О бухгалтерском учете и финансовой отчетности Қолданыста Заң ·№ 234 ·28.02.2007
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

20-бап. Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiн мемлекеттiк реттеу

О бухгалтерском учете и финансовой отчетности · № 234

1. Қазақстан Республикасында бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiн мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі және уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
1-1. Қазақстан Республикасының Үкіметі өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген функцияларды орындайды.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органнан басқа, мемлекеттік мекемелердегі бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесін мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленеді.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесін мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесі жүзеге асырады. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесін мемлекеттік реттеуді қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша:
1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда бухгалтерлік есепті жүргізу тәртібін;
2) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның бухгалтерлік есепке алу шоттарының үлгі жоспарын және қаржылық есептілік нысандарын әзірлеу және бекіту арқылы жүзеге асырады.
4. Қаржы ұйымдарында, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарында, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарында, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарында, Қазақстанның Даму Банкінде бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесін мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
5. Уәкiлеттi орган:
1) бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк саласында мемлекеттiк саясатты қалыптастырады және іске асырады;
2) осы Заңның мақсаты мен міндетіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлейді және бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi жөнiндегi заңнамасы халықаралық стандарттардың, шағын және орта бизнеске арналған халықаралық стандарттың талаптарына қайшы келген жағдайда, консультациялық органның ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына тиiстi өзгерiстер енгiзудi қамтамасыз етедi;
8) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
9) консультациялық органның Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлерiнiң жобасын әзiрлеу туралы ұсыныстарын қарайды;
10) кәсiби ұйымдарды, сертификаттау жөнiндегi ұйымдарды аккредиттеудi жүргiзедi;
11) кәсіптік ұйымдарды, сертификаттау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
11-1) кәсiби бухгалтерлікке кандидаттарды сертификаттауды жүргiзу қағидаларын бекiтеді;
12) консультациялық органның ұсынымдарын ескере отырып, кәсiби бухгалтерлерге кандидаттарға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi;
12-1) кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттыру қағидаларын бекітеді;
13) аккредиттеу ережелерi сақталмаған жағдайда, кәсiби ұйымдарға, сертификаттау жөнiндегi ұйымдарға ескерту жасайды;
14) кәсiби ұйымды, сертификаттау жөнiндегi ұйымды аккредиттеу жөнiндегi куәлiгiнен айыру туралы шешiм қабылдайды;
16) Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын, белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау құқығын алған мерзiмдi баспасөз басылымдарында кәсiби ұйымдардың, сертификаттау жөнiндегi ұйымдардың тiзбесiн мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жариялайды;
19) сертификаттың нысанын келiседi;
20) бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласында және кәсiби ұйымдар мен сертификаттау жөнiндегi ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
21) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
22) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) қаржы ұйымдары үшін халықаралық стандарттарда реттелмеген мәселелер бойынша қаржылық есептілік стандарттарын, сондай-ақ оларға әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін қаржы ұйымдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдары және Қазақстан Даму Банкі үшін Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдары үшін бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелері жөніндегі құқықтық актілерін әзірлейді және бекітеді;
3) қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының және халықаралық стандарттардың талаптарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
6-1. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау тәртібін бекітеді.
7. Қаржы ұйымдарының (қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаларды және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарын сақтауына бақылауды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-32165/st-20/