67-бап. Банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары тарататын және орналастыратын жарнама
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
1. Банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына:
1) жөнсіз жарнамаға;
2) уәкілетті орган белгілеген қаржы өнімдерін басқаруға қойылатын талаптарда айқындалған қаржы өніміне тән тәуекелдер туралы ақпаратты қамтымайтын жарнамаға тыйым салынады.
Қаржы өнімдерін басқаруға қойылатын талаптар, іс-қимылды қадағалау субъектісі уәкілетті органды қаржы өнімдерін бекіту, өзгерту және ұсынуды тоқтату туралы хабардар ететін қаржы өнімдерінің тізбесі (мөлшерлемелері мен тарифтері көрсетіле отырып), осындай хабарлаудың тәртібі, сондай-ақ хабарламаға қоса берілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде бекітіледі.
2. Банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы банктік қарыз немесе салым бойынша сыйақы шамалары туралы ақпаратты қамтитын жарнаманы тарату және (немесе) орналастыру кезінде анық, жылдық, тиімді және салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесін көрсетуге міндетті.
Банктік қарыз немесе салым бойынша сыйақы шамалары туралы ақпаратты қамтитын жарнаманы тарату, оның ішінде жариялау арқылы тарату кезінде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі көлемі мен ресімдеу стилінің нысаны бойынша басқа сыйақы мөлшерлемелерімен бірдей қаріптермен және цифрлық мәнде көрсетіледі. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін осындай жарнамада өзге ақпаратты көрсету кезінде пайдаланылатын қаріптен кіші қаріппен көрсетуге жол берілмейді.
3. Уәкiлеттi орган банктен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалынан шындыққа сай келмейтiн жарнамаға өзгерiстер енгiзудi, оны тоқтатуды немесе терiске шығарып жариялауды талап етуге құқылы.
Аталған талап уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде орындалмаған жағдайда уәкiлеттi орган жарнамада қамтылған мәлiметтердiң шындыққа сай келмейтiндiгi туралы ақпаратты жариялауға не оларды осындай жарнаманы жариялаған банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының есебiнен нақтылауға құқылы.
4. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы исламдық банк операцияларына байланысты жарнаманы тарату және орналастыру кезінде жарнамаланатын банктік көрсетілетін қызметтердің исламдық банк операцияларына жататынын көрсетуге міндетті.
5. Уәкiлеттi органның немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң банк операцияларын жүзеге асыруға арналған лицензиясы жоқ тұлғалардың банк операциялары ұғымына жатқызылатын көрсетілетін қызметтердi жарнамалауына тыйым салынады.
6. Осы бапта белгіленген талаптар банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-67/