4-бап. Қазақстан Республикасының банк жүйесі
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
1. Қазақстан Республикасының екi деңгейлi банк жүйесi бар.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттiң орталық банкi болып табылады және ол Қазақстан Республикасы банк жүйесiнiң жоғарғы (бiрiншi) деңгейiн білдіреді.
«Қазақстанның Даму Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ерекше құқықтық мәртебесі бар Қазақстанның Даму Банкін қоспағанда, барлық өзге банктер Қазақстан Республикасы банк жүйесiнiң төменгi (екiншi) деңгейiн білдіреді және екінші деңгейдегі банктер болып табылады. Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары да Қазақстан Республикасы банк жүйесінің төменгі (екінші) деңгейінің құрамына кіреді.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң мақсаты, мiндеттерi, қызмет қағидаттары, құқықтық мәртебесi және өкiлеттiктері «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өз құзыретi шегiнде банк қызметiнiң жекелеген мәселелерi бойынша реттеудi, бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады және банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс iстеуi үшiн жалпы жағдайлар жасауға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің өзінің құзыреті шегінде банктерге, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты реттеу, бақылау және қадағалау функциялары Қазақстан Республикасының ақша-кредит жүйесiнiң тұрақтылығын ұстап тұруға, банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдары, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың депозиторларының, өзге де кредиторларының және клиенттерінің құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға бағытталған.
3. Уәкiлеттi органның не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тиiстi лицензиясы жоқ бiрде-бiр тұлға:
1) негізгі немесе қосымша қызмет ретінде банк операцияларын жүзеге асыруға құқылы емес.
Мемлекеттік орган, Ұлттық пошта операторы, Қазақстанның Даму Банкі, халықаралық қаржы ұйымдары, сондай-ақ осы Заңда және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында бекітілген өкілеттіктері шегінде өзге тұлғалар жүзеге асыратын банк операцияларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында уәкілетті органның немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясынсыз жүзеге асырылған банк операциялары маңызсыз болып табылады;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін, Қазақстанның Даму Банкін, халықаралық қаржы ұйымдарын және банктердің өкілдіктерін қоспағанда, өзінің атауында, құжаттарда, хабарландыруларда және (немесе) жарнамада «банк» деген сөзді немесе одан туындайтын ол банк операцияларын жүзеге асыратындай әсер қалдыратын сөзді (ұғымды) пайдалануға құқылы емес.
4. Қазақстан Республикасында ұлттық даму институты мәртебесіне ие тұрғын үй құрылысы жинақ банкін қоспағанда, мемлекет қатысатын мамандандырылған салалық банктерді құруға жол берілмейді.
Ұлттық даму институты мәртебесіне ие тұрғын үй құрылысы жинақ банкі – осы Заңда және «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалатын ерекше құқықтық мәртебесі бар екінші деңгейдегі банк.
5. Қазақстан Республикасында бүркеме-банктерді құруға немесе олардың қызметіне тыйым салынады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-4/