Қолданыста
·
15.03.2026 редакциясы
50-бап
Конституция Республики Казахстан · № б/н
1. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына мәлімдеме беру арқылы өз еркімен орнынан түсуге құқылы. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің орнынан түсу туралы мәлімдемені өзі және өз еркімен бергенін растайды. Конституциялық Сот қорытынды берген сәттен бастап Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне байланысты лауазымынан босатылды деп саналады.
2. Қазақстан Республикасының Президенті денсаулығына байланысты өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілеті болмаған жағдайда мерзімінен бұрын лауазымынан босатылуы мүмкін. Бұл жағдайда Құрылтай депутаттардан және тиісті медицина салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзімінен бұрын босату туралы шешім комиссияның қорытындысы негізінде және Конституциялық Соттың белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы қорытындысы негізінде Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысымен қабылданады.
3. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттігін атқару кезіндегі әрекеті үшін мемлекетке опасыздық жасағанда ғана жауапты болады және бұл үшін Құрылтай оны қызметінен кетіруі мүмкін. Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп айып тағу және оны тергеп-тексеру туралы бастаманы Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірі көтереді. Бұл мәселе бойынша шешім Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Құрылтай тағылған айыпты тергеп-тексеруді ұйымдастырады және оның нәтижелері Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай отырысының қарауына шығарылады. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім Жоғарғы Соттың айып тағудың негізділігі туралы қорытындысы және Конституциялық Соттың белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы қорытындысы болған жағдайда Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысымен қабылданады. Айып тағылған сәттен бастап екі ай ішінде түпкілікті шешім қабылданбаса, бұл Қазақстан Республикасының Президентіне қарсы айыпты қабылданбады деп тануға алып келеді. Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың кез келген сатыда қабылданбауы осы мәселені қарауға бастамашы болған Құрылтай депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға алып келеді.
4. Қазақстан Республикасының Президентін қызметінен кетіру туралы мәселе Құрылтайдың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін қарау кезеңінде ұсынылмайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-223244/st-50/