Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан Қолданыста Кодекс ·№ 377-V ·31.10.2015
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

198-бап. Iстi талқылауды кейiнге қалдыру, сот отырысындағы үзіліс

Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V

1. Істі қарауды кейінге қалдыруға:
1) егер сот осы Кодекстің 196 және 197-баптарында көзделген тәртіппен – процеске қатысушылардың біреуінің келмеуі салдарынан істі осы сот отырысында қарау мүмкін емес деп таныған;
2) осы Кодекстің 188-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіп қолданылатын істі талқылау кезінде қатысушылар тәртіпті жаппай бұзған;
3) осы Кодекстің 153-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен –қарсы талап қойылған;
4) осы Кодекстің 73-бабында көзделген тәртіппен қосымша дәлелдемелерді ұсыну немесе талап ету қажет болған;
5) қатысушылардың сот отырысына келуіне кедергі келтіретін не оған мүмкіндік бермейтін күтпеген және төтенше мән-жайлар туындаған жағдайларда жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт бойынша міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының уәкілетті органынан оның баланы Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткендігі немесе баланың Қазақстан Республикасында ұсталып отырғандығы туралы арыз алғаны туралы жазбаша хабарлама келіп түскен жағдайда сот осы бала туралы дауға байланысты істі талқылауды отыз күнге кейінге қалдыруға міндетті. Егер бала көрсетілген халықаралық шарт осы балаға қатысты қолданылуға жатпайтын жасқа толмаса, хабарламаға арыздың көшірмесі қоса берілуге тиіс.
3. Iс кейiнге қалдырылған кезде iстiң жаңа сот отырысында қаралуын және шешiлуiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн уақыт ескерiле отырып, жаңа сот отырысының күнi белгiленедi, бұл туралы келген адамдарға қол қойдыру арқылы хабарланады. Келмеген және процеске қатысуға жаңадан тартылған тұлғаларға жаңа сот отырысының уақыты мен орны туралы шақыру қағазы (хабар) жiберiледi.
4. Істі талқылау кейінге қалдырылғаннан кейін іс басынан қайта қаралады. Егер тараптар процеске барлық қатысушының түсініктемелерін қайталауды талап етпесе, сот оларды толықтыруға және қосымша сұрақтар қоюға мүмкіндік бере отырып, бұрын тыңдалған түсініктемелерді қайталамастан, оларды растаумен шектелуге құқылы.
5. Сот іске қатысатын адамдардың пікірін ескере отырып, істі қарауды жалғастыруға және (немесе) жұмыстан тыс уақытта шешім шығаруға құқылы.
6. Сот отырысында үзіліс жариялануы мүмкін, оның ұзақтығы іске қатысатын адамдардың пікірі ескеріле отырып, айқындалады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-198/