Об утверждении Правил ведения персонифицированного учета обязательных пенсионных взносов, обязательных профессиональных пенсионных взносов и (или) пени Күшін жойған
Басқа 0
Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды дербестендірілген есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Тармақ 1
1. Қоса беріліп отырған Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды дербестендірілген есепке алуды жүргізу қағидалары бекітілсін.
Тармақ 2
2. Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
Тармақша 1
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
Тармақша 2
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға баспа және электрондық түрде жіберуді;
Тармақша 3
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
Тармақша 4
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
Тармақ 3
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі С.Қ. Жақыповаға жүктелсін.
Тармақ 4
4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
______________ Ә. Исекешев
2016 жылғы «__»______________
Басқа 0
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2016 жылғы 12 қаңтардағы
№ 12 бұйрығымен
бекітілген
Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды дербестендірілген есепке алуды жүргізу қағидалары
Тармақ 1
1. Осы Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды дербестендірілген есепке алуды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды дербестендірілген есепке алуды жүргізуді айқындайды.
Тармақ 2
2. Осы Қағидаларда мынадай
негізгі ұғымдар пайдаланылады:
Тармақша 1
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
Тармақша 2
2) әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
Тармақша 3
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – БЖЗҚ) – зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
Тармақша 4
4) мiндеттi зейнетақы жарналары – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен БЖЗҚ-ға Заңға сәйкес салынатын ақша;
Тармақша 5
5) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын, кәсіптері өндірістердің, жұмыстардың, жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген жұмыскерлердің пайдасына БЖЗҚ-ға агенттер меншікті қаражаты есебінен аударған ақша.
Тармақ 3
3. Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды дербестендірілген есепке алуды Мемлекеттік корпорация міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміндегі (бұдан әрі – бірыңғай тізім) және салымшылардың (алушылардың) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналары бойынша дерекқорындағы (бұдан әрі – дерекқор) мәліметтердің негізінде жүргізеді және әрбір салымшы (алушы) бойынша мынадай дербес деректерді қамтиды:
Тармақша 1
1) жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН);
Тармақша 2
2) салымшының (алушының) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, туған жері, жынысы, тұрғылықты мекенжайы, азаматтығы;
Тармақша 3
3) жеке басын куәландыратын құжаттың сериясы және нөмірі, көрсетілген құжаттардың берілген күні және берген органның атауы;
Тармақша 4
4) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі және берілген күні өзгергені туралы;
Тармақша 5
5) азаматтығының өзгергені, бірыңғай тізімдегі міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттардың ашылғаны немесе жабылғаны туралы;
Тармақша 6
6) салымшы (алушы) деректемелерінің, мәртебесінің өзгергені туралы;
Тармақша 7
7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1116 қаулысымен бекітілген Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерінде (бұдан әрі – № 1116 Қағидалар) белгіленген тәртіппен аударылған міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және (немесе) өсімпұлдар, сондай-ақ оларды қайтару туралы;
Тармақша 8
8) № 1116 Қағидаларда белгіленген тәртіппен агенттің атауы мен деректемелерін қоса алғанда, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер туралы.
Тармақ 4
4. Мемлекеттік корпорация:
Тармақша 1
1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2014 жылғы 22 қаңтардағы № 12-ө бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9167 болып тіркелген) Салымшылардың (алушылардың) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша дерекқорын және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізімін қалыптастыру қағидаларына сәйкес бірыңғай тізімге және дерекқорға мәліметтер мен өзгерістердің уақтылы енгізілуін қамтамасыз етеді;
Тармақша 2
2) «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бірыңғай тізімде және дерекқорда қамтылған мәліметтердің сенімді сақталуын ұйымдастырады;
Тармақша 3
3) әр айдың 10-күніне дейін уәкілетті органға салымшылардың (алушылардың) саны және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша сомалар, сондай-ақ аударылған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомалары және агенттердің саны туралы мәліметтерді ұсынады.
Тармақ 5
5. Мемлекеттік корпорация күн сайын БЖЗҚ-мен мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан бірыңғай тізімдегі салымшылардың (алушылардың) деректемелерін Жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорындағы мәліметтермен салыстырып тексеру жүргізеді.
Тармақ 6
6. Салымшылардың (алушылардың) деректемелерінде: тегінде, атында, әкесінің атында (бар болса), туған күнінде, ЖСН мен жынысында айырмашылықтар анықталған кезде Мемлекеттік корпорация салымшының (алушының) деректемелерін Жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорындағы деректермен сәйкестікке келтіреді.
Тармақ 7
7. Салымшының (алушының) деректемелері өзгергені туралы мәліметтерді БЖЗҚ-ға беру Мемлекеттік корпорация мен БЖЗҚ арасындағы шартқа сәйкес айқындалған электрондық тәсілмен бірыңғай тізімге өзгерістерді енгізген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырылады.