О страховой деятельности Қолданыста Заң ·№ 126 ·18.12.2000
03.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 03.07.2026 редакциясы

54-1-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы лицензиясынан айырылған жағдайда сақтандыру портфелін беру

О страховой деятельности · № 126

1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы лицензиясынан айырылған жағдайда лицензиядан айырылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде уақытша әкімшілік «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кепілдіктер берілетін сақтандыру сыныптары (түрлері) бойынша сақтандыру портфелін басқа сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына (сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына) беруді жүзеге асыруға тиіс. Уақытша әкімшіліктің өтінішхаты бойынша осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімді уәкілетті орган өзінің шешімінде көрсетілген мерзімге ұзартуы мүмкін.
2. Сақтандыру портфелін беру сақтанушының (қайта сақтанушының) келісімінсіз жүзеге асырылады.
3. Сақтандыру портфелін беру сақтандыру ұйымдары таратылған жағдайда сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның есебінен жүзеге асырылады.
4. Уақытша әкімшілік сақтандыру портфелін беру үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын (сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын) таңдау туралы қабылданған шешімді осындай шешім қабылданған күннен кейінгі алғашқы жұмыс күнінен кешіктірмей, уәкілетті органға келісуге жібереді, сондай-ақ сақтандыру портфелін берудің аяқталғандығы туралы осындай беру аяқталған күннен кейінгі алғашқы жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді. Уәкілетті орган уақытша әкімшіліктің осы шешімін алған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды. Сақтандыру портфелін қабылдайтын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сай келмеуі, оның ішінде оны қабылдау кезіне, сондай-ақ жаңадан қабылданатын сақтандыру портфелін ескере отырып, пруденциялық нормативтердің және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттердің орындалмауы уәкілетті органның уақытша әкімшілік қабылдаған шешімді келісуден бас тартуына негіз болып табылады.
5. Уақытша әкімшілік сақтандыру портфелін беру туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.
6. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы лицензиясынан айырылған жағдайда сақтандыру портфелін берудің тәртібі мен ерекшеліктері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
7. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын филиалына осы Заңның 72-1-бабында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады. Ескерту. Заң 54-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); өзгерістер енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-7832/st-54-1/