Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан Қолданыста Кодекс ·№ 377-V ·31.10.2015
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

252-1-бап. Салық органының қаулысын санкциялау

Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V

1. Заңда белгіленген жағдайларда салық органы соттың санкциялауына жататын заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің бірінші басшысының (оны алмастыратын адамның), дара кәсіпкердің және жеке практикамен айналысатын адамның Қазақстан Республикасынан кетуін уақытша шектеу туралы қаулы, мұндай шектеуді тоқтата тұру туралы, оның күшін жою туралы қаулы шығарады. Қаулыда санкцияланатын әрекеттерді қабылдау қажеттілігін туғызған себептер мен негіздер жазылуға тиіс.
2. Соттың санкциялауына жататын қаулыны салық органы заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, дара кәсіпкердің және жеке практикамен айналысатын адамның тұрғылықты жері бойынша сотқа ұсынады. Қаулыға санкцияланатын әрекеттерді қабылдау негізділігін растайтын материалдар қоса беріледі.
3. Сот салық органының қаулысын материалдар санкциялауға келіп түскен кезден бастап үш жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.
4. Салық органының қаулысын және оған қоса берілген материалдарды қарап, сот заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің бірінші басшысының (оны алмастыратын адамның), дара кәсіпкердің және жеке практикамен айналысатын адамның Қазақстан Республикасынан кетуін уақытша шектеуге, мұндай шектеуді тоқтата тұруға немесе күшін жоюға санкция береді не санкция беруден бас тартады. Санкция беру салық органының қаулысына судьяның қолтаңбасымен куәландырылатын «Санкциялаймын» деген сот мөртабанын басу арқылы жүзеге асырылады. Санкция беруден бас тартқан жағдайда, судья санкция беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Сот салық органының электрондық құжат нысанында ұсынылған қаулысына санкция беруді судьяның электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландыру арқылы жүзеге асырады. Санкция беруден бас тартқан жағдайда, судья электрондық құжат нысанында санкция беруден бас тарту туралы уәжді ұйғарым шығарады.
5. Салық органының сот санкциялаған қаулысына Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін. Қаулыға санкция беруден бас тарту туралы сот ұйғарымына шешімі түпкілікті болып табылатын апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-252-1/