Қолданыста
·
03.07.2026 редакциясы
11-2-бап. Өтініш берушілердің жолданымдарын қарау
О страховой деятельности · № 126
1. Сақтандыру ұйымы жеке және заңды тұлғалардың сақтандыру қызметін жүзеге асырумен байланысты жолданымдарын уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген сақтандыру ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру ұйымы филиалының сақтандыру қызметін, оның ішінде сақтандыру нарығына қатысушылармен өзара қарым-қатынастарда жүзеге асыруға қойылатын талаптарға сәйкес қарайды.
2. Өтініш берушінің жолданымын қарау мерзімі ол сақтандыру ұйымына келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Жолданымды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды анықтау қажет болған кезде, жолданымды қарау мерзімі он бес жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін, ол туралы өтініш берушіге мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.
3. Жолданымды қарау нәтижесі бойынша сақтандыру ұйымы өтініш берушіге оның жолданымының мәні бойынша жауап (шешім) жіберуге міндетті.
4. Өтініш берушінің жолданымы:
1) жолданымда жауап жіберілуге тиіс мекенжай көрсетілмеген;
2) жолданымда өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және оның жеке сәйкестендіру нөмірі немесе толық атауы және оның бизнес-сәйкестендіру нөмірі көрсетілмеген;
3) жолданымда былапыт не балағат сөздер, сақтандыру ұйымының мүлкіне қауіп, оның жұмыскерінің, сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің өміріне, денсаулығына және мүлкіне қауіп болған;
4) жолданым оқуға келмейтін;
5) жолданымды уәкілетті емес тұлға берген жағдайларда қараусыз қалдыруға жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда сақтандыру ұйымы өтініш берушінің жолданымын алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жолданымды қараусыз қалдыру себептерін көрсете отырып жауап жібереді.
5. 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 16.01.2026 № 259-VIII Заңымен.
6. Сақтандыру ұйымы уәкілетті органға жеке және заңды тұлғалардың келіп түскен жолданымдары бойынша есептілікті ұсынады, олардың тізбесі, нысандары, ұсыну мерзімдері мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
7. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру ұйымының филиалдарына қолданылады.
Ескерту. Заң 11-2-баппен толықтырылды - ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-7832/st-11-2/