Кіру
ГРАЖДАНСКИЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН (ОБЩАЯ ЧАСТЬ) Қолданыста Кодекс ·№ 268-XIII ·27.12.1994
01.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

7-бап. Азаматтық құқықтар мен мiндеттердiң пайда болу, өзгеру және тоқтатылу негiздерi

ГРАЖДАНСКИЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН (ОБЩАЯ ЧАСТЬ) · № 268-XIII

Азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өзгереді және тоқтатылады, өйткенi, осы әрекеттер азаматтық заңнамада көзделмегенiмен, олардың жалпы бастаулары мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туындатады. Осыған сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттардан және өзге де мәмiлелерден, сондай-ақ азаматтық заңнамада көзделмегенімен, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн мәмiлелерден;
2) Қазақстан Республикасы заңнамасының күшімен азаматтық-құқықтық салдарларға алып келетін әкiмшiлiк актілерден;
3) азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеген сот шешiмiнен;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған негiздер бойынша мүлiктi жасау, жою, сатып алу немесе оны иеліктен шығару, сондай-ақ мүлікке құқықтан бас тарту нәтижесiнде;
5) өнертабыстарды, өнеркәсiптiк үлгiлерді, ғылым, әдебиет және өнер туындыларын және зияткерлік қызметтiң өзге де нәтижелерiн жасау салдарынан;
6) басқа тұлғаға зиян келтiру салдарынан, сол сияқты басқа тұлға есебiнен мүлiктi негiзсiз сатып алу немесе жинау (негiзсiз баю) салдарынан;
7) азаматтар мен заңды тұлғалардың өзге де әрекеттерi салдарынан;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасы азаматтық-құқықтық салдарлардың басталуын байланыстыратын оқиғалар салдарынан пайда болады, өзгереді және тоқтатылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gk/st-7/