Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан Қолданыста Кодекс ·№ 377-V ·31.10.2015
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

23-бап. Азаматтық істердің соттарға ведомстволығы

Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V

1. Егер осы Кодекске және басқа да заңдарға сәйкес бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау өзгеше тәртіппен жүзеге асырылмаса, соттар оларды қорғау туралы істерді азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарайды және шешеді.
2. Азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, қаржы, шаруашылық, жер қатынастарынан және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша талап қою ісін жүргізудің азаматтық істері соттардың ведомстволығына жатады.
3. Осы Кодексте көзделген ерекше талап қою ісін жүргізу істері соттардың ведомстволығына жатады.
4. Санаттары осы Кодексте көзделген ерекше жүргізілетін істер соттардың ведомстволығына жатады.
5. Егер заңда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда немесе тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік ұйымдар қатысатын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар қатысатын істер соттардың ведомстволығына жатады.
6. Шетелдік соттардың шешімдерін, сот бұйрықтарын және төрелік шешімдерді тану және орындау туралы істер соттардың ведомстволығына жатады.
7. Төрелік шешімдердің күшін жою туралы және осындай шешімдерді мәжбүрлеп орындауға жіберу туралы істер соттардың ведомстволығына жатады.
8. Азаматтық істердің басқа санаттары да заңға сәйкес соттардың ведомстволығына жатқызылуы мүмкін.
9. Мына:
1) қылмыстық істі тергеу кезінде қылмыстық қудалау органы;
2) соттың тәркілеуге жататын нәрселер көрсетілген мүлікті тәркілеу туралы, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған не заңсыз жолмен алынған қаражатқа сатып алынған, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау заты немесе құралы болып табылатын мүлікті мемлекеттің кірісіне айналдыру туралы үкімі (қаулысы) негізінде;
3) соттың әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәрсесін немесе затын тәркілеу туралы қаулысы негізінде салынған, адамдардың мүлкіне қатысты мүлікті тыйым салудан босату (тізімдемеден шығару) туралы талап қоюлар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды. Қылмыстық процесті жүргізетін орган әрекеттерінің заңдылығы, мүлікке тыйым салуға, оны тәркілеуге, мемлекеттің кірісіне айналдыруға қатысты мәселелер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен тексерілуге жатады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-23/