Мазмұнға өту
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

57-бап. Жауапкершілікпен кредит беру

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII

1. Банк Қазақстан Республикасы заңнамасының және банктің директорлар кеңесі бекіткен банктің кредиттік саясатының талаптарына сәйкес банктік қарыз береді.
2. Банк банктік қарыз беру шеңберінде клиентпен өзара іс-қимыл жасау кезінде мынадай талаптарды сақтауға:
1) қарыз алушыға сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің мөлшерін қоса алғанда, банктік қарыздың шарттары және қарыз алушының банктік қарыз алуына байланысты тәуекелдер, оның ішінде қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша өз міндеттемелерін орындамауының салдарлары туралы анық және толық ақпарат беруге;
2) осы Заңның 48-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген жағдайларда қарыз алушының қаржылық жағдайы туралы ақпарат негізінде оның кредит төлеу қабілеттілігін (төлем қабілеттілігін) бағалауды жүргізуге;
3) «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кредиттік бюроға ақпарат беруге;
4) тізбесін уәкілетті орган белгілейтін оффшорлық аймақтарда тіркелген тұлғаларға қарыз бермеуге;
5) қарызды ішінара мерзімінен бұрын өтеген немесе толық мерзімінен бұрын өтеген жағдайда қарыз алушының қарызды пайдаланған күнтізбелік күндерінің нақты саны үшін ғана сыйақы есептеуге міндетті.
3. Егер қарыз беру туралы шарттарда сақтандыру және (немесе) қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің нарықтық құнын айқындау мақсатында бағалауды жүргізу шарттарын жасау туралы талаптар көзделген болса, банк қарыз алушыны (кепіл берушіні) сақтандыру ұйымын және (немесе) бағалаушыны таңдауда шектеуге құқылы емес. Шарты ретінде сақтандыру шартын жасасу көзделген банктік қарыз бойынша міндеттемелерді қарыз алушы толық мерзімінен бұрын орындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде банк қарыз алушыны банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен оның осындай сақтандыру шартын бұзу және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 842-бабы 2-тармағының төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен сақтандырудың пайдаланылмаған кезеңі үшін сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін қайтару құқығы туралы хабардар етуге міндетті.
4. Қарыз алушы үшін банктік қарыз шартының талаптарын жақсарту жағдайларын немесе осы Заңда көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, банк оларды біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы емес. Осы тармақтың мақсаттарында қарыз алушы үшін банктік қарыз шартының талаптарын жақсарту деп мынадай өзгерістердің кез келгені түсініледі:
1) қарызға қызмет көрсетуге байланысты көрсетілетін қызметтер үшін комиссияларды және өзге де төлемдерді азайту жағына қарай өзгерту немесе олардың күшін толық жою;
2) тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлдарды) азайту жағына қарай өзгерту немесе оның күшін толық жою;
3) қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;
4) қарыз бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, оның ішінде мерзімді әскери қызмет өткеру мерзіміне және ол аяқталғаннан кейін күнтізбелік алпыс күнді қамтитын кезеңге кейінге қалдыру және (немесе) оларды бөліп төлеу;
5) қарыздың шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына ауыстырған кезде шетел валютасында берілген ипотекалық қарыз бойынша ақшалай міндеттемені азайту жағына қарай өзгерту. Банктік қарыз шартында қарыз алушы үшін жақсарту шарттарының қосымша тізбесі көзделуі мүмкін.
5. Осы баптың 4-тармағы екінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, банк Қазақстан Республиканың Ұлттық Банкі бекіткен Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру шеңберінде жақсарту шарттарын қолданған жағдайда қарыз алушы банктік қарыз шартында айқындалған тәртіппен, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы банктік қарыз шарты талаптарының өзгертілгені туралы хабардар етіледі. Банк Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру шеңберінде осы баптың 4-тармағы екінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген жақсарту шартын қолданған жағдайда осындай жақсарту шартын қолдану туралы хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады. Көрсетілген хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушыдан және (немесе) кепіл берушіден жазбаша қарсылықтың болмауы қарыз алушының және (немесе) кепіл берушінің көрсетілген жақсарту шартын қолдануға келісуі ретінде қаралады.
6. Қарыз алушы банктен тиісті хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде банк ұсынған жақсарту шарттарынан бас тартуға және банктік қарыз шартында көзделген тәртіппен және (немесе) ақпараттандыру объектілері арқылы өз шешімі туралы банкке хабар беруге құқылы. Банктің банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды және (немесе) оларды бөліп төлеуді ұсынуы қарыз алушының келісімі болған кезде ғана жүзеге асырылады.
7. Банктің «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатсыз немесе тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кепілдігін беру туралы шартсыз жеке, заңды тұлғаның және (немесе) қызметін бірлескен қызмет туралы шартқа сәйкес жүзеге асыратын тұлғаның (жай серіктестік, консорциум) ақшасын тарту есебінен салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдегі немесе жеке тұрғын үйлер кешеніндегі пәтерді және (немесе) тұрғын емес үй-жайды немесе жеке тұрғын үйді немесе тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы олардың үлесін сатып алуға ипотекалық қарыздар беруіне тыйым салынады.
8. Осы Заңның осы бабының 1-тармағында, 2-тармағының 4) тармақшасында, 3-тармағының бірінші бөлігінде, 58-бабының 22 және 24-тармақтарында белгіленген талаптар банктердің банктік кепілдіктер мен банктік кепілдемелер беру жөніндегі операцияларына, сондай-ақ осы Заңның 22-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген исламдық банк операцияларына қолданылады.
9. Банк клиенттерді тарту, банк талаптарына сәйкес келуін тексеруді жүзеге асыру, клиенттердің құжаттарын банкке беру жөніндегі шарт (келісім) негізінде банкке қызметтер көрсететін тұлғаның (бұдан әрі – банкке қызмет көрсететін тұлға) құқыққа сыйымсыз әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін банктің аталған тұлғамен жасаған тиісті шартының (келісімінің) талаптары бойынша жауапкершілікте болады. Банк пен банкке қызметтер көрсететін тұлға арасындағы шарт (келісім) клиентке танысу үшін ұсынылуға тиіс. Аталған шартта банкке осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қызметтерді ұсынатын тұлғаның құқыққа сыйымсыз әрекеттері үшін банктің клиент алдындағы жауапкершілігі туралы талап қамтылуға тиіс. Банк және банкке қызметтер көрсететін тұлға арасында жасалған шарт (келісім) негізінде банкке қызметтер көрсететін тұлға қызметінің тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде бекітілетін банкке клиенттерді тарту, банк талаптарына сәйкес келуін тексеруді жүзеге асыру, клиенттердің құжаттарын банкке беру жөніндегі қызметтерді көрсету қағидаларында белгіленеді.
10. Осы бапта белгіленген талаптар Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына осы бапта белгіленген талаптарды қолдану мақсаты үшін директорлар кеңесі деп Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің тиісті басқару органы түсініледі.