Конституция Республики Казахстан Қолданыста Өзге акт ·№ б/н ·15.03.2026
15.03.2026 редакциясы
Қолданыста · 15.03.2026 редакциясы

60-бап

Конституция Республики Казахстан · № б/н

1. Заң шығаруға бастама жасау құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке, Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі және тек қана Құрылтайда іске асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Президенті заң жобаларын қараудың басымдығын айқындауға құқылы, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезекте екі ай ішінде қабылдануға тиіс дегенді бiлдiредi.
3. Құрылтай:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектісі болуына, азаматтық құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері мен жауаптылығына;
2) меншік режиміне және өзге де заттық құқықтарға;
3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге немесе олардың күшін жоюға;
5) республикалық бюджет, мемлекеттік қарыз, Қазақстан Республикасының экономикалық және өзге де көмек көрсету мәселелеріне;
6) сот құрылысы мен сот ісін жүргізу мәселелеріне;
7) рақымшылық жасау мәселелеріне;
8) білімге, ғылымға, мәдениетке, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;
9) кәсіпорындарды және олардың мүлкін жекешелендіруге;
10) қоршаған ортаны қорғауға;
11) Қазақстан Республикаcының әкімшілік-аумақтық құрылысына;
12) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне;
14) халықаралық шарттарды ратификациялауға және денонсациялауға;
15) мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтарға;
16) Конституцияға сәйкес өзге де мәселелерге қатысты аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, негіз құраушы қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заң шығаруға құқылы.
4. Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіптің сақталуына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі заң шығару бастамасымен енгізген заң жобаларын Құрылтай дереу қарауға тиіс. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген заң жобалары Құрылтайға енгізілген жағдайда Үкімет өзіне жауапкершілік ала отырып, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық акт қабылдауға құқылы. Мұндай акт Құрылтай қабылдаған заң күшіне енгенге дейін немесе Құрылтай заң жобаларын қабылдамай тастағанға дейін қолданыста болады.
5. Құрылтай қабылдаған заң он күн ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға ұсынылады. Құрылтай заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен тұтастай қабылдамай тастауға құқылы. Мұндай жағдайда заң жобасы қабылданбады деп саналады және бастамашыға қайтарылады.
6. Мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Үкіметтің оң қорытындысы болған кезде ғана енгізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасымен Құрылтайға енгізілетін заң жобалары үшін мұндай қорытынды талап етілмейді.
7. Үкімет енгізген заң жобасы қабылданбаса, Премьер-Министр Құрылтай отырысында Үкіметке сенім білдіру мәселесін қоюға құқылы. Бұл мәселе сенім білдіру мәселесі қойылғаннан бастап қырық сегіз сағаттан кейін ғана дауысқа салынады. Егер сенімсіздік вотумы туралы ұсыныс Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысын алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп саналады. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-223244/st-60/