7-бап. Банктің құқықтық мәртебесі
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
1. Банк Қазақстан Республикасының банк заңнамасында белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, акционерлік қоғам нысанында құрылады.
2. Банктің ресми мәртебесі заңды тұлғаның «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) банк ретінде уәкілетті органның банк ашуға рұқсаты немесе уәкілетті органның микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсаты негізінде жүзеге асырылатын мемлекеттік тіркелуімен (қайта тіркелуімен) және банк лицензиясының болуымен айқындалады.
3. Банктің атауы мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:
1) «банк» деген сөздің немесе содан туындайтын сөздің болуы;
2) кез келген тілде толық немесе қысқартылған түрде «ұлттық», «орталық», «мемлекеттік», «республикалық» деген сөздер пайдаланылмауы;
3) еншілес банктердің атауын қоспағанда, бұрын құрылған банктердің, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің атауымен бірдей немесе оған айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас сөздер және (немесе) белгілемелердің пайдаланылмауы;
4) бас банктің атауының болуы (еншілес банктің атауы үшін);
5) «ислам банкі» деген сөз тіркесінің болуы (ислам банкінің атауы үшін).
4. Банк басқармасы тұрған жер (пошталық мекенжайы) банк тұрған жер деп танылады.
5. Ислам банкінің жарғысында және исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банктің жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мәліметтерден басқа, банктің тұрақты жұмыс істейтін органы – исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес функцияларының сипаттамасы мен оны құру тәртібі қамтылуға тиіс.
6. Банктің атауы және (немесе) оның орналасқан жері өзгерген жағдайда банк осындай өзгерістер мемлекеттік тіркелген күннен немесе оларды мемлекеттік тіркеу талап етілмейтін жағдайларда осындай өзгерістер туралы Мемлекеттік корпорацияны хабардар еткен күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде уәкілетті органға осындай өзгерістерді растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
7. Таратылатын банк қызметін тоқтату Мемлекеттік корпорацияда мемлекеттік тіркелген күннен бастап банктің ресми мәртебесін жоғалтады, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-7/