Об утверждении Правил оформления, выдачи, замены, сдачи, изъятия и уничтожения свидетельства о рождении Күшін жойған

11.08.2026 жағдай бойынша қолданыста болған редакция: 13.07.2023. Бұл — корпустағы соңғы редакция.
Басқа 0
Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 25-бабының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Тармақ 1
1. Қоса беріліп отырған Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары бекітілсін.
Тармақ 2
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Басқа 0. Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы «5» қыркүйектегі № 929 қаулысымен бекітілген Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары
Тарау 1. 1-тарау. Жалпы ережелер
1-тарау. Жалпы ережелер
Тармақ 1
1. Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 25-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және туу туралы куәліктерді ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібін белгілейді.
Тармақ 2
2. Туу туралы куәлік – жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын, оның туу фактісінің мемлекеттік тіркелгенін куәландыратын құжат. Туу туралы куәлік мынадай құжаттардың бірін – Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін не шетелдік паспортты алғанға дейін жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат болып табылады.
Тарау 2. 2-тарау. Туу туралы куәлікті ресімдеу және беру тәртібі
2-тарау. Туу туралы куәлікті ресімдеу және беру тәртібі
Тармақ 3
3. 01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР Үкіметінің 26.10.2022 № 847 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Тармақ 4
4. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін ата-аналар, олардың біреуі, ал олар қайтыс болған, науқастанған немесе өтініш беруге өзге себептермен мүмкіндігі болмаған жағдайда – мүдделі адамдар немесе бала туған кезде анасы жатқан медициналық ұйымның әкімшілігі бала туған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен (бұдан әрі – туу туралы өтініш) Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органға өтініш берушінің қалауы бойынша жазбаша нысанда не «электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық түрде жүгінеді.
Тармақ 5
5. Бала Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған жағдайда баланың тууы туралы өтінішті ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне оның туған күнінен бастап екі айдан кешіктірмей беруге тиіс.
Тармақ 6
6. Бала өлі туған жағдайда туу туралы өтінішті медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы босанған кезден бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
Тармақ 7
7. Екі немесе одан да көп баланы мемлекеттік тіркеу кезінде туу туралы өтініш әрқайсысына қатысты жеке беріледі.
Тармақ 8
8. Егер баланың тууын мемлекеттік тіркеуге ата-аналары емес, басқа адамдар өтініш жасаса, онда осы адамдар өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ баланың тууын тіркеуге оның өкілеттігін растайтын құжатты ұсынады.
Тармақ 9
9. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өтініш берушінің таңдауы бойынша проактивті көрсетілетін қызмет арқылы баланың тууын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру кезінде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш беру талап етілмейді.
Тармақ 10
10. Ауылдарда, кенттерде, ауылдық округтерде ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі тиісті ауылдың, кенттің, ауылдық округтің аумағында тұратын азаматтар балаларының тууын мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қабылдауды және тууды мемлекеттік тіркеу мен Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқорға мәліметтер енгізу үшін оларды «Неке (ерлі – зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (бұдан әрі – Кодекс) көзделген мерзімдерде ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың тиісті тіркеуші органына беруді, сондай-ақ туу туралы куәліктерді, қажет болған кезде анықтамаларды беруді және табыс етуді жүргізеді.
Тармақ 11
11. Туу туралы куәлікті ресімдеу үшін Кодекстің 180-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітетін тізбе бойынша құжаттар ұсынылады.
Тармақ 12
12. Туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін негіздер болып табылады.
Тармақ 13
13. Медициналық ұйымнан тыс жерде, оның ішінде үйде босанған жағдайда, туу туралы медициналық куәлікті ол босанғаннан кейін жүгінген босандыру ұйымының жауапты медицина қызметкері анасының жеке басын куәландыратын құжаттарға сәйкес ресімдейді.
Тармақ 14
14. Бала медициналық ұйымда туған және анасының жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған жағдайларда туу фактісін мемлекеттік тіркеу кезінде анасының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) туу туралы медициналық куәлікке сәйкес толтырылады, онда анасы туралы мәліметтер оның сөздерінен жазылғандығы туралы белгі болады.
Тармақ 15
15. Бұдан әрі баланың анасы туралы мәліметтер туу туралы акт жазбасына Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген тәртіппен толықтырылады.
Тармақ 16
16. Туу туралы медициналық куәлік болмаған жағдайда баланың тууын мемлекеттік тіркеу туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі негізінде жүзеге асырылады.
Тармақ 17
17. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууы ішкі істер органдарының, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, білім беру ұйымы әкімшілігінің немесе бала орналастырылған медициналық ұйымның өтініші бойынша тауып алынған, бас тартылған немесе қалдырылған күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркелуге тиіс. Өтінішке бала табылған уақытты, жерді және мән-жайларды көрсете отырып, ішкі істер органы немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган жасаған хаттама немесе акт; табылған баланың жасы мен жынысын растайтын медициналық ұйым берген құжат және бала туралы басқа да дербес мәліметтер қоса беріледі.
Тармақ 18
18. Баланы белгісіз ана тастап кеткен жағдайда медициналық ұйымның әкімшілігі екі куәгердің қатысуымен хаттама жасайды. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде хаттамалар медициналық ұйымның лауазымды адамының тасталған (бас тартылған) баланы тіркеу туралы өтінішіне қоса беріледі.
Тармақ 19
19. Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезде бойға біткен және әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін не неке (ерлі-зайыптылық) жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу, егер әкесі қайтыс болған немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған не ол жарамсыз деп танылған күннен бастап екі жүз сексен күннен аспаса, жалпы негіздерде жүргізіледі.
Тармақ 20
20. Бір жасқа толған және одан асқан баланың тууын мемлекеттік тіркеу Кодекстің 187-бабында көзделген тууды мемлекеттік тіркеу үшін негіздер болған кезде ата-анасының немесе өзге де мүдделі адамдардың жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
Тармақ 21
21. Бала кәмелетке толған соң тууды мемлекеттік тіркеу оның жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
Тармақ 22
22. Бір жасқа толған және одан асқан баланың тууын мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органның қорытындысы негізінде ауданның, қаланың тіркеуші органы жүргізеді.
Тармақ 23
23. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде не Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда ата-анасының немесе олардың біреуінің қалауы бойынша шетелдік тіркеуші органдарда тіркелгеніне қарамастан, Кодексте белгіленген мерзімдерде мынадай құжаттардың бірін ұсынған кезде жүргізіледі:
Тармақша 1
1) туу туралы куәліктің түпнұсқасы;
Тармақша 2
2) туу туралы акт жазбасының көшірмесі;
Тармақша 3
3) туу туралы медициналық куәліктің түпнұсқасы. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттар болмаған кезде туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі ұсынылады. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде туған баланың туған жері ретінде баланың нақты туған жерінің атауы көрсетіледі.
Тармақ 24
24. Экспедицияларда және шалғай жерлерде, сондай-ақ анасының теңіз, өзен, әуе кемесінде немесе пойызда болған уақытында туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу ата-анасының не олардың біреуінің қалауы бойынша кез келген тіркеуші органда жүргізіледі. Мұндай жағдайларда баланың туған жері ретінде баланың тууын мемлекеттік тіркеу жүргізілетін әкімшілік-аумақтық бірлік көрсетіледі.
Тармақ 25
25. Бір-бірімен некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) әкесі мен анасы туу туралы жазбалар кітабына олардың кез келгенінің өтініші бойынша баланың ата-аналары болып жазылады. Мұндай жазбаға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік негіз болып табылады.
Тармақ 26
26. Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға өз келісімін жазбаша нысанда берген адамдарда осы әдістерді қолдану нәтижесінде бала туған жағдайда олар туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады. Суррогат ана болу шартына сәйкес бала туылған жағдайда ерлі-зайыптылар туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
Тармақ 27
27. Бала тууды тіркеу кезінде, егер ата-аналарының арасында неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, сот оны жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған жағдайда, бірақ неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, ол жарамсыз деп танылған немесе жұбайы қайтыс болған кезден бастап екі жүз сексен күннен астам уақыт өтпесе, анасы туралы мәліметтер туу туралы медициналық куәліктің немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі негізінде, баланың әкесі туралы мәліметтер неке қию (ерлі-зайыптылық) немесе некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәліктің немесе акт жазбасының, әкесінің қайтыс болуы туралы куәліктің немесе акт жазбасының негізінде енгізіледі.
Тармақ 28
28. Бала неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, ол жарамсыз деп танылған немесе бала анасының жұбайы қайтыс болған кезден бастап екі жүз сексен күн ішінде туған жағдайда, егер өзгеше дәлелденбесе, анасының бұрынғы жұбайы баланың әкесі болып танылуы мүмкін. Егер баланың анасы өзінің жұбайы не бұрынғы жұбайы баланың әкесі емес деп мәлімдесе, баланың әкесі баланың өз анасының және әкесінің не жұбайының, бұрынғы жұбайының бұл туралы жазбаша өтініші болған кезде Кодекстің 47-тармағының 5-тармағында немесе 48-бабында көзделген қағидалар бойынша анықталады. Мұндай өтініш болмаған жағдайда бұл мәселе сот тәртібімен шешіледі. Босанған әйелдің жұбайының немесе бұрынғы жұбайының басқа адамның әке болуын анықтауға келісімі ішкі істер органы берген, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілгені туралы немесе соттың оны хабар-ошарсыз кеткен немесе әрекетке қабілетсіз деп танығаны туралы заңды күшіне енген шешімі туралы растайтын құжат болған кезде міндетті емес.
Тармақ 29
29. Босанған әйелдің жұбайы болып табылмайтын адам жазбаша мойындаған жағдайда және оның күйеуінің жазбаша келісімі болған кезде тууды тіркеу кезінде баланың әкесі болып осы адам жазылады.
Тармақ 30
30. Егер баланың ата-анасы бір-бірімен некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) жағдайда анасы туралы мәліметтер Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі. Бұл жағдайда тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына әкесі туралы мәліметтер:
Тармақша 1
1) Кодекстің 192-1-бабының 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша, егер әке болу баланың тууын мемлекеттік тіркеумен бір мезгілде анықталатын жағдайда;
Тармақша 2
2) егер әке болу анықталмаса, некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) анасының өтініші бойынша енгізіледі. Тууды жазу кітабында баланың әкесінің тегі анасының тегі бойынша, баланың әкесінің аты мен әкесінің аты оның нұсқауы бойынша жазылады. Енгізілген мәліметтер әке болуды анықтау туралы мәселені шешуге кедергі болып табылмайды. Баланың әкесі туралы мәліметтер анасының қалауы бойынша туу туралы акт жазбасына енгізілмеуі мүмкін;
Тармақша 3
3) өзін баланың әкесімін деп мойындаған адамның өтініші бойынша баланың анасының келісімі болған кезде енгізіледі. Анасы туралы мәліметтер осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі, әкесі туралы мәліметтер осы адамның көрсетуі бойынша жазылады. Бұдан әрі баланың анасы туу туралы акт жазбасына енгізілген баланың әкесі туралы мәліметтермен келіспеген кезде түзетулер белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Тармақ 31
31. Егер тууды тіркеу кезінде өтініш беруші ата-аналарының ұлттық тиесілігін көрсетуге ниет білдірсе, онда баланың тууы туралы акт жазбасында ата-аналарының – Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлты Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген ұлтына сәйкес көрсетіледі. Шетелдік болып табылатын ата-анасының ұлттық тиесілігі туралы мәліметтер оның шетелдік паспортына сәйкес көрсетіледі. Шетелдіктің шетелдік паспортында ұлты туралы мәліметтер болмаған кезде ол өзі азаматы болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы берген құжатқа сәйкес айқындалуы мүмкін.
Тармақ 32
32. Баланың тууын мемлекеттік тіркеуге түскен құжаттарды тексергеннен кейін баланың тууын тіркеу туралы мәліметтер азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі – АХА АЖ) енгізіледі.
Тармақ 33
33. Баланың тууын АХА АЖ-да мемлекеттік тіркегеннен кейін акт жазбасы екі данада басып шығарылады және туу туралы куәлік қалыптастырылады. Туу туралы акт жазбасының негізінде туу туралы куәлік ресімделеді, қажет болған жағдайда туу туралы анықтама беріледі.
Тармақ 34
34. Туу туралы куәліктер мен анықтамалар азаматтық хал актілері мемлекеттік тіркелгеннен кейін өздеріне қатысты акт жазбасы жасалған адамдарға электрондық нысанда немесе олардың қалауы бойынша қағаз жеткізгіште беріледі.
Тармақ 35
35. Электрондық нысанда берілген туу туралы куәлік, анықтама құжатты берген тіркеуші орган бастығының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылады.
Тармақ 36
36. Қағаз жеткізгіште берілген туу туралы куәлік, анықтама тіркеуші орган бастығының қолымен, құжатты берген тіркеуші органның елтаңбалық мөрімен бекітіледі.
Тармақ 37
37. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі туу туралы куәлік, анықтама құжатты берген Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесі лауазымды адамының қолтаңбасымен және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесінің елтаңбалық мөрімен бекемделген қағаз жеткізгіште беріледі.
Тармақ 38
38. Қағаз жеткізгіштегі туу туралы бастапқы куәлік жоғалған немесе пайдалануға жарамсыз болған жағдайларда тіркеуші органдар, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері акт жазбасының негізінде туу туралы қайталама куәлік береді.
Тармақ 39
39. Туу туралы куәліктер қазақ немесе орыс тілінде толтырылады.
Тармақ 40
40. Баланың ата-аналары туралы мәліметтер олардың жеке басын куәландыратын құжаттарға сәйкес толтырылады.
Тармақ 41
41. Ата-аналардың жеке басын куәландыратын құжаттар болмаған жағдайда баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде баланың ата-аналары туралы мәліметтер АХА АЖ мәліметтеріне сәйкес толтырылады.
Тармақ 42
42. Туу туралы куәлік мынадай мәліметтерді қамтиды:
Тармақша 1
1) баланың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні және жері;
Тармақша 2
2) акт жазбасының жасалған күні және нөмірі;
Тармақша 3
3) жеке сәйкестендіру нөмірі;
Тармақша 4
4) егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, ата-аналарының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), ұлты;
Тармақша 5
5) ата-аналарының азаматтығы;
Тармақша 6
6) мемлекеттік тіркеу орны (тіркеуші органның атауы);
Тармақша 7
7) туу туралы куәліктің берілген күні;
Тармақша 8
8) құжатты берген тіркеуші органның атауы.
Тармақ 43
43. Туу туралы куәліктің нысанын Кодекстің 181-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітеді.
Тармақ 44
44. Өлі туған баланың туу туралы куәлігі берілмейді. Өлі туған балаға қатысты өлі туған баланы мемлекеттік тіркеу туралы анықтама беріледі.
Тарау 3. 3-тарау. Туу туралы куәлікті ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібі
3-тарау. Туу туралы куәлікті ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібі
Тармақ 45
45. Қағаз жеткізгіштегі туу туралы бастапқы куәлік жоғалған немесе пайдалануға жарамсыз болған жағдайларда тіркеуші органдар, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесі туу туралы қайталама куәлік береді.
Тармақ 46
46. Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы жазба жасалған адамдар немесе олардың уәкілетті өкілдері туу туралы қайталама куәлікті алу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 112 бұйрығымен бекітілген Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер енгізу, қалпына келтіру, күшін жою қағидаларына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10764 болып тіркелді) сәйкес құжаттар ұсынады.
Тармақ 47
47. АХА АЖ-да тіркелген туу туралы акт болған кезде туу туралы қайталама куәлік тіркеуші органға қажетті құжаттар келіп түскен кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде беріледі. АХА АЖ-да акт жазбасы болмаған кезде қызмет көрсету мерзімі көрсетілетін қызметті алушыны күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде хабардар ете отырып, күнтізбелік 15 (он бес) күннен аспайтын мерзімге ұзартылады.
Тармақ 48
48. Туу туралы қайталама куәлік акт жазбаларымен дәлме-дәл сәйкестендіріліп жазылады. Жергілікті жерлердің атауы сол кездегі әкімшілік-аумақтық бөлініске дәлме-дәл сәйкестендіріліп көрсетіледі, ал мемлекеттік тіркеу орны ретінде қазіргі әкімшілік бөлініс бойынша осы жерде қызмет көрсеткен тіркеуші орган көрсетіледі Қайталап берілетін туу туралы куәліктердің бірінші бетінің жоғарғы жағында «Қайталама» деп көрсетіледі.
Тармақ 49
49. Он алты жасқа дейінгі балалардың туу туралы қайталама куәліктері ата-аналарына, қорғаншыларына, бала асырап алушыларына, қамқоршыларына және балалар тәрбиеленіп жатқан балалар мекемелерінің әкімшіліктеріне беріледі. Он алты жастан асқан, бірақ он сегіз жасқа толмаған және жеке басын куәландыратын құжат алмаған балаларға қайталама куәліктер ата-аналарының бірінің не қорғаншысының, бала асырап алушысының қатысуымен олар жеке басын куәландыратын құжатты ұсынған кезде беріледі.
Тармақ 50
50. Өздеріне қатысты ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналарға балалардың тууы туралы қайталама куәліктері құқықтары қалпына келтірілгенге дейін берілмейді.
Тармақ 51
51. Ата-ана құқықтарынан айыру фактісін тіркеуші орган архивте сақтауда тұрған туу туралы акт жазбасын тексеру арқылы тексереді.
Тармақ 52
52. Туу туралы қайталама куәлік берілген жағдайда куәліктің бұрынғы бланкісі жарамсыз болып табылады, ол туралы жеке тұлғалар туралы дерекқорда белгі жасалады.
Тармақ 53
53. Туу туралы куәлік пайдалануға жарамсыз болған және туған бала және ата-аналары туралы деректерді сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайларда туу туралы куәлік жарамсыз болып табылады және тіркеуші органға тапсырылуға және ауыстыруға тиіс.
Тармақ 54
54. Туу туралы куәліктерді жою туралы осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша акт жасалады, онда жойылған туу туралы куәліктердің сериясы, нөмірі мен күні және осы куәлікті берген тіркеуші органның атауы көрсетіледі.
Тармақ 55
55. Туу туралы куәліктерді жою үшін туу туралы куәліктер жойылатын тіркеуші орган басшысының бұйрығына сәйкес комиссия құрылады, ол тіркеуші органның қызметкерлері қатарынан кемінде үш адамы бар құрамда қалыптастырылады.
Тармақ 56
56. Актіге комиссия мүшелері қол қояды және оны туу туралы куәліктер жойылатын тіркеуші органның басшысы бекітеді.
Тармақ 57
57. Туу туралы куәлікті алып қоюды алдын ала тергеу, анықтау органдарының лауазымды адамдары, сондай-ақ лауазымды адамдар әкімшілік іс жүргізу және азаматтықты жоғалтуды ресімдеу барысында жүзеге асырады. _________________________
Басқа 1. Туу туралы куәліктерді жою актісі
Туу туралы куәлікті беру, ресімдеу, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларына қосымша Нысан «Бекітемін» _________________________ тіркеуші органның басшысы _________________________ Т.А.Ә. (бар болса) 20__ ж. «____»____________ Туу туралы куәліктерді жою актісі Біз, төменде қол қоюшылар, мынадай құрамда: 1. _____________________________ (лауазымы) Т.А.Ә. (бар болса) 2. _____________________________ (лауазымы) Т.А.Ә. (бар болса) 3. _____________________________ (лауазымы) Т.А.Ә. (бар болса) № __ туу туралы куәліктердің жойылғаны туралы осы актіні жасадық. Қосымша: жойылған туу туралы куәліктердің көшірмелері. __________________ қолы, Т.А.Ә. (бар болса) __________________ қолы, Т.А.Ә. (бар болса) __________________ қолы, Т.А.Ә. (бар болса) Орынд.: тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) _________________________