О внесении изменений в некоторые приказы Министра здравоохранения Республики Казахстан Мәртебесі расталмаған
Басқа 0
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы
БҰЙЫРАМЫН:
Тармақ 1
1. «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 шілдедегі № ҚР ДСМ-59 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23469 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында:
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Объектілердің құрылысына жер учаскесін таңдау кезінде алаң Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 24-бабының 63) тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың (бұдан әрі – сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттар) талаптарымен айқындалады.»;
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«11. Объектілерді жобалау және реконструкциялау кезінде үй-жайлардың жиыны мен алаңы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес жобалауға арналған тапсырмамен айқындалады.»;
15-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«15. МДҰ-да жобалауға арналған тапсырма бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес жайылмалы кереуеттерді орналастыру үшін қосымша алаңның болуы ескеріле отырып, топтық (ойын) бөлмені жатын үй-жайларымен біріктіруге жол беріледі.»;
46-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«46. Үй-жайларды табиғи және жасанды жарықтандыру сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес айқындалады. Бір үй-жайда бір типті шамдарды қолданады.»;
100-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«100. Ас блогының құрылғысы, оны және жабдықтарды күтіп-ұстау, шикі және дайын өнімге, тамақтану жағдайларына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандарттарын бекіту туралы» 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-302/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21857 болып тіркелген) және «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26866 болып тіркелген) бұйрықтарына сәйкес көзделеді.».
Тармақ 2
2. «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23890 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылды:
1) арнайы білім беру ұйымдары – бұл ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдардың (балалардың) оларсыз жалпы білім беретін оқу және білім беру бағдарламаларын меңгеруі мүмкін болмайтын, арнайы оқу бағдарламаларын және оқыту әдістерін, техникалық және өзге де құралдарды, өмір сүру ортасын, сондай-ақ медициналық, әлеуметтік және өзге де көрсетілетін қызметтерді қамтитын жағдайларды қамтамасыз ететін білім беру ұйымдары;
2) бракераж – органолептикалық көрсеткiштер бойынша тамақ өнiмдерiнiң және дайын тағамдардың сапасын бағалау;
3) білім беру ұйымы – заңды тұлғалар, сондай-ақ меншік нысанына және ұйымдық құқықтық нысанына қарамастан, бір немесе бірнеше білім беру бағдарламаларын іске асыратын және (немесе) білім алушылар мен тәрбиеленушілерді бағуды және оларға тәрбие беруді қамтамасыз ететін халықаралық мектеп мәртебесі бар заңды тұлғалардың филиалдары, жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын, заңды тұлға құрмаған дара кәсіпкерлер;
4) дене шынықтыру – мәдениеттiң құрамдас бөлiгi, адамның дене бітімін және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту, дене тәрбиесі мен дене бітімін дамыту арқылы оның қозғалыс белсенділігін жетілдіру және саламатты өмір салтын қалыптастыру, әлеуметтік бейімдеу мақсатында қоғамда құрылатын және пайдаланылатын рухани және материалдық құндылықтар жиынтығын білдіретін әлеуметтiк қызмет саласы;
5) жазу құралдары – жазу дәптерлері, жазуға және сурет салуға арналған құралдар, оларға қаламдар, қарындаштар, фломастерлер, пенал, циркуль, маркерлер, көмір түйірлері, борлар, стерженьдер, грифельдер жатады;
6) жалпы білім беру ұйымы – бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
7) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымы – жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұратын орындар бере отырып, оларды тәрбиелеу, олардың білім алуы үшін қолайлы жағдай жасалатын ұйым;
8) жеке медициналық кітапша – жұмысқа жіберілу туралы белгі қойылып, міндетті медициналық қарап-тексерудің нәтижелері енгізілетін дербес құжат;
9) жиынтық оқу жүктемесі – Үлгілік оқу жоспарының инвариантты және вариативті бөлігі сағаттарының жалпы саны;
10) интернат ұйымдары – тұратын орын беріле отырып, белгілі бір санаттағы адамдардың білім алу құқықтарына мемлекеттік кепілдіктерді қамтамасыз ететін білім беру ұйымдары;
11) кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтары (бұдан әрі – КТБО) – ата-анасын немесе басқа да заңды өкiлдерiн анықтау үшiн үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған балаларды, уақтылы орналастырылуы мүмкiн болмаған жағдайда ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың қамқорлығынсыз қалған балаларды, қорғаншылық және қамқоршылық органы балалардың өмiрiне немесе денсаулығына тiкелей қатер төнген кезде ата-анасынан (олардың бiреуiнен) немесе қамқорлыққа алған басқа адамдардан алып қойған балаларды, арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн балаларды, сондай-ақ әлеуметтiк бейiмсiздiкке және әлеуметтiк депривацияға әкеп соққан қатыгездiкпен қарау салдарынан арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қабылдауды және уақытша бағып-ұстауды қамтамасыз ететiн, бiлiм беру органдарының қарамағындағы ұйым;
12) лицей – білім алушылардың бейiмділiгi мен қабiлеттерiне сәйкес кеңейтілген және тереңдетілген жаратылыстану-математикалық білім беруді қамтамасыз ететін негiзгi орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін және қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
13) мамандандырылған білім беру ұйымы – жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттары негізінде әзірленген және ғылым, мәдениет, өнер, спорт, әскери іс негіздерін тереңдетіп игеруге, олардың шығармашылық әлеуеттері мен дарын-қабілеттерін дамытуға бағытталған негізгі және жалпы орта білім берудің мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны, спорттық объектілер;
14) мектепалды сыныптары – бір жылдық міндетті тегін мектепалды дайындық жүргізілетін жалпы білім беретін мектептердегі бес жастан бастап балаларға арналған сыныптар;
15) мектептен тыс қосымша білім беру ұйымы (бұдан әрі – мектептен тыс объектілер) – білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жеке тұлғасын дамытуға, денсаулығын нығайтуға және өзін-өзі кәсіптік тұрғыдан айқындауға, шығармашылық еңбегіне, олардың жалпы мәдениетін қалыптастыруға, жеке тұлғаны қоғамдағы өмірге бейімдеуге, бос уақытын пайдалы өткізуді ұйымдастыруға қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге арналған оқу-тәрбие ұйымдары;
16) оқу-әдістемелік кешен (бұдан әрі – ОӘК) – оқулықпен бірге жүретін және білім алушылардың оқу пәндерінің мазмұнын меңгеруді қамтамасыз етуге бағытталған жекелеген оқу және әдістемелік басылымдар жиынтығы;
17) оқу жүктемесі – әрбір жас тобы үшін оқу сағаттарымен өлшенетін оқу-тәрбие процесіне қатысудың нормаланатын жиынтығы;
18) оқу сағаты – сабақтың (оқудың) немесе дәрiстердiң сабақ басталғаннан үзiлiске дейiнгі ұзақтығы;
19) оңтайлы микроклиматтық жағдайлар – білім алушылар мен тәрбиеленушілерге ұзақ және жүйелі әсер ету кезінде термореттегіш тетіктерінің көмегінсіз организмнің қалыпты жылу жағдайын сақтауды қамтамасыз ететін микроклиматтың сандық көрсеткіштерінің үйлесімдігі;
20) орта білім беру ұйымы – мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың, бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмнің жалпы бiлiм беретін оқу бағдарламаларын, мамандандырылған жалпы білім беру және арнайы оқу бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымы;
21) өндірістік бақылау – өндірілетін өнімнің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адамның және оның өмір сүру ортасы үшін қауіпсіздігін және (немесе) зиянсыздығын қамтамасыз етуге бағытталған, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға орындайтын іс-шаралар, оның ішінде зертханалық зерттеулер мен сынақтар кешені;
22) рекреация – үзіліс кезінде және сабақтан бос уақытта білім алушылар мен тәрбиеленушілердің демалуына және күшін қалпына келтіруге арналған үй-жай;
23) санитариялық-аулалық қондырғылар (бұдан әрі – САҚ) – орталықтандырылған кәрізбен байланысы жоқ, объектінің аумағында орналасқан жер үсті бөлігі мен қазылған шұңқыры бар дәретхана;
24) санитариялық арнайы киім (бұдан әрі – арнайы киім) – шикізатты, қосымша материалдар мен дайын өнімді механикалық бөлшектермен, микроорганизмдермен ластанудан және басқа да ластанулардан қорғауға арналған персоналдың қорғаныш киімінің жиынтығы;
25) септик – шағын көлемдегi тұрмыстық сарқынды суды тазалауға арналған құрылыс;
26) спорт объектілері – қызметі балалар және жасөспірімдерді емдеу-сауықтыру, дене шынықтыру-сауықтыру, оқу-тәрбие жұмыстарын және мәдени бос уақытты ұйымдастырумен және жүзеге асырумен байланысты ұйымдар;
27) сыныптардың (топтардың) толықтырылуы – білім алушылардың нормаланған саны;
28) тиімді тамақтану – тамақтанудың физиологиялық және жас ерекшелігі нормаларын ескере отырып, теңестірілген тамақтандыру;
29) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары – егде жастағы адамдар, мүгедектігі бар адамдар, өз бетінше жүріп-тұру, көрсетілетін қызметтерді, ақпаратты алу немесе кеңістікте бағдарлану кезінде қиындық көріп жүрген, оның ішінде балаларға арналған арбаларды және (немесе) кресло-арбаларды пайдаланатын адамдар;
30) халықаралық мектеп – дербес әзірленген интеграцияланған білім беру бағдарламаларын іске асыратын, Халықаралық Бакалавриат ұйымында авторланудан немесе халықаралық институционалдық аккредиттеуден өткен оқу орны;
31) шағын жинақталған мектеп – білім алушылар контингенті аз (5 баладан бастап), біріккен сынып-жиындары бар және оқу сабақтарын ұйымдастыру нысаны ерекше жалпы білім беру мектебі.»;
5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Объектінің жер учаскесін таңдау, жобалау, реконструкциялау Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 24-бабы 63-тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың (бұдан әрі - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттар) талаптарымен айқындалады.
6. Жалпы білім беру ұйымдарының және білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тұратын орындары ұйымдастырылған объектілердің аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес барлық периметрі бойынша қоршау болуға тиіс. Қоршау зақымдалмаған болуға тиіс.»;
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Жалпы білім беру ұйымдарындағы үй-жайлардың (сыныптар, оқу кабинеттері) алаңын жобалау кезінде оқытудың аралас нысандары кезінде (фронтальды және топтық) бір білім алушыға шаққанда норма 2,5 шаршы метр (бұдан әрі – м2) деп белгіленеді. Халықаралық мектептерді (сыныптар, оқу кабинеттері) жобалау кезінде үй-жайлар алаңының нормасы жобалауға арналған тапсырмамен немесе халықаралық, өңірлік стандарттарға немесе шет мемлекеттердің стандарттарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексі мен «Стандарттау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларымен белгіленген тәртіпте және жағдайларда белгіленеді. Технологияны және еңбекті зерделеу шеберханаларының, сондай-ақ бағыттар бойынша саралап оқытуға арналған мамандандырылған шеберханалардың алаңы – бір білім алушыға шаққанда 3,75 м2.»;
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«19. Объектілерді тұрғын үй ғимараттарда, кіріктіріп-жапсарлас салынған үй-жайларда орналастыру сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарымен айқындалады.»;
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«21. Объектінің жертөле және цокольдық қабаттарындағы үй-жайлар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес орналастырылады.»;
42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«42. Үй-жайларды табиғи және жасанды жарықтандыруды сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес жобалау керек. Жасанды жарықтандыру үшін жарық диодты, люминесцентті және энергия үнемдеуші шамдарды пайдаланады. Ортақ жасанды жарықтандыру барлық үй-жайларда көзделеді.»;
92-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтар үшін санитариялық құралдардың орнатылуы және оларға қажеттілік сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес нормаланады.».
101-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«101. Ас блогының құрылғысы, оны және жабдықтарды күтіп-ұстау, шикі және дайын өнімге, тамақтану жағдайларына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандарттарын бекіту туралы» 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-302/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21857 болып тіркелген) және «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26866 болып тіркелген) бұйрықтарына сәйкес көзделеді.»;
Тармақ 3
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
Тармақша 1
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
Тармақша 2
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
Тармақша 3
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
Тармақ 4
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
Тармақ 5
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі