айналдыруға жатпайтын банк операцияларының және өзге де операциялардың тізбесін айқындау;
4) банктің осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген банк операциялары және өзге де операциялар бойынша активтері мен міндеттемелерінің әлеуетті көлемін айқындау;
5) айналдыру туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялау және оны банктің интернет-ресурсында орналастыру;
6) банк клиенттерін банк операцияларының және өзге де операциялардың осы тармақтың 3) тармақшасында көзделген тізбесі, осы Заңның 111-бабының 4-тармағында көзделген жазбаша бас тартуларды не келісімдерді ұсыну мерзімі және олар қабылданатын мекенжай көрсетіле отырып, банкті ислам банкіне айналдыруды жүргізу туралы жазбаша хабардар ету;
7) операциялардың (қызметтің) жаңа түрлері ескеріле отырып, банкті корпоративтік басқарудың және оның ішкі саясаты мен рәсімдерін, өзге де ішкі құжаттарын қайта қарау және өзгерту;
8) банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауға жауапты банктің басшы қызметкерлерін айқындау;
9) клиенттермен банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыру туралы шарттар бойынша жұмыс жүргізу;
10) исламдық банк операцияларын жүзеге асыру үшін бағдарламалық қамтылымды пысықтау;
11) уәкілетті органға банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы есепті ұсыну;
12) банкті ислам банкі етіп мемлекеттік қайта тіркеу үшін Мемлекеттік корпорацияға жүгіну;
13) уәкілетті органға исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны беру туралы өтінішпен жүгіну;
14) банкті ислам банкіне айналдырудың осы Заңның 111-бабының 7-тармағында көрсетілген мерзімнен аспауға тиісті банк жоспарлаған мерзімі;
15) банкті ислам банкіне айналдыру үшін қажетті өзге де іс-шаралар.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-110/