Қолданыста
·
12.07.2026 редакциясы
476-бап. Құқықтық көмек туралы тапсырмалар
Гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан · № 377-V
1. Қазақстан Республикасының соттары заңнамада және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделетін көлемде құқықтық көмек көрсетеді.
Құқықтық көмек көрсету, хабарламаларды, басқа да құжаттарды тапсыруды және жіберуді, сондай-ақ өзге де процестік әрекеттерді орындауды, атап айтқанда, тараптарды, куәгерлерді тыңдауды, сараптама жүргізуді, сол жерде қарап-тексеруді, орындалуы құқықтық көмек көрсету шеңберінде заңнамада немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта не өзара негізде көзделген басқа да процестік әрекеттерді қамтиды.
2. Қазақстан Республикасының соттары:
1) тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының егемендігіне нұқсан келтіретін немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төндіретін;
2) тапсырмаларды орындау соттың құзыретіне кірмейтін жағдайларды;
3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, өздеріне заңда немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта не өзара негізде көзделген тәртіппен берілген жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы шетелдік соттардың тапсырмаларын орындайды.
3. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, шетелдік соттардың жекелеген процестік әрекеттерді орындау туралы тапсырмаларын орындау осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
4. Қазақстан Республикасының соттары жекелеген процестік әрекеттерді орындау туралы тапсырмалармен шетелдік соттарға жүгіне алады.
5. Қазақстан Республикасы соттарының шетелдік соттармен қарым-қатынас жасау тәртібі заңда немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда не өзара негізде айқындалады.
6. Қазақстан Республикасы соттарының құқықтық көмек көрсетуі туралы заңнамасының қолдануын және шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмекке жүгінуді егжей-тегжейлейтін нұсқаулықты сот әкімшілігі саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган бекітеді.
7. Шет мемлекеттердің соттары мен құзыретті органдарынан Қазақстан Республикасының соттарына жолданған құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуларды қабылдауды, егер бұл Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделсе, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган, Қазақстан Республикасының өзге де құзыретті органдары жүзеге асыра алады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/gpk/st-476/