О страховой деятельности Қолданыста Заң ·№ 126 ·18.12.2000
03.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 03.07.2026 редакциясы

18-2-бап. Сақтандыру агентінің құқықтары мен міндеттері

О страховой деятельности · № 126

1. Сақтандыру агенті өз қызметінде:
1) осы Заңның 18 және 18-1-баптарында көзделген шектеулер ескеріле отырып, «өмірді сақтандыру» саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын бір сақтандыру ұйымының және (немесе) «жалпы сақтандыру» саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын бір сақтандыру ұйымының атынан және тапсырмасы бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыруға;
2) сақтандыру ұйымынан лицензиясының бар екендігі және қаржылық есептілік деректері туралы дұрыс ақпарат алуға;
3) сақтандыру бойынша консультативтік қызметті жүзеге асыруға;
4) өзінің делдалдық қызметін қолма-қол ақшасыз төлеммен жүзеге асырғаны үшін сақтандыру ұйымынан сыйақы алуға құқылы.
2. Сақтандыру агенті өз қызметінде:
1) сақтанушыға тапсырма шартын, сондай-ақ: оның жеке басын куәландыратын; сақтандыру агенттерінің тізілімінде оның деректерінің бар екендігін растайтын құжаттарды көрсетуге;
2) сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына арналған сақтандыру ұйымы лицензиясының көшірмесін қоса алғанда, өзі сақтандыру агенті болып табылатын сақтандыру ұйымы туралы ақпарат беруге;
3) жасасатын сақтандыру шарты бойынша сақтандыру қағидаларымен сақтанушыны таныстыруға және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 828-бабында көзделген жағдайларда қағидалардың көшірмесін беруге;
4) ақпарат және, бар болса, - жасасатын сақтандыру шарты бойынша барлық қажетті құжаттарды беруге;
5) сақтандыру шартын жасасу кезінде құжаттарды дұрыс және уақтылы ресімдеуді қамтамасыз етуге;
6) делдалдық қызметті жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың жабықтығын қамтамасыз етуге;
7) өзі сақтанушылардан толық көлемде алған сақтандыру сыйлықақыларын (сақтандыру жарналарын) сақтандыру ұйымына тапсыруға міндетті. Ескерту. 4-тарау 18-2-баппен толықтырылды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); өзгерістер енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) заңдарымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-7832/st-18-2/