Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
342-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарына мәжбүрлеп емдеуге жатқызу туралы арызды қарау
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарына мәжбүрлеп емдеуге жатқызу туралы арызды судья арыз іс жүргізуге қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның орналасқан жері бойынша қарайды.
2. Іс мәжбүрлеп емдеуге жатқызуға жіберілетін, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның, істің қозғалуына бастамашы болған денсаулық сақтау және ішкі істер органдары өкілдерінің, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның туыстарының, жұбайының (зайыбының), қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен қаралады.
Өзіне қатысты психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарына мәжбүрлеп емдеуге жатқызуға жіберу туралы іс қозғалған, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам сот отырысына келуден жалтарған жағдайда, сот оны ішкі істер органдары арқылы мәжбүрлеп әкелдіреді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-342/