Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру жөніндегі нұсқаулық туралы
Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 5-бабы 2-тармағының негізінде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңның 31-бабының 13, 14-тармақтарына, Қостанай облысы әкімиятының 2002 жылғы 2 мамырдағы № 102 «Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру нұсқаулығы туралы», мемлекеттік тіркеу нөмірі 1510 (атауы жаңа редакцияда баяндалған, Қостанай облысы әкімиятының 2003 жылғы 23 қазандағы № 230 қаулысы, мемлекеттік тіркеу нөмірі 2580 қаулысына сәйкес, халықтың нысаналы топтарынан жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін белгілеу мақсатында Науырзым ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру жөніндегі нұсқаулық туралы от 18.04.2005 г. № 89 (Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру жөніндегі нұсқаулық туралы)
1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2. Осы қаулының орындалуына бақылау жасау аудан әкімінің орынбасары Ә.Б. Асановқа жүктелсін.
Қазақстан Республикасы
Қостанай облысы
Науырзым ауданы әкімдігінің
2005 жылғы 18 сәуірдегі
№ 89 қаулысымен
бекітілген
Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру жөніндегі НҰСҚАУЛЫҚ
1. Жалпы ережелер
1. Осы әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру жөніндегі нұсқаулық халықтың нысаналы топтарынан жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін анықтайды, әлеуметтік жұмыс орындарын беретін (меншік түріне қарамастан) ұйымдармен есеп айырысудың негізгі шарттары мен жүйесін реттейді.
2. Осы нұсқаулықта пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) әлеуметтік жұмыс орны - жұмыс берушілердің жұмысқа қабылданған жұмыскерлерге еңбек ақы төлеген шығынын жергілікті бюджет есебінен ішінара өтей отырып, халықтың нысаналы топтарынан жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілердің жазбаша келісімімен берілетін жұмыс орны;
2) нысаналы топтар - Қазақстан Республикасының "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңымен белгіленген, жұмысқа орналасуда қиындық көріп жүрген және әлеуметтік қорғауды қажет ететін тұлғалар топтары.
3. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек, зейнетақымен қамтамасыз ету және сақтандыру туралы заңнамалары тарайды.
4. Жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті орган «Науырзым ауданы әкімиятының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі халықтың нысаналы топтарының жұмыссыздарына әлеуметтік жұмыс орындарына орналасуға жәрдемдеседі.
2. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру және ұйымдастыру тәртібі
5. Әлеуметтік жұмыс орындары жұмысқа қабылданған жұмыссыздарға еңбек ақы шығынын аудандық мәслихаттың шешіміне сәйкес аудандық бюджеттің қаражаты есебінен ішінара өтеумен өз қаражатынан қаржыландырылып, жұмыс берушілермен анықталады немесе құрылады.
6. «Науырзым ауданы әкімиятының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі әлеуметтік жұмыс орындарына халықтың нысаналы топтарынан қабылданған жұмыссыздардың еңбегіне ақы төлеу шығынын ішінара өтеу қызметін көрсету жөнінде жұмыс берушілермен шарт жасасады.
7. Жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды және олардың еңбегіне ақы төлеуге белгіленген бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында, аудан әкімдігі жұмыс берушілердің жазбаша келісімімен халықтың нысаналы топтарынан жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын құрған немесе ұсынған ұйымдардың тізімін анықтайды.
Тізбеге еңбекке ақы төлеу жұмыс берушінің өз қаражатынан емес, тиісті бюджеттің қаражаты есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік жұмыс орындарын беретін немесе құратын ұйымдар кіргізілмейді.
8. Жұмыссыздарды ұйымдарға әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру «Науырзым ауданы әкімиятының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесімен келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
9. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға нысаналы топтарға жататын аз қамтылған жұмыссыздар басымдық құқыққа ие.
3. Әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландырудың шарттары және көздері
10. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа қабылданған жұмыссыздарға еңбек ақы төлеу жеке еңбек шартына сәйкес ай сайын жұмыс берушімен жүргізіледі және жұмыстың күрделігілі мен сапасына, санына байланысты болады.
Әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыспен қамтылғандардың еңбегіне ақы төлеуді қаржыландыруға қаражат тиісті аудандық мәслихаттың шешімімен қарастырылады.
11. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздардың еңбек ақысына төленген жұмыс берушілердің шығыны аудандық бюджеттен ең төменгі жалақының елу пайызы көлемінде алты айдан коп емес мерзім бойы өтеледі.
Бюджет қаражатын аудару жөніндегі есеп айырысу жұмыс берушінің есеп шотына жүргізіледі.
12. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға аудандық бюджеттің қаражатынан төленетін еңбек ақыға заңнамада белгіленген тәртіппен салық салынады.
13. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбек ақы нақты орындалған жұмыс көлемі үшін төленеді.
14. Жұмыс берушілер аудандық бюджеттен түскен ақшаны әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған жұмыссыздарға еңбек ақы төлеуге шыққан өздерінің шығындарын өтеуге пайдаланады.
4. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін бақылау
15. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру жөніндегі нұсқаулықтың сақталуына бақылау жасауды заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдар жүзеге асырады.