Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан Қолданыста Кодекс ·№ 377-V ·31.10.2015
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

387-бап. Арыз беру

Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V

1. Азаматтық іс бойынша толық не бір бөлігі жоғалған, шешім шығарумен немесе тоқтатумен аяқталған сот ісін жүргізуді немесе атқарушылық іс жүргізуді қалпына келтіруді сот осы тарауда белгіленген тәртіппен жүргізеді.
2. Сот ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы арызды даудың мәні бойынша шешім шығарған не іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарған сотқа іске қатысатын адамдар не прокурор береді.
3. Жоғалған атқарушылық іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызды атқарушылық іс жүргізу тараптары, сот орындаушысы не прокурор орындалатын жері бойынша сотқа береді.
4. Арызда арыз берушінің нақты қандай іс жүргізуді қалпына келтіруді сұрайтыны, соттың мәні бойынша шешім қабылдағаны не іс бойынша іс жүргізудің тоқтатылғаны, онда арыз берушінің қандай процестік жағдайда болғаны, іс бойынша тағы да кімдердің және қандай процестік жағдайда қатысқаны, олардың орналасқан не тұратын жері, арыз берушіге жоғалған іс жүргізудің мән-жайларынан ненің белгілі екені, іс жүргізу құжаттары көшірмелерінің немесе олар туралы мәліметтердің тұрған орны туралы, арыз берушінің нақты қандай құжаттарды қалпына келтіруді қажет деп есептейтіні, оларды қалпына келтіру қандай мақсат үшін қажет екені көрсетілуге тиіс.
5. Арызға сақталып қалған және іске қатысты құжаттар немесе олардың көшірмелері, тіпті егер олар белгіленген тәртіппен куәландырылмаса да қоса беріледі.
6. Жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызға мемлекеттік баж төленбейді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-387/