Конституция Республики Казахстан Қолданыста Өзге акт ·№ б/н ·15.03.2026
15.03.2026 редакциясы
Қолданыста · 15.03.2026 редакциясы

89-бап

Конституция Республики Казахстан · № б/н

1. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы атқарушы органдарының біртұтас жүйесіне кіреді, атқарушы биліктің жалпымемлекеттік саясатын тиісті аумақты дамыту мүддесімен және қажеттілігімен үйлестіре жүргізуді қамтамасыз етеді.
2. Жергілікті атқарушы органдардың қарауына:
1) аумақты дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті әзірлеу мен олардың атқарылуын қамтамасыз ету;
2) коммуналдық меншікті басқару;
3) жергілікті атқарушы орган басшыларын тағайындау және лауазымынан босату, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;
4) жергілікті атқарушы органдарға заңмен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру жатады.
3. Жергілікті атқарушы органды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі басқарады, ол Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің өкілі болып табылады.
4. Астана, облыс, республикалық маңызы бар қала əкімдерін Қазақстан Республикасының Президенті тиісінше астана мəслихаты, облыс аумағындағы мəслихаттар, республикалық маңызы бар қала мəслихаты депутаттарының келісімімен тағайындайды. Қазақстан Республикасының Президенті кемінде екі кандидатураны ұсынады, олар дауысқа салынады. Дауыс беруге қатысқан мəслихат депутаттарының көпшілік дауысын алған кандидат келісім алды деп саналады. Өзге əкімшілік-аумақтық бірлік əкімдері заңда айқындалатын тəртіппен тағайындалады немесе сайланады, сондай-ақ лауазымынан босатылады. Қазақстан Республикасының Президенті өз ұйғаруымен астана, облыс, республикалық маңызы бар қала əкімдерін лауазымынан босатуға құқылы.
5. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасымен әкімге сенімсіздік вотумын білдіру мәселесі қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда мəслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен əкімге сенімсіздік білдіруге жəне оны лауазымынан босату мәселесін тиісінше астана, облыс, республикалық маңызы бар қала əкімдеріне қатысты – Қазақстан Республикасы Президентінің алдына не өзге де əкімшілік-аумақтық бірлік əкімдеріне қатысты – жоғары тұрған əкімнің алдына қоюға құқылы. Астана, облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің өкілеттігі жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті өз қызметіне кіріскен кезде тоқтатылады.
6. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті, ұйымдастырылу және қызмет тәртібі заңда белгіленеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-223244/st-89/