Об утверждении Правил ведения Красной книги Республики Казахстан Қолданыста

11.08.2026 жағдай бойынша қолданыста болған редакция: 02.06.2012. Бұл — корпустағы соңғы редакция.
Басқа 0
Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргізу қағидаларын бекiту туралы "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 7-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
Тармақ 1
1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргізу қағидалары бекiтiлсiн.
Тармақ 2
2. "Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы № 1330 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 49, 631-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Тармақ 3
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Басқа 4. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргізу қағидалары
Қа­зақ­стан Рес­пуб­ли­ка­сы Үкi­метiнiң 2012 жы­л­ғы 2 мау­сым­да­ғы № 734 қа­улы­сы­мен бекiтiл­ген Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргізу қағидалары
Тарау 1. 1. Жалпы ережелер
1. Жалпы ережелер
Тармақ 1
1. Осы Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 7-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргізу тәртібін айқындайды.
Тармақ 2
2. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы (бұдан әрі – Қызыл кітап) Қазақстан Республикасының аумағындағы өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерінің жай-күйі туралы мәліметтер жиынтығын, оларды зерттеу, қорғау, өсiмiн молайту және орнықты пайдалану жөнiндегi қажетті шараларды қамтитын сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлері тізбелерінің түрлі-түсті суреттермен безендірілген басылымы болып табылады.
Тармақ 3
3. Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құрлықтағы қайраңында және айырықша экономикалық аймағында құрлықта, суда, атмосферада және топырақта тұрақты немесе уақытша табиғи еркіндік жағдайында мекендейтін өсімдіктер (сабақты және аласа) мен жануарлардың (омыртқалы және омыртқасыз) сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлері (қосымша түрлері, таралымдары) (бұдан әрі – өсімдіктер мен жануарлар түрлері (қосымша түрлері, таралымдары) осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен Қызыл кiтапқа енгiзiледi.
Тармақ 4
4. Саны және орнықты өмір сүру жағдайлары олардың өсiмiн молайтуға және табиғи еркiндiк жағдайында тектік қорын сақтауға қатер төндірмейтін шекке дейін қалпына келтірілген өсiмдiктер мен жануарлардың түрлерi (қосымша түрлерi, таралымдары) осы Қағиадаларда белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабынан алып тастауға жатады.
Тарау 2. 2. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргізу тәртібі
2. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргізу тәртібі
Тармақ 5
5. Қызыл кiтап екi томнан тұрады: жануарлар (1-том) және өсiмдiктер (2-том). Әрбір том бiр кiтап немесе бiрнеше бөлiк (бөлiмдер топтары немесе жеке бөлiмдер бойынша) түрiнде шығарылады.
Тармақ 6
6. Қызыл кiтапқа енгізілген өсiмдiктер мен жануарлардың әрбір түрi (қосымша түрлері, таралымдары) үшін мынадай негізгі мәліметтер келтіріледі:
Тармақша 1
1) түрдiң (қосымша түрдің, таралымның) мемлекеттік, орыс және латын тiлдерiндегi атауы;
Тармақша 2
2) мәртебесi;
Тармақша 3
3) сыртқы түрiнiң бейнесі;
Тармақша 4
4) картаға түсiрiлген Қазақстан Республикасында бұдан бұрын және қазiргi таралуы;
Тармақша 5
5) саны және оның өзгеру үрдiсi;
Тармақша 6
6) мекендеу орындары, лимиттеудiң негізгі факторлары және саны мен таралу аймағының өзгеру себептерi;
Тармақша 7
7) биологиясының ерекшеліктері, қолда өсіру мүмкіндігі туралы мәліметтер;
Тармақша 8
8) қабылданған және қажетті қорғау шаралары;
Тармақша 9
9) зерттеу бойынша ұсыныстар;
Тармақша 10
10) ақпарат көздерi. Қажет болған жағдайларда, сондай-ақ ағзасының дамуына тән жас және маусымдық ерекшелiктерiнің бейнесі (құрт, жұмыртқа салу, қуыршақ, өсiмдiк бөлiктерi) және басқа да деректер келтірiледi.
Тармақ 7
7. Өсімдіктер мен жануарлар түрлерін Қызыл кiтапқа енгізу және одан шығару жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін ведомствоаралық ботаникалық және зоологиялық комиссиялар (бұдан әрі – комиссиялар) құрылады.
Тармақ 8
8. Комиссиялардың құрамы мен ережелерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бекітеді.
Тармақ 9
9. Өсiмдiктер мен жануарлардың таралуы, мекендеу орындары, тіршілік ету салты, биологиясы, саны, лимиттеу факторлары туралы, мекендеу жағдайларының өзгеруі туралы, сондай-ақ өлім-жітімге ұшырау, ауру жағдайлары туралы мәліметтерді жинау мен талдауды өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілері жай-күйінің ғылыми зерттеулері мен мониторингінің нәтижелері бойынша уәкілетті органның ведомствосы қамтамасыз етеді.
Тармақ 10
10. Өсiмдiктер мен жануарлар түрлері туралы мәліметтер жинауды ғылым саласындағы уәкілетті органның мамандандырылған ғылыми ұйымдары, өздерінің қызмет түрі бойынша өсiмдiктер мен жануарлар дүниесінің түрлерін зерттеумен және қорғаумен байланысты жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады. Бұл орайда анықталған өсiмдiктер мен жануарлар түрлері (қосымша түрлері, таралымдары) санының қысқаруы, олардың таралу аймағының азаюы, оларды қорғау жөнінде шаралар қолдану қажеттігіне айғақ болатын тіршілік ету жағдайларының жайсыз өзгерістері туралы деректер уәкілетті органның ведомствосына жіберіледі.
Тармақ 11
11. Уәкілетті органның ведомствосы алынған деректерді комиссиялардың өсімдіктер мен жануарлар түрлерін (қосымша түрлерін, таралымдарын) Қызыл кітапқа енгізу немесе одан алып тастау туралы ұсыныстар әзірлеуі үшін олардың қарауына жіберу туралы бір ай мерзім ішінде шешім қабылдайды.
Тармақ 12
12. Комиссиялар уәкілетті органға өсімдіктер мен жануарлардың белгілі бір түрлерін (қосымша түрлерін, таралымдарын) Қызыл кітапқа енгізу немесе одан алып тастау туралы ұсыныстар енгізеді.
Тармақ 13
13. Уәкілетті орган комиссиялардың ұсыныстары бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына өсiмдiктер мен жануарлар түрлерін (қосымша түрлерін, таралымдарын) өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнің тізбесіне енгізуді көздейтін Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын енгізеді.
Тармақ 14
14. Қызыл кітапты жүргізуді уәкілетті орган бюджет қаражатының және Қазақстан Республикасының заңнамасы тыйым салмаған көздер есебінен жүзеге асырады.
Тармақ 15
15. Қызыл кітап мемлекеттік және орыс тілдерінде шығарылады, сондай-ақ кез келген басқа тілде шығарылуы мүмкін.
Тармақ 16
16. Қызыл кiтап түпнұсқасының күшi бiрдей үш данада дайындалады, бұл ретте: екі данасы – уәкілеттi органның ведомствосында, үшiншiсi – ғылым саласындағы уәкiлеттi органда болады. Қызыл кітапқа толықтырулар мен өзгерістер бір мезгілде үш данаға енгізіледі. Қалған даналардың барлығы Қызыл кітаптың телнұсқалары болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар қайта басып шығаруы мүмкін. Қызыл кітап он жылда бір рет кезеңділікпен қайта басылады.
Тармақ 17
17. Қызыл кітапқа енгізілген өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнің түрлі-түсті суреттері берілген тізбелері ресми жарияланады, сондай-ақ уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.