Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
370-бап. Істі сот талқылауына дайындау
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда судья арыз берушіні өзінің есебінен бұқаралық ақпарат құралдарында (аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі, Интернет желісінде, телевидениеде) жоғалған ордерлік бағалы қағаздар бойынша құқықтарды қалпына келтіру туралы іс қозғалғаны туралы жарияланым жасауға міндеттейді.
Жарияланым сот белгілеген мерзімде жүргізіледі және:
1) құжаттың жоғалғаны туралы арыз келіп түскен соттың атауын;
2) арыз берген тұлғаның және оның мекенжайының көрсетілуін;
3) құжаттың атауы мен ерекше белгілерін;
4) жоғалғаны туралы мәлімделген құжатты ұстаушыға жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзімде сотқа осы құжатқа өз құқықтары туралы арыз беру ұсынысын қамтуға тиіс.
2. Арыз беруші бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланым туралы растауды ол орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей сотқа ұсынуға міндетті. Жарияланым туралы растауды ұсынбау арызды қараусыз қалдыруға әкеп соғады.
3. Сот ұйғарымның көшірмесін құжатты берген адамға, тізілім ұстаушыға және арыз берушіге жібереді.
4. Судья арызды қабылдағаннан кейін құжатты берген адамға ол бойынша төлемдер жүргізуге немесе оны беруге тыйым салу туралы ұйғарым шығарады және ұйғарымның көшірмесін құжатты берген адамға, тізілім ұстаушыға және орталық депозитарийге жібереді.
Ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-370/