Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан Қолданыста Кодекс ·№ 377-V ·31.10.2015
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

467-бап. Шетелдік тұлғалар қатысатын Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыреті

Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V

1. Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне:
1) Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүлік құқығына байланысты істер;
2) егер тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының аумағында болса, тасымалдаушыларға тасымал шарттарынан туындайтын талап қою жөніндегі істер;
3) егер ерлі-зайыптылардың екеуінің де Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болса, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетел азаматтарымен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некесін бұзу туралы істер жатады.
2. Қазақстан Республикасының соттары ерекше іс жүргізу істерін:
1) фактіні анықтау туралы іс бойынша арыз берушінің Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері болған немесе анықталуы қажет факт Қазақстан Республикасының аумағында орын алған немесе орын алатын;
2) өзіне қатысты бала асырап алу туралы, әрекетке қабілеттігін шектеу немесе оны әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау (эмансипация) туралы, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарына мәжбүрлеп емдеуге жатқызу туралы, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамды мәжбүрлеп емдеуге жатқызу мерзімін ұзарту, туберкулезден мәжбүрлеп емдеу туралы арыз берілген азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері болған;
3) өзіне қатысты хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы мәселе қойылған азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не Қазақстан Республикасының аумағында соңғы белгілі тұрғылықты жері болған және бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бар азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін анықтау осы мәселенің шешілуіне байланысты болған;
4) Қазақстан Республикасының аумағындағы затты иесіз деп тану туралы арыз берілген;
5) бағалы қағазды жоғалды деп тану туралы және оған тиісті құқықтарды қалпына келтіру (шақыртып іс жүргізу) туралы берілген арызды Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе орналасқан азамат немесе ұйым берген;
7) шағым жасалып отырған нотариаттық әрекеттерді (оларды жасаудан бас тартуды) Қазақстан Республикасының нотариусы немесе басқа да органы жасаған жағдайларда қарайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-467/