О страховой деятельности Қолданыста Заң ·№ 126 ·18.12.2000
03.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 03.07.2026 редакциясы

38-1-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру саласын өзгерту

О страховой деятельности · № 126

1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру саласын өзгертуге сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өзінің құрылуына рұқсат беру кезінде ұсынған бизнес-жоспардың мерзімі аяқталғаннан және ол орындалғаннан кейін, оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының) акционерлері жалпы жиналысының шешімі негізінде жол беріледі.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру саласын өзгерту үшін уәкілетті органға өтінішхат мынадай құжаттармен қоса ұсынылады:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы (Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы) акционерлері жалпы жиналысының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атауын және сақтандыру саласын өзгерту туралы шешімі (мұндай шешім қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында болмаған жағдайда);
2) іс-шаралар жоспарының әрбір тармағы бойынша орындау мерзімдерін және осы баптың 3-тармағында көзделген рәсімдер бойынша жауапты басшы қызметкерлерді көрсете отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру саласын өзгерту жөніндегі іс-шаралар жоспары.
3. Сақтандыру саласын өзгерту мынадай рәсімдер сақтала отырып жүзеге асырылады:
1) осы Заңның 37-1-бабында көзделген тәртіппен осы Заңның 8 және 9-баптарына сәйкес сақтандырудың жаңа саласымен біріктіруге жатпайтын сақтандыру сыныптары (түрлері) және қызмет түрлері бойынша сақтандыру портфелін беру не тиісті сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын мерзімінен бұрын бұзу;
2) осы Заңның 31-бабына сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құрылтай құжаттарына не осы Заңның 30-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы туралы ережеге өзгерістер енгізу;
3) сақтандырудың жаңа саласы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алуға өтінішті және осы Заңның 37-бабының 2 және 7-тармақтарында көзделген құжаттарды уәкілетті органға ұсыну.
4. Уәкілетті орган сақтандыру саласын өзгерту жөніндегі іс-шаралар жоспарын мақұлдағаннан кейін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы осы жоспарда көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
5. Сақтандыру саласын өзгерту жөніндегі іс-шараларды жүргізу кезеңі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы (Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымы) акционерлерінің жалпы жиналысы сақтандыру саласын өзгерту туралы шешім қабылдаған күннен бастап алты айдан аспайды.
6. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының іс-шараларды өзіне байланысты емес себептермен сақтандыру саласын өзгерту жөніндегі іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзімдерде орындау мүмкіндігі болмаған жағдайда, уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын орындау мерзімін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру холдингінің және (немесе) ірі қатысушының өтінішхаты бойынша ұзартуы мүмкін.
7. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына сақтандыру саласын өзгерту жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру кезеңінде, қолданыстағы сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын ұзартуды және сақтандыру сыйлықақыларын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жауапкершілігінің көлемін ұлғайту көзделетін олардың өзгерісін қоса алғанда, жаңа сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасуға, сондай-ақ сақтандыру агенті ретінде сақтандыру делдалдығын жүзеге асыруға тыйым салынады. Осы Заңның 8 және 9-баптарына сәйкес біріктіруге жатпайтын сақтандыру сыныптары мен түрлері бойынша бұрын жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы осы Заңның 37-1 және 72-1-баптарында көзделген тәртіппен сақтандыру портфелін бергенге дейін не оларды мерзімінен бұрын бұзғанға дейін өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындауға міндетті. Осы Заңның 8 және 9-баптарына сәйкес сақтандырудың жаңа саласымен біріктіруге жататын сақтандыру сыныптары және қызмет түрлері жөніндегі сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы олардың қолданылу мерзімі өткенге дейін не сақтандыру шартының талаптарынан туындайтын міндеттемелерді орындағанға дейін өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындауға міндетті.
8. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру саласы өзгерген кезде осы Заңның 26, 32 және 34-баптарында және «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4, 9-5 және 9-6-баптарында көзделген келісімдерді және (немесе) рұқсаттарды алу осы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру саласы өзгергенге дейін тиісті келісімдері және (немесе) рұқсаттары бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар үшін талап етілмейді.
9. Сақтандыру саласын өзгертуге мынадай:
1) ұсынылған құжаттар бойынша уәкілетті органның ескертулері ол белгілеген мерзімде жойылмаған;
2) ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтамаған;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) құрамына сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы кіретін сақтандыру тобы осы баптың 2-тармағына сәйкес өтінішхат берілгенге дейін алты ай кезеңінде және оны қарау және іс-шараларды іске асыру кезеңінде белгіленген пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді сақтамаған;
5) осы баптың 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ұсынылған бизнес-жоспарға қарай алынатын сақтандыру сыныптарын және (немесе) қызмет түрлерін ескере отырып, пруденциялық нормативтердің сақталмауы болжанған;
6) осы Заңның 53-3 және 53-4-баптарында көзделген қолданыстағы қадағалап ден қою шаралары және осы Заңның 53-5-бабына сәйкес санкциялар болған;
7) сақтандыру саласының өзгеруі нәтижесінде сақтанушылардың, сақтандырылушылардың, пайда алушылардың құқықтары бұзылған жағдайларда жол берілмейді.
10. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына сақтандырудың жаңа саласы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға арналған лицензия берілген кезден бастап сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға бұрын берілген лицензия өзінің қолданысын тоқтатады. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандырудың жаңа саласы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға арналған лицензия алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға өзіне бұрын берілген лицензияның түпнұсқасын (бар болса) қайтаруға міндетті.
11. Сақтандыру саласын өзгерту жөніндегі іс-шаралар жоспары осы баптың 6-тармағына сәйкес оны ұзарту мерзімдері ескеріле отырып орындалмаған немесе уақтылы орындалмаған жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына осы Заңда көзделген қадағалап ден қою шаралары қолданылады. Ескерту. Заң 38-1-баппен толықтырылды - ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) заңдарымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-7832/st-38-1/