90-бап. Банкті реттеу жоспары
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
1. Уәкілетті орган жүйелік маңызы бар банкке реттеу режимі қолданылған жағдайда жүйелік маңызы бар банктің реттеу жоспарын әзірлейді және қажеттілігіне қарай жаңартады.
Уәкілетті орган жүйелік маңызы бар банк болып табылмайтын банктердің реттеу жоспарларын әзірлеуге және қажеттілігіне қарай жаңартуға құқылы.
2. Банкті реттеу жоспарында мыналар көзделеді:
1) реттеу құралдарын қолданудың ықтимал сценарийлерінің тізбесі және оларды талдауы;
2) үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банк операцияларының және өзге де операциялардың түрлері;
3) банкке, банктің ірі қатысушыларына, банк холдингтеріне және (немесе) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдарға қатысты қабылданатын шаралар;
4) банкке реттеу режимін қолдану кезінде мемлекеттік органдардың және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның өзара іс-қимыл тетіктері;
5) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметі жөніндегі іс-шаралар;
6) банкті реттеуге бағытталған өзге де ережелер.
Банкті реттеу жоспарының мазмұнына қойылатын талаптар, оны әзірлеу және жаңарту тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
3. Банкті реттеу жоспарын әзірлеу немесе жаңарту процесінде, оның ішінде уәжді пайымдауды пайдалана отырып, банкті реттеуге кедергі келтіруі мүмкін банктің, банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің, банк конгломератының және (немесе) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардың қызметіндегі кемшіліктерді, тәуекелдерді және (немесе) бұзушылықтарды анықтаған уәкілетті орган анықталған кемшіліктерді, тәуекелдерді және (немесе) бұзушылықтарды жою үшін осы Заңның 80-бабында көзделген қаржылық жай-күйді жақсарту және (немесе) тәуекелдерді азайту жөніндегі шараларды қолданады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-90/