Положение о продаже на открытых тендерах в рассрочку производственных объектов и площадей, офисных помещений Күшін жойған
Басқа 0
Өндiрiстiк объектiлер мен алаңдарды, офистiк үй-жайларды ашық тендерлерде төлеу мерзiмiн созып сату туралы Ереже
📌 Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржы министрiнiң 2004 жылғы 20 желтоқсандағы N 453 бұйрығымен.
Тармақ 1
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Шағын кәсiпкерлiктi дамытуға мемлекеттiк қолдауды күшейту және оны жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" 1997 жылғы 6 наурыздағы N 3398 Жарлығына сәйкес әзiрленген және өндiрiстiк қызметпен айналысатын шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне өндiрiстiк күй-жайларды (бұдан әрi - объектiлер) ашық тендерлерде төлеу мерзiмiн созып сатудың тәртiбiн реттейдi.
Тармақ 2
2. Өндiрiстiк қызметпен айналысатын шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне инвентаризация кезiнде анықталған мемлекеттiк кәсiпорындарда пайдаланылмай тұрған өндiрiстiк объектiлер мен алаңдар, офистiк үй-жайлар төлеу мерзiмiн 3 жылға созып сату үшiн ашық тендерлерге қойылады.
Объектiлердi сатудағы тендердiң негiзгi шарты олардың өндiрiстiк мақсаттарға пайдаланылуы болып табылады.
Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне аталған объектiлердi сатуға беру жөнiнде шешiмдi мемлекеттiк меншiктi үйлестiру бойынша құқықты жүзеге асыруға уәкiлдiгi бар мемлекеттiк орган қабылдайды.
Тармақ 3
3. Тендердi ұйымдастыру мен өткiзу үшiн құрамында Қаржы министрлiгiнiң жекешелендiру жөнiндегi Департаментiнiң, Қаржы министрлiгiнiң мемлекеттiк мүлiктi және активтердi басқару Департаментiнiң, Экономика және сауда министрлiгiнiң шағын кәсiпкерлiктi қолдау жөнiндегi Департаментiнiң және басқа да мүдделi ұйымдардың өкiлдерi енген комиссия құрылады. Комиссия мүшелерiнiң саны 5 адамнан кем болмауы тиiс. Комиссияның төрағасы Қаржы министрлiгiнiң жекешелендiру жөнiндегi Департаментiнiң өкiлi болып табылады. Комиссияның шешiмi жай көпшiлiк дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, комиссия Төрағасының дауысы шешушi дауыс болып табылады.
Комиссия тендердiң шарттарын белгiлеп, объектiнiң бастапқы бағасы мен жарнаның мөлшерiн айқындап бекiтедi; ақпараттық хабарды жариялау туралы шешiм қабылдайды; тендер өткiзедi және тендердiң жеңiмпазын жариялайды. Комиссия өз жұмысын ашық және жария түрде жүргiзедi. Сондай-ақ оған бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуына шек қойылмайды.
Тармақ 4
4. Тендердi өткiзу туралы хабарлама тендер өткiзiлуден кем дегенде 15 күн бұрын жеткiлiктi баспасөзде қазақ және орыс тiлдерiнде жариялануы керек.
Тармақ 5
5. Тендерге өндiрiстiк қызметпен айналысатын шағын кәсiпкерлiк субъектiсi ретiнде мемлекеттiк тiркелуi туралы тиiстi құжаттарды тапсырған заңды және жеке тұлғалар жiберiледi. Тендерге қатысушыларды тiркеу ақпараттық хабарламаның жарияланған күнiнен басталады және тендер өткiзiлуден 3 күн бұрын аяқталады. Тендерге қатысу үшiн объектiнi өндiрiстiк мақсатта пайдалану мен объектiнiң құны жөнiндегi ұсыныстарды өтiнiммен қоса бередi. Ұсыныстар, тәртiп бойынша конвертке салынған күйiнде қабылданады, ол тендерлiк комиссияның отырысында тендер өткiзiлетiн күнi ашылады. Тендердiң Жеңiмпазын Комиссия дауыс беру немесе қатысушылардың ұсыныстарына барлық баға қою жолымен белгiлейдi. Ең көп дауыс немесе ең жоғары баллдар сомасын жинаған қатысушы тендердiң жеңiмпазы деп танылады.
Комиссияның шешiмi хаттамамен тiркелiп, оған комиссия мүшелерi мен төрағасы қол қояды. Комиссия мүшесi өзiнiң ерекше пiкiрiн жазбаша түрде бiлдiрiп, оны хаттамаға қосып беруге құқысы бар.
Тармақ 6
6. Тендер өткеннен кейiн 10 күн iшiнде қабылдау-беру актiсiнiң және тендер қорытындысы туралы хаттама мәлiметтерiнiң негiзiнде жекешелендiру жөнiндегi Департаментi мен Сатып алушы сатып алу-сату шартына қол қояды. Жазбаша түрде жасалатын сатып алу-сату шартында тараптардың құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi, объектiнiң құны, төлеу мерзiмiн созып сатудың ақы төлеу нысаны мен мерзiмi көрсетiледi.
Төлеу мерзiмiн созып сату объектiсi үшiн құнын төлеу мынадай тәртiп бойынша жүзеге асырылады: сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 30 күн iшiнде Сатып алушы жарнаның алғақшы кезектегi сомасын төлейдi. Төлем мерзiмiн созып сатудағы алғашқы кезектегi сомасының мөлшерi сатылу бағасынан 15 проценттен кем болмауы тиiс, ал төлену мерзiмi үш жыл. Сатып алушы қалған соманы сатып алу-сату шартында белгiленген тәртiп бойынша төлейдi. Бұл жағдайда Сатып алушы кезектi төлемдердi мерзiмiнен бұрын енгiзуге құқылы. Келiсушi жақтардың келiсiмiмен белгiленгендей әлi енгiзiлмеген сомаға проценттер есептеледi.
Тармақ 7
7. Сатып алушының жекешелендiру объектiсi мен жер учаскесiнiң меншiк иесi құқығы сатып алу-сату шарты бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексi мен "Жылжымайтын мүлiктер және олармен жасалған мәмiлелердiң иелiк құқығын мемлекеттiк тiркеу туралы" Заң күшi бар Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығында белгiленгендей мәмiлелердiң тiркелу мерзiмiнен бастап күшiне енедi.
Тармақ 8
8. Тендердi ұйымдастыру мен өткiзуден басқа, объектiлердi жекешелендiруден түскен қаражат республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.