Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
19-бап. Қаржылық есептiлiктi табыс ету
1. Ұйымдар:
1) құрылтай құжаттарына сәйкес құрылтайшыларға (қатысушыларға);
2) мемлекеттік тіркеу орны бойынша мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдарына олардың құзыреттерiне сәйкес;
4) тізбені, нысандарды және мерзімдерді қоса алғанда, негізгі ұйым айқындайтын тәртіппен өздері еншілес болып табылатын өзінің негізгі ұйымына қаржылық есептілікті ұсынады.
2. Қаржылық есептiлiк Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетiлiп ұсынылады.
3. Осы баптың 3-1-тармағының талаптары қолданылатын ұйымдарды қоспағанда, ұйымдар жылдық қаржылық есептердi келесі жылдан кейiнгi жылдың 30 сәуiрiнен кешiктiрмей ұсынады.
3-1. Қаржы ұйымдары (қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаларды және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда) жылдық қаржылық есептерін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген мерзімдерде ұсынады.
4. Осы Заңның 18-бабында көрсетiлген мерзiм шегiнде құрылтайшылар (қатысушылар) аралық қаржылық есептiлiктi ұсыну мерзiмiн айқындауға және жылына бiр реттен сирек болмайтын өзге кезеңдiлiктi белгiлеуге құқылы.
4-1. Шоғырландырылған қаржылық есептілікке кіретін деректердің айқындығы мен анықтығын қамтамасыз ету үшін негізгі ұйым еншілес ұйымдардың бірыңғай есеп саясатын қолдануы, еншілес ұйымдардың мүлкін түгендеу тәртібін және еншілес ұйымдардың қаржылық есептілігі деректерінің айқындығы мен анықтығына байланысты басқа да мәселелерді айқындауға құқылы.
5. Шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсыну осы баптың 1, 2, 3, 3-1 және 4-1-тармақтарына сәйкес жүргізіледі.
6. Алып тасталды - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
7. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен жария мүдделі ұйымдар үшiн депозитарий құрылады, бұл ұйымдар осы депозитарийге уәкілетті орган айқындаған тәртiппен қаржылық есептiлiктi тапсыруға мiндеттi.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-32165/st-19/