Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
166-бап. Талап қоюға пікір
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Жауапкер талап қоюға қатысты дәлелдерді теріске шығаратын құжаттарды, сондай-ақ пікірдің және оған қоса берілетін құжаттардың көшірмелерін қоса тіркеп, талап қоюға пікірді сотқа ұсынады. Судья үш жұмыс күні ішінде пікірдің және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелерін талап қоюшыға және іске қатысатын басқа да адамдарға жібереді не ұсынады.
2. Пікір талап қоюдың көшірмелерін алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады.
3. Талап қоюға пікірді талап қоюшы мәлімдеген талапқа мүдделерінің қатысы бар іске қатысатын өзге тұлғалар да ұсынуға құқылы.
4. Пікірде:
1) талап қоюшының атауы, оның орналасқан жері немесе тұрғылықты жері;
2) жауапкердің атауы, оның орналасқан жері; егер жауапкер азамат болып табылса, онда оның тұрғылықты жері көрсетіледі;
3) оларды негіздейтін дәлелдемелерге сілтеме жасала отырып, мәлімделген талаптардың мәні бойынша дәлелдер;
4) пікірге қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетіледі.
Өкіл ұсынатын және қол қойған пікірде, осы бөліктің 1) – 4) тармақшаларында көрсетілген талаптардан басқа, қарсылықтар соған сәйкес негізделген дәлелдемелерге және заң нормасына сілтеме болуға тиіс. Пікірде істі дұрыс және уақтылы қарауға қажетті телефондардың, факстердің нөмірлері, электрондық поштаның мекенжайлары мен өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
5. Жауапкердің пікірді және дәлелдемелерді ұсынбауы істегі бар дәлелдемелер бойынша істі қарауға кедергі болмайды.
6. Пікірге жауапкер немесе оның өкілі қол қояды. Өкіл қол қойған пікірге сенімхат немесе оның өкілеттігін растайтын өзге де құжат қоса беріледі.
Электрондық құжат нысанында берілген пікір жауапкердің немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанында берілетін пікірге осы бапта көрсетілген құжаттардың көшірмелері электрондық нысанда қоса беріледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-166/