Об утверждении Правил оказания социальной помощи, установления размеров и определения перечня отдельных категорий нуждающихся граждан города Караганды Күшін жойған
Басқа 0
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Қарағанды қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» № 504 Қаулысына сәйкес әзірленген және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мақсатында Қарағанды қалалық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
Тармақ 1
1.
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Қарағанды қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидасы бекітілсін.
Тармақ 2
2.
Қарағанды қаласының әкімдігіне осы шешімді жүзеге асыру бойынша қажетті шараларды қабылдау ұсынылсын.
Тармақ 3
3.
Қарағанды қалалық мәслихатының V шақырылған II сессиясының 2012 жылғы 16 сәуірдегі № 41 «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне азаматтардың жекелеген санаттарына жыл сайынғы біржолғы материалдық көмек көрсету туралы» шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 8-1-153 болып тіркелген, 2012 жылғы 25 сәуірдегі № 051 (957) «Взгляд на события» газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
Тармақ 4
4.
Осы шешімнің орындалуын бақылау еңбек, әлеуметтік саланы дамыту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына (төрағасы Жанділ Ахуанұлы Мұқтаров) жүктелсін.
Тармақ 5
5.
Осы шешім алғашқы жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
КЕЛІСІЛДІ:
«Қарағанды қаласының
жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімі»
мемлекеттік мекемесінің басшысы
Ж. Ысқақов
2014 жылғы 27 қараша
Басқа 6
Қарағанды қалалық мәслихатының
2014 жылғы «27» қарашадағы
№ 363 шешімімен бекітілді
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Қарағанды қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау
Қағидасы
Тармақ 1
1.
Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Қарағанды қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» № 504 Қаулысына сәйкес әзірленіп және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
Тармақ 2
2.
Жергiлiктi өкiлеттi органдардың шешiмдерi бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтiк көмек көрсетудің мақсаты халықтың әлеуметтік осал санаттарының өмір сүру деңгейін қолдау және осы мақсаттарға бағытталған бюджеттік қаражатты атаулы және ұтымды қолдану болып табылады.
Тарау 1. 1-тарау. Жалпы ережелер
1-тарау. Жалпы ережелер
Тармақ 3
3.
Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
Тармақша 1
1)
атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
Тармақша 2
2)
арнайы комиссия – қиын өмірлік жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша қала әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
Тармақша 3
3)
ең төмен күнкөріс деңгейі – статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
Тармақша 4
4)
мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
Тармақша 5
5)
отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – айына отбасының әрбір мүшесіне келетін отбасының жиынтық табысының үлесі;
Тармақша 6
6)
өмірлік қиын жағдай – өз бетінше еңсере алмайтын, азаматтың әрекет етуін объективті түрде бұзатын жағдай;
Тармақша 7
7)
өкілетті орган – «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
Тармақша 8
8) өкілетті ұйым - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы;
Тармақша 9
9)
учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Қарағанды қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
Тармақша 10
10)
шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
Тармақ 4
4.
Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде қиын өмірлік жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – Алушыларға) жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) беретін ақшалай немесе заттай нысандағы көмек түсініледі.
Тармақ 5
5. «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте көрсетіледі.
Тармақ 6
6.
Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылда 1 рет) көрсетіледі.
Тармақ 7
7. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізімі:
Тармақша 1
1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні – 15 ақпан;
Тармақша 2
2) Наурыз мейрамы – 21-23 наурыз;
Тармақша 3
3) Отан қорғаушы күні – 7 мамыр;
Тармақша 4
4) Жеңіс күні – 9 мамыр;
Тармақша 5
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні – 4 маусым;
Тармақша 6
6) Астана күні – 6 шілде;
Тармақша 7
7) Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – 30 тамыз;
Тармақша 8
8) Қарттар күні – 1 қазан;
Тармақша 9
9) Республика күні – 25 қазан;
Тармақша 10
10) Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан
Тармақ 8
8.
Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін облыстық әкімдігімен бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.
Тарау 2. 2-тарау. Әлеуметтік көмек Алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
2-тарау. Әлеуметтік көмек Алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
Тармақ 9
9. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек Алушылар тізбесі:
Тармақша 1
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері:
Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілері, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілері, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілер;
Тармақша 2
2) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері:
бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда);
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлер;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
Тармақша 3
3) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және «Ленинградты қорғағаны үшiн» медалiмен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгiсiмен наградталған азаматтар;
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар;
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар;
Тармақша 4
4) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдар;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілер;
Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балалары;
Тармақша 5
5) еңбек ардагерлері:
Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлері;
«Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған адамдар;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар;
Тармақша 6
6) қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасылары;
Ауғанстандағы қимылдары кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауыруы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары;
Тармақша 7
7) Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы);
Тармақша 8
8) 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдар;
Тармақша 9
9) 1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлер;
Тармақша 10
10) Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері; екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы).
Тармақша 11
11) 75 жасқа толған және одан асқан тұлғалар;
Тармақша 12
12) Қарағанды қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балалары бар көпбалалы отбасылар;
Тармақша 13
13) адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған ауруы бар балалар;
Тармақша 14
14) туберкулез ауруы бар тұлғалар;
Тармақша 15
15) Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғалар;
Тармақша 16
16) бірінші, екінші және үшінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;
Тармақша 17
17) он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар;
Тармақша 18
18) санаторий-курорттық емделуге жеке оңалту бағдарламасы бар, әлеуметтік қызметтер Порталы арқылы санаторий-курорттық емделуге жолдаманы таңдаған он алты жасқа дейiнгi мүгедек балалар, он алтыдан он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедек балалар мен 1 топтағы мүгедектер.
Тармақша 19
19) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар, сонымен қатар көпбалалы отбасы – құрамында бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы.
Тармақ 10
10.
Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызудың негіздері:
Тармақша 1
1)
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;
Тармақша 2
2)
табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
Тармақша 3
3) жан басына шаққандағы орташа табыс ең төмен күнкөріс деңгейінің 1,5 еседен аспауы негіздеме болып табылады.
Тармақ 11
11.
Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келген кезде азаматқа әлеуметтік көмек оқиға болған кезден бастап бір жылдың ішінде ұсынылады.
Тармақ 11-1
11-1. Тұрғын үйді, көп қабатты тұрғын үйді газдандыруға біржолғы әлеуметтік көмек:
үш ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы табысы болған және оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, Қарағанды қаласында газдандыруға жататын жергілікті жеке тұрғын үйде, көп қабатты тұрғын үйде тұратын, оның жеке меншік иесі немесе жеке меншік иесінің отбасы мүшелері болып табылатын жасы бойынша зейнеткерлерге, бірінші, екінші және үшінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға, көп балалы аналарға және көп балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жетім баланың (жетім балалардың) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың (балалардың) қамқоршыларына немесе қорғаншыларына жүргізіледі. Тұрғын үйдің меншік иелері болып табылатын жалғыз тұратын зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдар үшін біржолғы көмек табыс есебінсіз көрсетіледі.
Әлеуметтік көмектің көлемі газ құбырын орнату және жүргізуге байланысты өтініш берушінің нақты шығындарының негізінде анықталады.
Біржолғы әлеуметтік көмек газ жабдықтарын орнатуға шарт жасалған сәттен бастап бір жыл ішінде беріледі.
Тармақ 12
12.
Әлеуметтік көмектің шекті шамасы 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерін құрайды.
Тармақ 13
13.
Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері облыстың ЖАО келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.
Тармақ 14
14.
Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.
Тарау 3. 3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
Тармақ 15
15.
Атаулы күндер мен мереке күндеріне бір уақытта бірнеше негізде әлеуметтік көмек алуға құқығы бар тұлғаларға көмектің бір түрі көрсетіледі.
Тармақ 16
16. Осы Қағиданың 9 тармағында көрсетілген санаттар бойынша «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының және өзге ұйымдардың ұсынымымен атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тізімі бойынша өтініштер талап етілмей көрсетіледі.
Тармақ 17
17. Өмірде қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне өтінішке қоса мынадай құжаттармен:
Тармақша 1
1) жеке басын куәландыратын құжатпен;
Тармақша 2
2) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтермен;
Тармақша 3
3) өмірде қиын жағдайдың туындағанын растайтын актімен және/немесе құжатпен қоса өтініш береді.
Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер ұсынылмайды.
Тармақ 18
18. Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары ұсынылады, содан кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
Тармақ 19
19.
Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі өтініш келіп түскен кезде «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
Тармақ 20
20. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген, Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларының 2 және 3 қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жібереді.
Тармақ 21
21.
Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
Тармақ 22
22.
Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі тиісті мәліметтерді қамтитын өзге өкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.
Тармақ 23
23.
«Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі учаскелік комиссиядан құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
Тармақ 24
24.
Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
Тармақ 25
25.
«Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Осы Қағидалардың 21 және 22 тармақтарында көрсетілген жағдайларда «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекетік мекемесі өтініш берушіден құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Тармақ 26
26.
«Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіге жазбаша хабарлайды.
Тармақ 27
Тармақ 27-1
Тармақ 27-2
Тармақ 27-3
Тармақ 28
28.
Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
Тармақша 1
1)
өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
Тармақша 2
2)
өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
Тармақша 3
3)
адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
Тармақ 29
29.
Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру қаланың бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Тарау 4. 4-тарау. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер
4-тарау. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер
Тармақ 30
30.
Әлеуметтік көмек:
Тармақша 1
1)
Алушы қайтыс болған;
Тармақша 2
2)
Алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
Тармақша 3
3)
Алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
Тармақша 4
4)
Алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Тармақ 31
31.
Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
Тармақ 32
32.
Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.
Тарау 5. 5-тарау. Қорытынды ереже
5-тарау. Қорытынды ереже
Тармақ 33
33. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингін және есепке алуды уәкілетті орган «Е-собес» және «Әлеуметтік көмек» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорларын пайдалана отырып жүргізеді.
Басқа 1. Өтініш берушінің отбасы құрамы туралы мәліметтер
Әлеуметтік көмек көрсетудің,
оның мөлшерлерін
белгілеудің және Қарағанды
қаласындағы мұқтаж
азаматтардың жекелеген
санаттарының тізбесін
айқындау Қағидасына
1 қосымша
Отбасыны тіркеу нөмірі ____________
Өтініш берушінің отбасы құрамы туралы мәліметтер
Басқа 2. Өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты адамның (отбасының) мұқтаждығын айқындауға арналған тексеру АКТІСІ
Қарағанды қалалық
мәслихатының 2014 жылғы
27 қарашадағы № 363
шешімімен бекітілген,
әлеуметтік көмек көрсетудің,
оның мөлшерлерін
белгілеудің және Қарағанды
қаласындағы мұқтаж
азаматтардың жекелеген
санаттарының тізбесін
айқындау Қағидасына
2 қосымша
Өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты адамның (отбасының) мұқтаждығын айқындауға арналған тексеру АКТІСІ
Басқа 3. № ______ Учаскелік комиссияның қорытындысы
Әлеуметтік көмек көрсетудің,
оның мөлшерлерін
белгілеудің және Қарағанды
қаласындағы мұқтаж
азаматтардың жекелеген
санаттарының тізбесін
айқындау Қағидасына
3 қосымша
№ ______ Учаскелік комиссияның қорытындысы