40-бап. Тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату туралы шартсыз коммерциялық кредит беру
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
арқылы сауда делдалы ретінде жеке және
заңды тұлғаларды банктік қаржыландыру
1. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы коммерциялық кредит туралы шарт негізінде тауарды сатып алушыға немесе сатушыға тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату туралы шартсыз коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды қаржыландыруға құқылы.
2. Коммерциялық кредит туралы шартқа осы бапта көзделген ерекшеліктер және осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттар ескеріле отырып, тауарларды кредитке (төлем мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу арқылы) сатып алу-сату шартының қағидалары қолданылады.
3. Коммерциялық кредит туралы шартта:
тауардың атауы және мөлшері;
тауарға үстеме бағаның мөлшері, коммерциялық кредиттің талаптары (төлем мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу) көрсетіле отырып, сатып алушы исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалынан тауар сатып алатын баға қамтылуға тиіс.
4. Егер коммерциялық кредит туралы шартта өзгеше көзделмесе, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының сатып алушыға тауарды сату бағасы сатушыдан тауарды сатып алу бағасы мен тауарға үстеме баға сомаларынан құралады. Тауарға үстеме баға тіркеп-белгіленген сома немесе сатушыдан тауарды сатып алу бағасының пайызы түрінде белгіленуі мүмкін.
5. Тауарды сатып алу кезінде исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы сатушымен жасалған сатып алу-сату шартында тауардың коммерциялық кредит туралы шарт жасасу үшін сатып алынатынын көрсетуге міндетті.
6. Коммерциялық кредит туралы шарт бойынша бір мезгілде сатып алушы болатын сатушыдан тауарды сатып алуға жол берілмейді. Тауарды сатушы мен исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы арасында жасалған сатып алу-сату шартында:
тауарға алдын ала ақы төлеу;
сатып алынған тауарды белгілі мерзімде қайтару және тауардың сатып алу бағасын қайтару талаптары көзделуі мүмкін.
7. Коммерциялық кредит туралы шартта сатып алушының тауарға ақша немесе өзге мүлік кепілімен ақы төлеу бойынша міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету талаптары көзделуі мүмкін.
8. Коммерциялық кредит туралы шарттың осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкестігі туралы исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін ұқсас органның) қорытындысы, егер мыналар:
1) дайындалатын қайта өңдеу өнімдері, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік;
2) бөлініп алынатын жемістер, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы өнімдері, сондай-ақ мүлікті пайдалану, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету нәтижесінде алынатын (өндірілген) өзге де ұқсас өнімдер түрінде тауарларды сатып алу көрсетілген шарттың нысанасы болып табылса, талап етіледі.
9. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және осы баптың 8-тармағында көрсетілген тауарды өндіруші (дайындаушы) болып табылатын сатушы арасында жасалған коммерциялық кредит туралы шартта тауарды тараптардың келісімінде айқындалған мерзімде беру (беру мерзімін кейінге қалдыру) талабымен сатып алынатын тауарға дереу ішінара немесе толық ақы төлеу (аванс түріндегі коммерциялық кредит) көзделуі мүмкін.
Тауар өндірушіге (дайындаушыға) коммерциялық кредит беру кезінде исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және тауарды тікелей сатып алушы арасында жасалған сатып алу-сату шартында тауарды тараптардың келісімінде айқындалған мерзімде беру (беру мерзімін кейінге қалдыру) талабымен тауарға дереу ішінара немесе толық алдын ала ақы төлеу туралы талаптар көзделуі мүмкін.
10. Осы баптың 8-тармағында көзделген коммерциялық кредит туралы шарт жасалған жағдайда исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және тауар өндіруші (дайындаушы) арасындағы қарым-қатынастарға мердігерлік, тауар беру, келісімшарт жасау, өтелетін қызметтер көрсету туралы қағидалар немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген, осы қарым-қатынастарға сәйкес келетін міндеттеме туралы басқа да қағидалар қолданылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-40/