Қолданыста
·
04.02.2026 редакциясы
42-7-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тұтынушының өтінішін қарауы
О защите прав потребителей · № 274-IV
1. Тұтынушының өтінішін қарау кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар:
1) тұтынушыдан қосымша құжаттар мен ақпарат сұратуға;
2) тұтынушының талабы қойылған сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) өтінішті қарау үшін қажетті түсіндірмелер мен дәлелдемелер ұсынуды сұратуға;
3) мемлекеттік органдар мен мекемелерден, басқа да ұйымдардан тұтынушының өтінішін қарау үшін қажетті ақпарат сұратуға және алуға құқылы.
2. Тұтынушының өтінішін қарау туралы шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде әрекеттеріне қатысты тұтынушының өтініші ұсынылған сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) хабарды алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей толық түсіндірмелерді және оларды негіздейтін құжаттарды ұсыну талабымен тұтынушының алынған өтініші туралы хабар, осы өтініштің және оның қосымшаларының көшірмелері жіберіледі.
Хабар сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) электрондық пошта мекенжайы немесе телефон нөмірі бойынша, сондай-ақ хабарламаны немесе шақыруды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары бойынша жіберілуі мүмкін.
Сатушының (дайындаушының, орындаушының) электрондық пошта мекенжайы туралы немесе телефон нөмірі немесе хабарламаны немесе шақыруды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары туралы мәліметтер болмаған жағдайда, хабар сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) соңғы белгілі тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бойынша телефонограммамен гибридтік жөнелту арқылы не оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберіледі.
3. Ұсынылған құжаттарды қарау қорытындылары бойынша және тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар анықталған кезде:
1) сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылады;
2) сатушыны (дайындаушыны, орындаушыны) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту туралы шешім қабылданады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган шығарған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Қазақстан Республикасының заңдарында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тұтынушылардың өтініштерін қарауының өзге де тәртібі мен мерзімдері белгіленуі мүмкін.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-52483/st-42-7/