Қолданыста
·
02.03.2026 редакциясы
8-1-бап. Мемлекеттік сервис
О персональных данных и их защите · № 94-V
1. Меншік иелері және (немесе) операторлар, үшінші тұлғалар мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың дербес деректер бар ақпараттандыру объектілерімен өзара іс-қимыл жасаған жағдайда, осы Заңның 9-бабының 1), 2),
2-1), 9) және 9-2) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді жинау және өңдеу процестеріне тартылған өздерінің ақпараттандыру объектілерінің мемлекеттік сервиспен интеграциялануын қамтамасыз етеді.
Интеграция Қазақстан Республикасы заңнамасының мемлекеттік құпияларға, жеке басының құпиясына, отбасылық, банктік, коммерциялық құпияға, медицина қызметкерінің құпиясына және заңмен қорғалатын өзге де құпияларға жатқызылған мәліметтерді, сондай-ақ басқа да құпия ақпаратты ұсыну жөніндегі нормалары сақтала отырып жүзеге асырылады.
Өзге жағдайларда мемлекеттік сервиспен интеграция ерікті негізде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік сервиспен интеграциялау тәртібін уәкілетті орган айқындайды және «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларында айқындалады.
2. Мыналар мемлекеттік сервис арқылы қамтамасыз етіледі:
1) субъектінің немесе оның заңды өкілінің мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілеріндегі дербес деректерді жинауға және (немесе) өңдеуге келісім беруі (одан бас тартуы);
2) субъектінің немесе оның заңды өкілінің мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілеріндегі дербес деректерді жинауға және (немесе) өңдеуге келісімді кері қайтарып алуы;
3) субъектіні мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілеріндегі өзінің дербес деректерімен жасалатын әрекеттер туралы хабардар ету (қол жеткізу, қарау, өзгерту, толықтыру, беру, бұғаттау, жою);
4) субъектіге мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілеріндегі өзінің дербес деректерін жинауға және (немесе) өңдеуге келісімі бар меншік иелері және (немесе) операторлар туралы мәліметтерді ұсыну.
3. Осы Заңның 9-бабының 4), 6), 8) және 9-3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, субъектіні мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілеріндегі оның дербес деректеріне қол жеткізуге (жинауға және өңдеуге) сұрау салулардың бастамашылары туралы мемлекеттік сервис арқылы хабардар ету қамтамасыз етіледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-72730/st-8-1/