Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
327-бап. Айналымдағы тауарларды кепiлге салу
ГРАЖДАНСКИЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН (ОБЩАЯ ЧАСТЬ) · № 268-XIII
1. Тауарларды кепiл берушiде қалдыра отырып және кепiл берушiге кепiлге берілген мүлiктiң (тауар қорларының, шикiзаттың, материалдардың, жартылай фабрикаттардың, дайын өнiмнің және тағы басқалардың) құрамы мен нақты нысанын өзгерту құқығын бере отырып, оларды кепілге салу айналымдағы тауарларды кепiлге салу деп танылады.
2. Кепiл берушi иелiктен айырған айналымдағы тауарлар оларды алушының меншiгiне, шаруашылық жүргiзуiне немесе оралымды басқаруына көшкен кезден бастап кепiлге салынған нәрсе болудан қалады, ал кепiл берушi сатып алған, кепiл туралы шартта аталған тауарлар оларға кепiл берушiнiң меншiк немесе шаруашылық жүргiзу құқығы пайда болған кезден бастап кепiлге салынған нәрсеге айналады.
3. Тараптардың келісімі бойынша кепіл туралы шартта айналымдағы тауарлардың жалпы құны кепіл туралы шартта көрсетiлген құннан кем болмауға тиіс деген талап көзделуі мүмкін.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, айналымдағы кепiлге салынған тауарлар құнын кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң орындалған бөлiгiне мөлшерлес кемітуге жол берiледi.
4. Кепiл берушi айналымдағы тауарларды кепiлге салу шарттарын бұзған кезде кепiл ұстаушы өзiнiң белгiлерiн кепiлге салынған тауарларға қою арқылы шарттың бұзылуы жойылғанға дейiн олармен операцияларды тоқтата тұруға құқылы.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gk/st-327/